Сараптама • 07 Ақпан, 2025

Қаражат бәріне қолжетімді ме?

270 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Алда – кезекті көктемгі дала жұмысы. Өкінішке қарай, отандық фермерлерді қолдау тетіктері әлі де әлсіз. Субсидия төлеудегі әділетсіздік, несие туралы ақпараттың аздығы, техника құнының шарықтап кетуі, экспортқа өнім шығарудың тиімсіздігі, тағысын тағы мәселелер диқан қауымның кежегесін кейін тартып тұр.

Қаражат бәріне қолжетімді ме?

Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»

Несібеден қағылған фермерлер

Сәуір айында егіс танаптарында диқан қауым ылғал жабу, мамырдың соңын ала тұқым себу іс-шарасына жұмылады. Бұл жұмыс тыңғылықты әзірлік пен қаржылай қолдауды қажет етеді. Егін шаруашылығын қолдауға мемлекет қазынасынан қаражат миллиардтап бөлінгенімен, оның пайдасын түкпірдегі ауыл-аймақтың тұрғындары аса сезіне қоймайтындарын жиі айтады. Бұл орайда еліміздегі астықты өңірлердің қатарынан саналатын Павлодар облысы фермерлерінің айтар базынасы баршылық.

Ертіс-Баян өңірінде егін салумен 1 385 шаруашылық айналысса, олардың 48-і ғана ірі шаруашылық (жалпы саннан 3,5%) болып есептеледі. Өкінішке қарай, мемлекеттен бөлінетін миллиардтаған субсидияның тең жартысын аталған 48 шаруашылық иеленіп отыр. Тарқата айтсақ, былтыр өңірге берілген 9,4 млрд теңгенің 4,7 млрд теңгеден астамын солар иеленген. Қалған бөлігін 1 337 фермер қанағат еткен.

Тағы бір мәселе – өткен жылы тұқым, тыңайтқыш пен гербицид сатып алуға төленетін демеуқаржыны, жалпы сомасы 14,6 млрд теңге субсидияны шаруа­лар әлі көр­ген жоқ. Мұндай мәселеге кезіккендер – толы­ғымен орта және ұсақ шаруалар. Қолдау қара­жатынан дәмеле­ніп, субсидияға өтінім тап­сырғандардың құжаты жыл соңында кері қайтарылған жайттар да кездесіп отыр. «Құжатыңыз толық емес» деген сылтау жиі айтылады. Алайда өтінім толтырылған мезетте құжаттардың толық пакетін қабылдап алған мамандардың бұл туралы ешбір ескерту айтпайтыны таңғалдырады. Сайып келгенде, фермерлер түсініксіз жағдайда тиесілі қаражаттан қағылып жатыр.

 

«Бізге техниканың құнын арзандатқаны керек»

«Болашақ-Жайма» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің өкілдері өткен егін маусымынан түк табыс таппағанын, керісінше, шығынға батып отырғанын жеткізді. Шаруашылық 2 мың гектарға егін салады. Кооператив басшысы Абылай Жүнісов былтыр бидайдың килосын 55–60 теңгеден өткізген. Техникаға, егіске бірнеше бағытта берілетін субсидия төлемдері әлі күнге түспеген. Салдарынан шаруашылық өз қызметкерлерінің еңбекақысын әрең тауып беріп отыр.

«Субсидия орта және шағын шаруа­шы­лықтарды нағыз сарсаңға салатын дүние болып тұр. Көп жағдайда суб­сидияға өтінім беретін «Gosagro.kz» порталы дұрыс жұмыс істемей тұрады немесе қанша тырыссақ та мерзіміне үлгермей қаламыз. Жауапты мекемелерде отырғандар ақыр-соңы субсидия ақшасы бітіп қалды дейді. Өкінішке қарай, құ­жатты өз бетімен жинаған фермерлер суб­си­диядан құр қалып қояды да, араға делдал салғандардың, ірі шаруашылықтар­дың қалтасы қампайып шығады. Біз сияқты­лар үнемі резервте тұрамыз. Бұл барып тұр­ған әділетсіздік дер едім. «Телеграм» мес­сенджерінде фермерлерге онлайн кеңес беретін арналардың аты бар да, заты жоқ. Мүлде жұмыс істемейді, кері байланысқа шықпайды. Бұл бір. Екіншіден, техника құнын субсидиялау пайда болғалы ауыл шаруашылығы техникаларының бағасы тіпті аспандап кетті. Техникаға субсидия төлегенше, Үкімет оның құнын түсіруге әрекеттенгені абзал», дейді фермер.

«Болашақ-Жайма» орналасқан Баян­ауыл ауданында 600-ге жуық шаруашылық бар болса, былтыр солардың небәрі екеуі ғана несиеге жаңа техника сатып алған. Өзгесінің қымбат техниканы алуға шамасы жоқ немесе алған күннің өзінде несиені төлеуге әлеуеті жетпейді. Аудандағы ауыл шаруашылығы техникаларының 95%-дан астамы тозып тұр. Осыдан төрт-бес жыл бұрын 4 млн теңге тұрған МТЗ-80 тракторының құны бүгінде екі жарым есе қымбаттап, 10 млн теңгеге жеткен. Ал диқандардың арманына айналған заманауи себу кешендерінің қазіргі құны 100 млн теңгенің үстіне шығып кетеді. Мұндай шығынды ұсақ шаруашылықтың қалтасы қайтіп көтерсін...

«Өз мысалымда айтайын, былтыр ­80 млн теңгеге 8 дөңгелекті «Бюлер» себу ке­ше­нін несиеге сатып алдым. Тіркейтін қосымша агрегаттарын қоса есептегенде 100 млн теңгеге жетті. Үкімет инвестициялық субсидия төлейміз, техниканың 30%-ын өтеп береміз дегенге сеніп, «ҚазАгроҚаржы» арқылы лизингке алғанбыз. Жыл соңына дейін түседі деген субсидия әлі жоқ. Техни­каның алғашқы жарнасын соның есебінен жабамын деген үмітім күлге айналды. Енді қаржы ұйымы жарнаны кешіктіргенің үшін тұрақсыздық айыбын төлейсің дейді. Мұндай жағдайда белгілі бір шешімдер болуы керек қой. Мұндай проблеманы аудандағы «Алтынторы» шаруа қожалығы да бастан кешіп отыр. Тек техниканың инвестициялық субсидиясы емес, күнбағыс тұқымына төленуге тиіс 2,5 млн теңге субсидияны да ала алмай отырмын. Күнбағыс тұқымын былтыр Ресейден алдым, себебі отандық тұқым қымбат», деп мұңын шақты Абылай Жүнісов.

 

Делдалдарды тәртіпке шақыру керек

Мәжіліс депутаты, «Қазақстан фермерлер одағы» қауымдастығының басқарма төраға­сы Жигули Дайрабаев Мемлекет бас­шы­сының тапсырмасы бойынша көктемгі егі­с­ке бөлінген 700 млрд теңгені несие түрін­де үлестіру баяу жүріп жатыр деп есеп­тейді. Елімізде 300 мыңнан астам әртүрлі фор­ма­дағы шаруашылық бар. Оларға қаражат шұғыл түрде қолжетімді болуға тиіс.

«Мемлекеттің субсидия бойынша шаруалар алдындағы қарызы бүгінде мәселеге айналып тұр. Фермерлер өз шығындарынан бөлек, «Азық-түлік ке­лі­сімшарт корпорациясына», «Даму» қоры, «ҚазАгроҚаржы» және өзге де қар­­жы институттарына қарыз. Олар­дың қиын жағдайын ескеріп, бюджет қаржысы осы мәселені шешуге ба­ғыт­­­талуы керек. Президентіміз агро­ке­­шен­ді қаржыландыруды 1,5 трлн тең­геге жет­­кізуді, соның ішінде ауыл ша­руа­шы­лығы техникаларының кемі 8–10%-ын жаңарту үшін 450 млрд теңге бөлуді тап­­сырған еді. Биыл техника сатып алуға 200 млрд теңге қарастырылып отыр. Алай­да министрліктер арасындағы келісу үдерісі ұзаққа созылып кетеді. Ауыл шаруашылығы министрлігінің құзыреті шектеулі, сондықтан өзге ведомстволар оған көмектесуі керек. Былтыр 26 млн тонна астық жинап, қайда жіберерімізді білмей қатты састық. «Азық-түлік келісімшарт корпорациясында» астық сатып алатын қаражат тапшы екені байқалды. Қыс ортасында картоп қымбаттап еді, бәріміз дүрлігіп шыға келдік. Фермерлер артық ақшаны қалтасына басып жатқан жоқ, бұл – делдалдардың қитұрқысы. Ендеше, бұдан шығатын қорытынды – жауап­ты ор­гандар ойына келген баға­ны қойып, тұ­тынушылар арасында алаң­дау­шылық ту­ды­ратын делдалдарды жаза­лау­мен нақ­ты ай­налысуға тиіс», дейді қа­уым­дас­тық төрағасы.

 

Экспорт неге оңбай тұр?

Мәжілістегі Аграрлық мәселелер коми­­тетінің мүшесі Нұржан Әшімбетов эли­та­лық, жоғары репродукциялы тұқым­дар­ды сатып алуға қаражаты болмай, арзан тұқымды алып, салдарынан өнімі нашар шығатын шаруалардың жағдайын ең әуелгі кезекте назарға алу керек деген пікір­де. Мұндай фермерлер субсидияға іліге алмайды.

«Мемлекет басшысы былтыр Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің бірінші форумында диқандарға қаражатты жел­тоқ­сан айынан бастап үлестіру керек деген тап­сырма беріп, нәтижесінде, «Кең дала 2» бағ­дарламасы екі айдан бері фермерлер­ге­ 5%-бен арзан несие ұсынып жатыр. «Даму» қоры кепілге қоятын мүлкі жоқ шаруа­лардың несие сомасының 80%-ына дейін кепілдік береді. Арзандатылған жанар-жағармай, тұқым қоры алдын ала жасақталады. Қаржыландыру алғаш рет көктемгі егісті жүргізуден бұрын басталды. Бұл фермерлерге тұқымды, тыңайтқышты алдын ала сатып алуға, техниканы дайын­дауға және барлық қажетті жұмысты сапалы жүргізуге мүмкіндік береді. Былтыр күзде мол өнімді сата алмағанда, ең әуелі шағын шаруашылықтардың астығын өткізуге мән берілді. Мұндай қолдау үнемі жетілдіріп, тұрақты түрде жалғасып жатыр. Бірақ ұсақ шаруаларда мәселе әлі де баршылық. Оларға жан-жақты консультация жетіспейді. Құжат мәселесі де бар. Жергілікті әкімдіктер мен жауапты ұйымдар осыған назар аударуға тиіс», дейді Мәжіліс депутаты.

Нұржан Кемерұлының пікірінше, диқандар егісті әртараптандыруды жалғас­ты­ра беруі қажет. Майлы дақылдарды көбірек өсіруге, оларды сырттан сатып алушыларды табуға ұмтылған абзал.

«Елімізде бидайдың тоннасы 90–100 мың теңге болса, күнбағыс дәнінің тоннасы 150 мың теңгеден кем болып көрген емес. Қытай мемлекеті оны бізден 250 мың теңгеге сатып алады. Алайда бұл жерде өнімді қайта өңдейтін отандық кәсіпорындардың қитұрқы лоббиі бар. Бізде күнбағыс майын шығаратын небәрі 5 зауыт бар. Солардың ұсынысымен Үкімет экспортқа шығарылатын әр тонна күнбағыс дәніне 100 еуро баж салығын белгілеп қойған. Бұл дегеніміз диқанға шамамен 55 мың теңге қосымша шығын әкеледі. Салдарынан күнбағысты экспортқа өткізу қымбатқа шығады. Күнбағыс дәнін өзіміздің зауыттар бәрібір толық өңдей алмайды, көп бөлігі қоймада қалып қояды. Салдарынан шаруашылықтар баж салығын төлеп, ұтылып отыр. Бұл парадокс­ты жою керектігін жауапты министрлікке талай мәрте ескерттік», деп қосты депутат.

 

Несие алудың машақаты

Өңірлік Ауыл шаруашылығы басқар­масының басшысы Дархан Доща­нов­тың мәліметінше, 2024 жылы агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 82 млрд теңгеден астам қаражат, оның ішінде субсидиялауға 32,2 млрд теңге бағытталған.

«Әр шаруашылық өзінің өндіріс көле­міне сәйкес субсидия ала алады, жер көлемі бойынша да шектеу жоқ. Соңғы бірнеше жылда субсидия төленетін плат­фор­маға жаңашылдық енгізілді. Яғни бюд­жет­те қаражат болмаса да, ауыл шаруа­шы­лығы субъектілері өтінімдерін жолдай береді. Сондықтан өткен жылдың қорытындысы бойынша күту парағында 14,6 млрд теңге сомасына субсидия бойынша берешегіміз бар және ол биылғы қаңтар айынан бастап төленіп жатыр», дейді Дархан Дощанов.

Егін шаруашылығын қолдауға биыл облыста 4,1 млрд теңге субсидия қарал­ған. Субсидия алу үшін фермерлер мемле­кет­тік ақпараттық жүйесі арқылы, яғни «Gosagro.kz» платформасында өтінім береді. «Заңды тұлғалар» немесе «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорларымен ақпараттық өзара іс-қимылы нәтижесінде расталған жеке шоты болу қажет. Субси­дияланатын тауарға немесе техника мен жабдықтауыштарға, құрылыс кезінде жұм­салған шығындар расталуға тиіс. Өтінім басқармада тіркелген сәттен бастап 14 күн ішінде қаралып, субсидия алу шарттарына сәйкес оның қабылданғаны расталады не теріс шешім шығарылады.

Қаңтар айында Ертіс-Баян өңірінің шаруа­лары несие бағдарламалары ар­қы­лы 2,5 млрд теңге қаражат алып үлгерген. Оның 2,3 млрд теңгесі «Кең дала 2» аясында ресімделген. Бұл туралы «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстық филиа­лының директоры Ардақ Таңжарық хабардар етті.

Бірақ Екібастұздың ауылдық аймағы, Баянауыл, Тереңкөл, Май, Шарбақты аудандарының фермерлері әзірше аталған бағдарламаға өтінім бермеген. Филиал басшысы ұсынған қажетті құжаттар пакетін шолып отырып, диқандар үшін шынымен несие алу үдерісі машақатты шаруа екенін түсіндік. ЖШС, кооперативтерді былай қойғанда, шаруа қожалығы, фермерлік шаруашылық, жеке кәсіпкерліктер жеке басты куәландыратын құжаттардан бөлек, салық, несие төлемдері мен несие тарихы, жер мен техникаға, төрт түлікке, вете­ринарлық ахуалға, жеткізушімен айна­лым қаржысы туралы жасаған келісім­шартқа (жанар-жағармай, тұқым, қосалқы бөлшектер, тыңайтқыштар және т.б.) қа­тысты құжаттарды, бизнес жоспар немесе техника-экономикалық негіздеме, тағы­сын-тағы құжаттарды тапсыруы керек. Бұл алғашқы кезектегі құжаттар ғана. Одан соң несиені кепілмен қамтамасыз ету, нотариалдық куәландыру бойынша да қаншама құжаттар жинау керек болады. Мұның барлығы қыруар уақытты қажет етеді. Онсыз да алдағы егістің жайын ойлап басы қатып жүрген диқанды құжат машақатынан құтқаратын әмбебап жүйе табылмай тұрғаны өкінішті.

 

Павлодар облысы 

Соңғы жаңалықтар

Аталар дәстүріне адалдық

Өшпес даңқ • Бүгін, 11:20

Жезді жәдігерлері

Көрме • Бүгін, 11:00

Елімізде 3 300 Жеңіс бар

Қоғам • Бүгін, 10:50

Құрметке лайық жандар

Инфографика • Бүгін, 10:30

Тарихи кездесу

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:50

Қызылжар қырандары

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:40

Ерікті болу – елдік іс

Архив • Бүгін, 09:30

Мәншүк есімі – АҚШ мұрағатында

Өшпес даңқ • Бүгін, 09:20

Бел жазбай жұмыс істеген балалар

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:50

Ерлердің еңселі ескерткіші

Аймақтар • Бүгін, 08:45

Отыз жасында опат болған оғлан

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:40

Жеңіске ерекше үлес қосқан өңір

Аймақтар • Бүгін, 08:30

Момышұлы ардақ тұтқан Мұхаметқұл

Өшпес даңқ • Бүгін, 08:20

Аңдатпа

Аңдатпа • Бүгін, 08:15