Әлем • 20 Қыркүйек, 2024

АҚШ-тағы президент сайлауы: Кім жеңіске жетеді?

132 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қараша айында АҚШ-та президент сайлауы өтеді. Азуын айға білеген алпауыт мемлекеттің басшысы кім болатыны өз халқының ғана емес, әлем елдерінің де назарында тұр. Өйткені мұхиттың арғы жағындағы елдің саяси ұстанымы көптеген мемлекетке әсер ететіні белгілі. Сонымен Американың 47-президенті кім болуы мүмкін? Қандай саясат жүргізілмек, әсіресе Орталық Азияға ықпалы қандай болмақ? Таяу Шығыстағы мәселені реттей ала ма?

АҚШ-тағы президент сайлауы: Кім жеңіске жетеді?

АҚШ пен Орталық Азия байланысы

Жалпы алсақ, АҚШ пен Орталық Азия елдерінің қарым-қа­тынасы кейінгі жылдары ғана нығая бастады. Бұған дейін Америка аймақтағы елдерге тұтастай бір мемлекет деп қа­рап келгені рас. Оның шаблонды қарым-қатынасы аймақпен тиімді байланыс жасауын тежеп келді. Тіпті америкалық сарап­шылардың өзі АҚШ Орталық Азиямен қарым-қатынасын ны­ғайтқысы келсе, ондағы әр елдің құндылықтарын түсінуі қажет деген пікірін білдірді.

«Мысалы, АҚШ саясаткер­лері Түрікменстан жабық және авторитарлық ел, Өзбекстан – аймақтағы жетекші елдердің бірі, ал Қазақстан ашық әрі либе­ралды мемлекет екенін мойын­дауы керек. Міне, дипломатия­ның күші осыдан көрінеді. Бүгінгі таңда АҚШ елшіліктері аймақ­тағы бес елдің үшеуінде (біреуі күтіліп отыр) орналасқан. Дип­ломатиялық тұрғыдан алған­да, Орталық Азияның барлық елін­де АҚШ-тың өкілдігі болуы керек. Америка Орталық Азия­ны өзінің аймақтағы мүдде­леріне қатысты барлық сала­да, мысалы, экологиялық мәсе­лелерде стратегиялық одақтас ретінде қарастыруы қажет», деп қорғаныс және ұлттық қауіп­сіздік саласындағы Capgemini Government Solutions компания­сының аға кеңесшісі Майя Оллаф өз ойын алға тартады.

АҚШ, Ресей, Орталық Азия және Түркияның Таяу Шығыс пен Балқандағы сыртқы саясатын зерттеп жүрген ғалым Майя Оллафтың айтуынша, Америка Ферғана алқабында туындаған елдер арасындағы даулы мәселені оңынан шешуге де септігін тигізуі мүмкін.

«Ферғана алқабындағы дау бүкіл аймақтың ресурсына ауыртпалық түсіріп, этностық зорлық-зомбылыққа және орыс пен қытайдың қанауына негіз болды. Орталық Азия елдері арасында қоршаған ортаның одан әрі бұзылуын болдырмауға, табиғи газ, мұнай, минералдар мен суға бақылау орнатуға бағытталған келіссөздер жүргізуге ортақ мүдде бар. Өйткені аймақ­тағы елдер алқаптағы түрлі ресурстарды бірігіп қолданады, бір-біріне тәуелді. АҚШ осы ортақ шикізаттарды тиім­ді пайдалануға көмектессе, яғни Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан үкімет­т­ері арасында келіссөздер мен сенімді нығайту іс-шараларына өз үлесін қосса, ұтары көп. Жалпы Орталық Азия мемлекет­тері кеңес одағының құрамында болған кезде де бұл ресурстармен өзара келісіп бөлісті, оларға бұл – жаңалық емес», дейді ғалым.

Сондай-ақ ол АҚШ пен Ор­та­лық Азия мемлекеттері ынты­мақтаса алатын тағы бір стратегия білімде дейді. Ресей мен Қытайдың жұмсақ күш тактикасының бірі де осы Орталық Азия студенттеріне өз университеттерінде оқуға мүмкіндіктер жасау болды.

«АҚШ-та білім алу мүмкін­діктерін ұлғайту және энергетика, су, экология ғылымдары бойынша білім алатын орталық азиялықтар үшін студенттік визаларды көбейтуге басымдық беру Орталық Азиядағы көптеген инфрақұрылымдық қиындық­ты шешуге көмектеседі. Білім алмасу АҚШ пен басқа елдер арасын­дағы мәдени байланыс орнатады, сонымен қатар Орталық Азияның инфрақұрылымдық дамуындағы Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» мегажобасына тәуелділігін жеңіл­детуге көмектеседі», дейді Майя Оллаф.

Қазір АҚШ пен Қазақстан ара­сында бұл байланыс жақсы жол­ға қойылған. Елдегі «Болашақ» халық­аралық бағдарламасымен Аме­ри­каның жетекші жоғары оқу орын­дарын мыңдаған студент тә­мам­дап, жүздеген студент білім алып жатыр. Бұған қоса АҚШ мемл­екеттік хатшысы Энтони Блин­к­еннің өткен жылы Қазақ­стан­ға жасаған сапары екі ел арасын­­дағы бай­ланыстың ныға­йып келе жат­қанын білдіреді. Тіпті Блин­кен АҚШ-тың көптеген жаһан­дық мәселе бойынша Қазақ­стан­ның аймақтағы көшбасшы­лығын мойындағанын мәлімдеген еді.

Осылайша, сарапшылар алпауыт елдің 47-президенті кім болса да, Орталық Азияны стра­тегиялық одақтас ретінде қарастыруы қажет дейді.

 

Жаңа президент қандай уәде береді?

Қазіргі президент Джо Байден уәде берген Таяу Шығыс­­тағы қақтығысты шеше алма­ды, енді бұл мәселе Ақ үйдің жаңа қожайынына қалды. Газадағы қақ­тығыс жаңа әкімшіліктің алдағы жылдардағы бас ауруы болып қала бермек. Өткен жылдың аяғында Хамас Израильге шабуыл жасап, бей­бітшілікті одан әрі алыстатқан еді. Байденнің оған әлі келмеді.

Екі кандидат – Камала Харрис пен Дональд Трамптың қайсысы сай­­лауда жеңіске жетсе де, Таяу Шы­­ғыстағы саясаты қандай бола­ты­ны белгісіз. Бірақ жасалған бол­­жам­дарға тоқталып өткеніміз жөн.

Демократиялық партиядан сайлауға түскен үміткер Кама­ла Харристің Таяу Шығысқа қатысты нақты көзқарасы туралы мәлімет аз. Оны сарапшылар Харристің вице-президент болғанға дейін қандай да бір маңызды халықаралық мәселелермен жұмыс істемегені­мен байланыстырады.

«Сенатор ретінде ол АҚШ ұлттық қауіпсіздік саясатының ең құпия және кейбір қайшылық­ты тұстарын қадағалап, бар­лау және ішкі қауіпсіздік коми­тет­терін­де қызмет етті. Ол жиын­дарға үлкен дайындықпен келетін және федералды прокурор күткендей куәгерлерден күрделі жауап алатын еді, оны осы қасиеттері ерекшелендіріп тұрды. Ал Конгресте ешқандай халықаралық келісімдерге ықпал еткен жоқ», деп жазды америкалық сарапшы Хизер Херлберт Лондондағы «Chatham House» зерттеу орталығына жазған мақаласында.

Камала Харрис оның кандидатурасын мақұлдаған Демо­кратиялық ұлттық конвенция делегаттарына жоспарын баяндаған кездегі: «Президент Байден екеуміз Израильдің қауіпсіз болуы, кепілге алынғандардың босатылуы, Газадағы қайғы-қасіреттің тоқтатылуы және Палестина халқына қауіпсіздік, еркіндік пен өзін-өзі басқару құқығын қайтару және осы қақтығысты тоқтату сияқты мақсаттарға мүдделіміз», деген сөзін Америка баспасөздері жарыса жазған еді.

«Wall Street Journal»-дың хабарлауынша, Камала Харрис президент болып сайланса, Израиль премьер-министрі Нетаньяхуға Газадағы бітімге келу мәселесі бойынша қысымды күшейтіп, бітімгершілікке келуге бірқатар жеңілдік ұсынып, Израильге шартсыз көмек көрсету туралы шешім қабылдауы мүмкін.

Ал Дональд Трамп қақтығыс­ты тоқтатуға уәде береді. Десе де сарапшылар оның Таяу Шығыстағы күн тәртібі Харриске қарағанда бұлыңғыр екенін айтады. Өйткені ол Газадағы мәселеге жауапкершілікті Байденге жүктеп, егер өзі президент болғанда Таяу Шығыстағы қақтығыс басталмас еді деп пікір білдірген еді. Маусым айында өткен пікірталас кезінде Дональд Трамп өзін Израильдің ең жақын досымын деп атап, Палестина мемлекеттілігі туралы сұраққа «Көреміз» деп жауап берген еді.

Еске салсақ, Д.Трамп президент болған кезде Сириядан АҚШ әскерлерін шығарған болатын.

 

Қай кандидаттың мүмкіндігі жоғары?

Камала Харрис үш жылдан аса вице-президент қыз­метінде болғанымен, көптеген америкалық ол туралы көп біле бермейді. Жуырда «New York Times» жүргізген сауалнамада сайлаушылардың 28 пайызы Демократиялық партияның кандидаты туралы көбірек ақпарат алғысы келетінін мәлімдеді.

Тамыз айының екінші жартысында Чикагода өткен Демокра­тиялық партияның ұлттық конвенциясы кезінде Камала Харрис 47 пайыз қолдауға ие болған. Дональд Трамптың орташа көрсеткіші де 44 пайыз деңгейінде тұрақты болып тұр. Өйткені кандидат барлық елге танымал, бірақ ол оған кепілдік бермейді. Себебі АҚШ-та дауыстардың көпшілігі емес, олардың нақты қай жерде алынғаны маңызды.

Америка Құрама Штаттарын­да 50 штат бар, бірақ олардың көп­­шілігі бір партияға ғана дауыс бе­ре­ді, шын мәнінде, екі канди­дат­тың да жеңіске жету мүмкіндігі бар. Негізі сайлаудың тағдыры әдетте ауытқымалы штаттарда шешіледі.

Қазіргі уақытта АҚШ-тың осын­дай жеті штатында екі үміт­кердің де нәтижелері өте жақын. Соның бірі – Пенсильвания. 2020 жылы Джо Байден осы штатта бір пайыз ар­тықшылықпен жеңіске жеткен еді.

Пенсильвания, Мичиган және Висконсин бір кездері Демо­кратиялық бекініс болған, бірақ 2016 жылы олар Трампқа дауыс берді. Байден мұнда 2020 жылы жеңіс­ке жетті. Егер Камала Хар­рис өзін дәлелдей алса, жеңісті жақындатары сөзсіз.

Әзірге Харрис жеті ауытқы­малы штаттың бесеуінде Трамп­тан озып кетті. Солтүстік Каролина, Невада, Пенсильвания, Мичиган және Висконсин. Джорджия мен Аризона штаттарында Дональд Трамп шамамен бір пайыздық көрсеткішпен алда келе жатыр.