23 Қаңтар, 2015

Жария ету жалғасуда

264 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Өткен жылдың 1 қыркүйегінен жер-жерде ресімделмеген мүлікті жария ету басталған-ды. Мүлікті жария ету акциясы үстіміздегі жылдың 31 желтоқсанына дейін жалғасатыны да белгілі. Үкіметтің халықтық мүддеден туындаған бұл қадамының осы кезге дейін қалай жүргізілгенін, қайтарымы қандай болғанын білмек үшін облыстық қаржы басқармасы басшысының орынбасары Дина Әйтеноваға жолыққан едік. – Бұл акция қолда болғанмен, ресімделмеген мүлікті жария етуге толық мүмкіндік береді. Мұның өзі бәрінен бұрын болашақта жаппай декларациялау жүргізілетініне байланысты қолға алынған шара. Қазір азаматтарға болашақта өздерінің декларациясына көрсету үшін ресімделмеген мүліктерін жария етуге құқық беріліп отыр. Әрине, заңдылықты сақтайтын әр азамат мұндай мүмкіндікті пайдаланып қалулары тиіс екені айтпаса да түсінікті. Ал ақшаны жария етуді жүргізудегі ерекшелік, ол азаматтар үшін жария етудің баламалы тетіктерінің болуы деу орынды. Біріншіден, ақшаны нарықтық ставкамен ынталандыру сыйақысын ала отырып, екінші деңгейлі банкте үш жыл ұстауға болады. Екінші бір жолы – ақшаны жедел пайдаланғысы келген жағдайда, мемлекеттік бағалы қағаздарды, екінші деңгейлі банктердің, холдингтер мен компаниялардың, даму институттары ұлттық басқарушыларының облигацияларын және «Халықтық IPO» бағдарламасы аясында акцияларды, сондай-ақ, Қазақстан қор биржасында орналастырылған басқа да бағалы қағаздарды сатып алып, экономикаға инвестициялауға болады. Үшіншіден, азаматтар жекешелендірудің екінші толқыны аясында нысандарды сатып ала алады. Мысалы, 2014-2016 жылдары 791 нысан жеке секторға шығарылады, соның ішінде, біздің облыс бойынша 18 нысан бар. Жария етілген ақша табыс болып табылмайды, сондықтан салық салынбайды. Яғни, жинақ есепшотынан алынбаса және басқа есепшотқа аударылмаса, онда тиісінше мүлікті жария етуге төлем төлеуге міндеттелмейді. Егер азамат жария етілетін ақшасын жоғарыдағы көрсетілген инвестициялау механизмдері бойынша пайдаланғысы келмесе, онда бюджетке жария етілген ақшаның 10 пайызы көлемінде төлем төлеп, қаржысын өз таңдауы бойынша кәдеге жаратуға құқылы, – дейді Дина Сапарқызы. Оның айтуынша, осы көрсетілген әдістер отандық экономиканы дамытуға және азаматтардың жария етілген ақшадан пайда табуына бағытталған. Осы акция барысында алынған деректердің құпиялылығы жария етуді жүргізудің табыстылығының факторы болып табылады. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заң нормаларына сәйкес мұндай ақпараттардың құпиялылығына кепілдік беріледі. Облыста жылжымайтын мүлікті жария ету бойынша 13 комиссия құрылған. Комиссиялардың жұмысшы органдары Ақтөбе қаласы және аудандар әкімдерінің аппараты болып табылады. Үстіміздегі жылғы 1 қаңтарға Ақтөбе қаласы мен Алға, Байғанин, Мұғалжар, Мәртөк, Қобда, Ойыл, Шалқар аудандарынан мүлікті жария етуге ұсыныс түскен. – Заңға сәйкес жария етуге ақша, бағалы қағаздар, заңды тұлғалардың жарғылық капиталы, басқа тұлғаларға толтырылған жылжымайтын мүліктер, Қазақстан Республикасы аумағында орналасқан құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес келетін құрылыстар мен ғимараттар, сондай-ақ, жекеменшік құқына жария етуге жататын нысанның мақсатты пайдаланылатын жер телімі, Қазақстан Республикасы аумағынан тыс жерлердегі жылжымайтын мүлік жатады, – дейді Дина Сапарқызы. Осы кезеңде облыс бойынша жылжымайтын мүлікті жария етуге ғана арыз түскен көрінеді. Бағалы қағаздарды, ақшаны, заңды тұлғаларға қатысу үлесін жария ету бойын­ша арыз түспеген. Үстіміздегі жылғы 1 қаңтарға дейін облыс бо­йынша 2416 жылжымайтын мүлікті жария етуге арыз түскен. Түскен арыздар бойынша мүліктердің жалпы құны 6556879,1 мың теңге құрайды. Осы кезеңде түскен арыздар бойынша тұрғын үйлер, бау-бақшадағы үйлер, шаруашылық құрылыстары, коммерциялық нысандар сынды жалпы сомасы 1842328,0 мың теңге тұратын 487 жылжымайтын мүлік жария етілген. Жалпы сомасы 2636019,0 мың теңге болатын 985 жылжымайтын нысан бойынша 514 арыз қайта өңдеуге жіберілген. Қайтарылған арыздардың 92 пайызының негізгі себебі жария етілетін нысандардың құрылысы аяқталмай құжаттар ұсынылуы, 8 пайызы жекеменшік құқығына жария етілетін нысандарға жататын жер телімдерінің өз мақсатына пайдаланылмауы, техникалық төлқұжаттарының дұрыс толтырылмауы болып табылады. Бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда. Ресімделмеген мүлікті жария ету жөніндегі комиссиялар өз жұмыстарын бұрынғыдан да ширата түсуде. Сатыбалды СӘУІРБАЙ,  «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.