23 Қаңтар, 2015

Маңғыстау геологиялық зерттеулер мекені болмақ

720 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Шанытбай Косай АМинералды ресурстар ел экономикасында маңызды рөл атқарады, себебі халық шаруашылығының бірқатар салалары мен отын-энергетика саласының дамуында аталмыш ресурстардың алар орны айрықша. Маңғыстау облысы минералды-шикізат көздерінің орналасуы жағынан республика бойынша айтулы үлеске ие, атап айтсақ, облыс аумағында респуб­ликада өндірілетін мұнай қорларының 14%-ы, ал табиғи газдың 11%-ы шоғырланған. Жетібайдан мұнай атқылаған тарихи сәттен бастап қазына қайнары атанған Маңғыстау еліміздің дамуына мұнай-газ саласында өз үлесін қосып келеді. Қазіргі таңда өңірдің мұнай және газ саласын дамыту аясында игеріліп жатқан кен орындарында көмірсутегін өндіру деңгейін қарқынды дамыту және ұстап тұру, консервацияда тұрған жаңа кен орындарын игеру, кен орны дәрежесі берілмеген, бірақ өнімі бар екендігі белгілі болған алаңдарда геологиялық барлау жұмыстарын жандандыру, сейсмикалық барлау жұмыстары нәтижесінде дайындалған геологиялық құрылымдарды барлау- бұрғылау жұмыстарын жүргізу сынды бағыттар басымдыққа ие. Мемлекет басшысы Н.Назарбаев республиканың геологиялық барлау саласының алдында бірқатар мәселелер қойып, геология саласын қарқынды түрде дамыту қажеттігін тапсырды. Өткен бес жылда геологиялық барлау жобаларына 40 миллиард теңге бөлінсе, келесі бес жылда одан 3 есе көп, яғни 120 миллиард теңге бөлінбек. Саланы дамыту дегенде алдымен қолға алынатын істер – геологияға жаңа технологияларды енгізу, мұнайды шығару коэффициентін көтеру, терең қабаттарға барлау жұмыстарын жүргізу. 2013 жылы қыркүйек айында Атырау қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің аймақаралық қызметтестігінің II форумында Н.Назарбаев пен В.Путин «Еуразия жобасын» іске қосты. Осы сәтте біздің Президентіміз Н.Назарбаев екі ел боп бірлесе жүзеге асыратын жоба барысында Каспий маңы ойпатының терең қабаттарының геологиялық құрылымдары мен геохимиясының жете зерттелетіндігіне тоқталып, жаңа көмірсутекті кен орындарының ашылып, халықаралық ірі мұнай компанияларының қызығушылығын тудыратындығын жеткізген болатын. Қазір бізде «Еуразия» жобасы жанынан жұмыс тобы құрылды, ол осы жобаны іске асыру жобасын жасақтау үстінде. Оның мақсаты Каспий бойы ойпатының терең қабаттарын зерттеу болып табылады. Үкіметаралық кеңесте ол жерлерге бұрғылау жұмыстарын жүргізу қажеттігі айтылған болатын. Жер қойнауын ұтымды пайдалану мәселесімен қазір еліміздің Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті айналысып келеді. Комитет төрағасы техника ғылымдарының докторы Б.Нұрабаев Маңғыстау облысына келіп, өңірде қызмет ететін жер қойнауын пайдаланушы компаниялар өкілдерімен кездесті. Геологиялық барлау саласында мамандар мәселесі өте өзекті, өткір күйде тұр. Инвестициялар жә­не даму министрлігі жоғары оқу орындарымен, атап айтқанда, тау-кен инженерлерін, гидрогеологтарды және геология саласының басқа да көптеген мамандықтары бойынша мамандарды дайындау жөніндегі меморандумға қол қойды. Жыл сайын ТМД мемлекеттері аумағында жас геологтардың олимпиа­дасы өткізіліп тұрады, ал республика деңгейінде мұндай олимпиада алғаш рет өткізілді. Мұндай олимпиадалар мен слеттердің мақсаты – геологиялық барлау саласының мамандарын мектеп партасынан бастап дайындау. Мұндай үндеу барлық жер қойнауын пайдаланушыларға жолданса да, олардың тарапынан белсенділік, әсіресе, мұнай-газ саласындағы жер қойнауын пайдаланушылардан байқалмай отыр. 90-жылдары көптеген мамандар – инженерлер, геологтар басқа салаларға жұмысқа кетті. Бізге дайын кәсіби мамандар қажет. Б.Нұрабаев геологтарды оқыту үрдісіндегі тағы бір өзекті мәселені айтып кетті. Оның айтуынша, көптеген кәсіпорындар студенттерге тәжірибеден өтуге мүмкіндік беруден бас тартып отыр. Ал онсыз сауатты, білікті маманды даярлау мүмкін емес. Геология және жер қойнауын пайдалану комитетінің төрағасы компаниялардың тәжірибе өтуге қабылдау міндеттілігі заңнамалар деңгейінде бекітілетіндігін атап өтті. Сондай-ақ, ғылым геологиялық барлау саласында шешуші рөлдердің бірін атқаруы тиіс. Осы кезге дейін ол әсіресе, мұнай-газ саласында өте баяу дамыды. Ғылыми жұмыстар мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын болады. Маңғыстау облысында көне кен орындарын пайдалану қазір соңғы сатысында тұр. «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ бас директоры Сунъ Синъюнъ және бас директордың бірінші орынбасары Б.Иманбаев жақын кезеңдерде өндірілетін мұнай-газ қорларының азаятындығы туралы айтып, мұнай өндіруді көбейтуге палеозой қабатта­рын жаңа технологияларды пайдалана отырып жете зерттеу арқылы қол жеткізуге болатындығын айтты. Қазіргі таңда сала алдында «Маң­ғыстау облысында мұнай шикізаты қорларын өндіруді қалай көбейтуге болады?» деген мәселе тұр. Маңғыс­тау облыстық геология инспекциясы мамандарының белсенді жұмыстарының арқасында Геология және жер қойнауын пайдалану комитеті мен «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ арасында «Өзара бірлесіп қызмет істеу» туралы меморандумға қол қойылды, онда 2015-2018 жылдары, негізінен Қарақия ауданында орналасқан 21 құрылымда іздестіру-барлау жұмыстары қаралған. Осы жұмыстардың нәтижесінде біз мұнай өндірудің қазіргі деңгейін сақтап қаламыз және алдағы уақытта компания бойынша мұнай өндіру көлемін ұлғайтуға қол жеткіземіз деп ойлаймыз, ең бастысы, жергілікті мамандарды жұмыспен қамту мәселесі шешіледі деп күтілуде. Бұл мәселелерді шешу ғылыми тұрғыдан қарастырылуы тиіс, себебі бұл мұнай өндіруші компаниялар үшін өте өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Осы мақсатта Ақтау қаласында Ресей Федерациясы мен Қазақстан Республикасының ғалымдарынан құралған бірлескен кәсіпорын тіркелді. Болашақта олар облыс аумағында жаңа микролептондық технологияны пайдалана отырып жеделдетілген геологиялық барлау жұмыстарын жүргізуге атсалысады және мұнайды шығару коэффициентін көтеру мәселелерімен де айналысатын болады. Маңғыстау облысына сапарында Елбасы Н.Назарбаев өңірде көмірсутектен басқа, уран, темір, мыс, марганец, целистин, барит, минералды тұздар сынды пайдалы қазбаларды тездетіп барлауды ұсынды. Үкіметтің 2012 жылы 13 тамызда бекітілген елдің 2015-2019 жж. геологиялық барлау жұмыстарының бағыты мен осы саланың даму тұжырымдамасы бойынша алдыңғы кезекте түсті металдарды, алтынды, сирек кездесетін элементтерді көбірек іздеу қажеттігі айтылды. Аталған жобаны жүзеге асыру барысында геологиялық іздестіру жұмыстарының технологиясын жетілдіру, саладағы инвестициялық климатты жақсарту да қамтылған. «Маңғыстаумұнайгаз», «Өзен­мұ­найгаз» ұжымдары мен басқа да компаниялар қазір жаңа кен орындарын табу арқылы өнімді көбейту бағытын ұстануда. Осыған дейін Маңғыстауда темір, мыс, марганец, барит, целистин, қоңыр көмір, фосфорит, т.б. кен орындары табылған. Қазір соларға шетел инвесторларын тарту жұмыстары жүріп жатыр. Келешекте бұл кен орындарын игерумен қатар, барлау, кен қорын есептеу, тағы басқа жұмыстар жүргізілетін болады. Н.Назарбаевтың жер қойнауын пайдалану туралы заңға өзгерістер енгізу туралы тапсырмасын басшылыққа ала отырып іс жүргізетін боламыз. Онда барлауға жер беру құқығының жүйесін түбірімен өзгертіп, кен орындарын жөнсіз саудаға салудан қорғау қажеттігі айтылған. Шетелдіктермен шарт жасасқан кезде болашақта экономикамызға, эко­ло­гиямызға нұқсан келмеу жағын қатаң бақылау қажет. Заң бойынша инвесторларға он жыл бойы КТС-дан және жер салықтарынан, сегіз жылға мүлік салығын төлеуден босатылу жеңілдіктері жасалған. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін инвестордың оған негізгі шығынының 30 пайызын мемлекет қайтарады. Түрлі жеңілдіктер қазірдің өзінде Маңғыстауда рудалық қазбалар игеруге ынталы инвесторлар қатарын көбейтті. «Caspian Salt» компаниясы Малайзия, Польша инвесторларымен бірге минералды тұздарды игерумен айналыспақ. Нәтижесінде өңірде жаңа галлургиялық және сода шығаратын өндіріс ашылады деп отырмыз. Облыс халқының үлкен пайызының күнкөрісі осы мұнай-газ саласымен тікелей байланысты болғандықтан жаңа кен орындарын ашу, болмаса игеріліп жатқан кен орындарының тиімділігін арттыру мұнай-газ компанияларының басшылары үшін де, геология және жер қойнауын пайдалану облыстық инспекциясы үшін де шешуін табуы тиіс келелі мәселелер болып табылады. Осы бағытта аянбай еңбек ету, халықты жұмыспен қамтамасыз ету біз үшін ең басты мақсат. Қосай ШАҢЫТБАЙ, Маңғыстау облыстық геология және жер қойнауын пайдалану инспекциясының жетекшісі.