
Суретті түсірген – Ерлан ОМАР, «EQ»
Елдегі 5,7 млн-нан аса жас – қоғамның әлеуметтік, экономикалық және мәдени дамуының басты қозғаушы күші. Сондықтан оларды жұмыспен қамту, баспана мәселесін шешу, кәсіпке баулу, осы мақсатта түрлі гранттық жобаларды ұйымдастыру мемлекеттің жастар саясаты негізінде жүзеге асырылады.
Өткен жылы 35-ке дейінгі азаматтармен жұмыс істеуде басты бағдар Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында белгілеген «Адал азамат» тұжырымдамасы болды. Бұл – заң үстемдігін нығайтып, сыбайлас жемқорлыққа қарсы төзбеушілік мәдениетті қалыптастыру, азаматтардың құқықтары мен мүдделерін әділ қорғау, адал әрі еңбекқор болуды насихаттау.
Қоғамда жаңа құндылықтарды орнықтыруда ізгі амалдар жасалды. Жұмыс істемейтін не оқу оқымайтын NEET санатындағы 160 мың жастың еңбекке араласуына ерекше назар аударылды. Мәдениет және ақпарат министрлігі олардың бастамаларын қолдау үшін «Zhas project» жобасы аясында 280 грант бөлді.
– Аутизммен ауыратын балаларға арналған глютенсіз печенье өндіруді қолға алдым. Өйткені мұндай тағамдар аллергия немесе жоғары сезімталдықты тудыруы ықтимал. Осы мақсатта жоба аясында мемлекеттен 1 млн теңге грант ұттым. Балаларға қызықты болу үшін ертегі кейіпкерлерінің сипатында жасаймын, – деді «Zhas project» жобасының жеңімпазы Насиба Ағзамова.
Сондай-ақ республиканың әр бұрышында 500-ден аса бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Одан қалды жастарды еңбекке тарту мақсатында Алматы, Ақтөбе және Қарағанды облысында «JumysTap» бағдарламасы іске қосылды. Ал елордада «JolTap» атты әлеуметтік бастама былтыр өз нәтижесін көрсетті.
2024 жылдың басында Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңестің құрамы жаңартылды. Былтыр кеңес мүшелері алғаш рет жас мамандарға «Jas Kenes Syilygyn» табыстады. Бұған қоса Халықаралық жастар күні бірінші рет 3-12 тамыз аралығында «Жастармен бірге» ұлттық он күндігі ретінде аталып өтті. Сол аралықта 5 мыңнан аса іс-шара ұйымдастырылды.
Талантты жастарға «Дарын» мемлекеттік сыйлығының лауреаты марапаты берілді. Сыйлықты өнер, ғылым, спорт, медиа және ақпараттық технологиялар салаларында жетістікке жеткен 20 жас иеленді.
Оған қоса «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантының 30 жеңімпазы мемлекеттік қолдауға ие болды. Олардың жобалары мәдениет, ғылым, медиа, ақпараттық технологиялар және бизнес салаларында үздік деп танылды. Грантқа жаңадан «Волонтерлік» бағыт қосылды. Себебі жастар еріктілік пен қоғамдық жұмыстарда да белсенді болды. Бұған бүкіл өңірді қамтыған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы дәлел. Жалпы қоғамда экологиялық мәдениетті қалыптастыруға оң ықпал еткен ұлттық науқанда 6,2 млн-нан аса адам белсенділік танытты. 1 млн 500 мың тоннадан аса қоқыс шығарылды. Шамамен 3,2 млн-нан аса көшет отырғызылыпты. Одан бөлек, ғарыштық мониторинг арқылы рұқсат етілмеген 4 мың 900-ға жуық қоқыс үйінділері анықталып, оның 86 пайызы жойылған. Әр сенбіліктен қалмай, өзгелерге үлгі болған жастарға Президент «Аnа tili» газетіне берген сұхбатында ризашылығын білдірді.
«Қазақстан азаматтары мұның кезекті бір науқан емес, озық ойлы қоғам қалыптастыру жолындағы идеологиялық платформа екенін түсінді. Біз, түптің түбінде, табиғаттың байлығына және күнделікті тұрмыс-тіршілігімізге немқұрайды қарайтын жағымсыз әдеттен біржола арылуымыз қажет. Тазалықты сақтау және табиғатты аялау ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналуға тиіс. Өркениетті елдердің бәрі осыны ұстанады», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
2024 жылы жоғары білім беруге бөлінген мемлекеттік гранттардың саны 112 мыңға жетті. Ізінше техникалық және кәсіби білім беру мекемелерінде оқуға түскен жастар қатары артты.
Тағы бір жағымды жаңалық – былтыр 2024-2026 жылдарға арналған республикалық жастар ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту бойынша Жол картасы бекітілді. Құжаттың негізгі мақсаты – жас буынның елдің әлеуметтік, экономикалық және мәдени үдерістеріне толыққанды араласуын қамтамасыз ету үшін мемлекеттік органдар мен жастар бірлестіктерінің өзара байланысын жүйелеу және нығайту. Бұл бағыттағы жұмыс үш негізгі тармақты қамтиды. Яғни ақпараттық-әдістемелік және институционалдық сүйемелдеу, жастар бастамаларындағы ұйымдастырушылық және қаржылық қолдауды күшейту.
Ел жастарының әлемдік деңгейде тәжірибе жинауына, шекарадан тыс мемлекеттердің жас буынымен өзара байланыс орнатуына да жағдай жасалып жатыр. Мәселен, өткен жылы Қазақстан мен Өзбекстан командалары арасында «Zakovat» зияткерлік ойыны ұйымдастырылды. Астанада шығармашыл жастар мен ұйымдары көшбасшыларының қатысуымен қазақ-қырғыз форумы өтті. Осылайша, 2024 жыл жастар саясатының жетістіктерімен және жаңа бастамаларымен есте қалды. Биыл да жастардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, шығармашылық пен кәсіпкерлікті дамыту, білім беру, баспана және жұмыспен қамту салаларында ауқымды жұмыстар атқарылады.