23 Қаңтар, 2015

Сыбайлас жемқорлық жойылмай, ел дамуы мүмкін емес

2104 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
IMG_2139Мемлекет басшысының саяси күш-жігерінің арқасында елімізде сыбайлас жемқорлыққа, оның салдарына қарсы саясат дәйекті түрде жүзеге асырылып отыр. Мұның бір дәлелі ретінде айтсақ, «Нұр Отан» партиясының кеңейтілген отырысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүйелі түрде өткізуге бағытталған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі бағдарлама жарияланды. Ол бүкіл қоғамды біріктіретін, халық пен партияның әлеуетін жұмылдыратын және саяси тұрғыдан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте іс-қимыл бағдаржолын дәйектейтін құжат болып табылады. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты шаралар халықаралық және қазақстандық тәжірибеге сәйкес 2025 жылға дейінгі Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі дайындаған стратегияда қарастырылған. Ол «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» Жолдауына сәйкес әзірленді және онда жоғарыда баяндалған мәселелер қарастырылып отыр. Стратегия алдағы жылдарға ар­налған мемлекеттің сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы саясатының негізгі бағыттарын айқындайды және сыбайлас жемқорлықтың алғышарттарын жою, оны туындататын себептер мен жағдайларды болдырмау және деңгейін төмендетуге көмектесетін іс-шаралар кешенін қамтиды. Яғни, басты назар сыбайлас жемқорлықты алдын алу және ескертуге аударылған. Бұл бағытта стратегияны жүзеге асыру шеңберінде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы», «Қоғамдық бақылау туралы», «Бұқаралық ақпаратқа қолжетімділік туралы» жаңа заңдар әзірленіп, қабылданатын болады. Дегенмен, белгілі бір нәтижеге қол жеткізуде ағартушылық, білім беру, тәрбие жұмыстарының да рөлі зор, сондай-ақ жаңа орта қалыптастырудағы шыдамдылық та қажет. Осы орайда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мемлекет тарапынан атқарылып жатқан іс-шараларды бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен жариялап, білім беру мекемелерінде, мемлекеттік органдарда, халық арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша ауқымды оқу курстарын өткізу арқылы қоғамда сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға ерекше назар аударылатын болады. Сонымен қатар, өткен жылы Қыл­мыс­тық, Қылмыстық іс жүргізу, Қыл­мыстық атқару және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы төрт жаңа кодекс қабылданды. Олар 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Бұл кодекстерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің қылмыстық-құқықтық тәсілдері тұжырымдамалық тұрғыда қайта қарастырылған. Мысалы, Әкім­шілік құқық бұзушылық туралы кодекс­те жауапты лауазымды қызметкер­лер­дің тізімі қайта қарастырылып, айыппұл­дың көлемі нақты анықталған. Бұл норма­лар жемқорлық факторларды болдыр­мау­ға бағытталған. Ал жемқорлыққа байланысты қылмыстық жауапкершілікті күшейтуге бағытталған жаңа өзгерістер ретінде төмендегілерді бөліп көрсетуге болады: жемқорлық қылмыс бойынша сотталған азаматтарға мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге өмір бойылық тыйым салынды; осы санат бойынша сотталған азаматтарға шартты жаза белгілеуге тыйым салынды және алынған параға қылмыстық жаза ретінде еселенген айыппұл белгіленді. Қазіргі таңда әртүрлі елдердегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейін бағалау барысында сарапшылардың көпшілігі Транспаренси Интернешнл халықаралық үкіметтік емес ұйымының сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексін (Corruption perceptions index) қолданады. Онда мемлекеттердегі сыбайлас жемқорлықтың деңгейі зерттеулер мен сараптамалық сұрастыру арқылы айқындалып, осы рейтингке қатысатын 183 елдің рейтингі дайындалады. Неғұрлым жоғары орынға ие болатын мемлекетте сыбайлас жемқорлықтың деңгейі де соғұрлым төмен келеді. Қазақстан іске асырылған жүйелі шаралардың нәтижесінде 14 сатыға жоғарылап, 2014 жылы 126-орынға ие болды. Атап айтқанда, біз 2013 жылы 140-орында болсақ, 2012 жылы 133-орында, ал 2010 жылы, тіпті, 105-орында болдық. 2010 жылмен салыстырғанда Қазақстанның рейтингтегі позициясының төмендеуі, елімізде сыбайлас жемқорлықтың деңгейін азайтуға қаншама күш салынғанға қарамастан, нәтижесінің шамалы өзгергендігін көрсетті. Себебін іздесек, халықаралық тәжірибе де, академия ғалымдары өткізген талдау да сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күрес, оның деңгейін азайтудың тиімді жолы емес екендігін нақты көрсетті. Коррупция-1 Аталған мәселеге ғылыми-әдіс­на­малық тұрғысынан тоқталсақ, жаңадан құрылған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі басшылығының жемқорлыққа қарсы күресте акцентті алдын алу шараларына және корруп­циялық қатерлерді жүйелі талдауға қойылуының дұрыстығын атап өткіміз келеді. Халықаралық тәжірибеге көңіл аударсақ, соңғы жылдары сыбайлас жемқорлықпен күресте жақсы нәтижелерге жеткен мемлекеттер, мысалы, Иордания, Румыния, Эстония және басқа да Балтық бойы мемлекеттері, сыбайлас жемқорлықтың салдарымен күрестің тиімсіз екендігін түсініп, оның алдын алуға аса назар аударуда. Осы орайда, мемлекеттік қыз­меткерлерді сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға және оған қарсы күресте заңнаманы практикада қолдануды оқытуды жүйелі түрде өткізуде академияның рөлі өте жоғары. Академия – бұл мемлекеттік қызметшілерді оқытатын және Қазақстан Республикасы Президентінің қамқорлығымен жұмыс істейтін оқу-ғылыми орны екенін атап өткім келеді және ол жаңадан құрылған Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің құрылымына кіреді. Осының өзі – біздің бұл процестегі атқаратын ісіміздің барынша белсенділігін түсіну үшін жеткілікті алғышарт. Академияның басты мақсаты, рөлі – мемлекеттік аппараттың ­жауапты, адал, тиімді қызметкерлерін дайындау. Сарапшылар берген ұсыныстарға дейін де, академияда алғаш қабылдан­ған мемлекеттік қызметшілерді, сон­дай-ақ басшылық лауазымға алғашқы рет тағайындалған мемлекеттік қыз­метшілерді қайта даярлаудың үш апталық курстарына сыбайлас жем­қорлыққа қарсы оқыту блогын қосу туралы шешім қабылданған. Оқу бағдарламасы формальды түрде, абстракті теориямен толтырылмай, керісінше, практикалық тұрғыдан сыбайлас жемқорлықтың не екенін, оның неден басталып, неге әкелетінін көрсететін нақты мысалдардың негізінде дайындалған. Осыған орай, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызмет­керлері өз еркімен қабылдаған анти­ко­р­рупциялық шектеулер туралы атап өткен жөн. Ол шектеулер Агенттік қызметкерлерінің тұрмыста, жүріс-тұрысында, тұтынушылықта және қызмет бабында мемлекеттік қыз­метшіге сай этикалық және антикор­рупциялық стандарттарды ұстануына бағытталған. Академия Агенттіктің құрылымына кіретіндіктен, біздің де қызметкерлеріміз аталған шектеулерді қабылдауды сөзсіз қолдады. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен, академияда арнайы ғылыми-талдау орталығы құрылды, ол мемлекеттік басқарудың сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясаты мен Агенттіктің жұмысын ғылыми-әдістемелік, сараптамалық сүйемелдеуді қамтамасыз етуге бағытталған. Орталық жұмысының бағыттары мен басымдықтары: сыбайлас жемқорлықты туындататын себептер мен жағдайларды зерттеу және осы әлеуметтік қатерге қарсы тұру мен оның алдын алу үшін жүйелі түрде тиімді шаралар әзірлеу. Мамандар әлеуметтік зерттеулер жүргізіп, сыбайлас жемқорлық көріністері үшін «қатер аймағын» анықтап, біздің академияның білім бағдарламаларын жетілдіру бойынша ұсыныстар енгізіп, тәжірибеге тиімді әзірлемелерді енгізу мақсатында үздік халықаралық тәжірибені талдайтын болады. Озық елдердің тәжірибесі project management немесе жобаларды басқару құралын қолдану керектігін көрсетеді. Осы орайда академияда Жобаларды басқару орталығы құрыл­ған. Оның басты мақсаты – орта­лық және жергілікті мемлекеттік органдардың қызметкерлерін жобаларды басқаруға оқыту. Project management қағидаттарын жүйелі түрде енгізу мемлекеттік бағдарламалардың ашықтығын, қаражат пен ресурстардың үнемдеуін қамтамасыз етеді, сонымен қатар, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда сыбайлас жемқорлықтың мүмкіндігін барынша азайтады. Яғни, осы құралдың Елбасы жариялаған Қазақстанның «Нұрлы Жол» жаңа экономикалық саясатын іске асыру барысында мемлекеттік қызметтегі сыбайлас жемқорлықты жою жөніндегі жұмыстың маңыздылығы зор. Мемлекеттік басқару академиясы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы әлемдік тәжірибені зерделеу, оны қолданысқа енгізу үшін сараптамалық және ғылыми диалогтың жүзеге асырылуына қажетті жағдайларды жасауға дайын. Әлемдік тәжірибені зерделеу мен оны білу бір бөлек, алайда, ол білім мен тәжірибені біздің қызметте пайдаға асыру басқа нәрсе. Академия халықаралық ұйымдармен қарым-қатынасты жаңаша құруға жол ашуда. Атап айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенді жұмыстарды ұйымдастыру үшін әр­түр­лі елдердегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстардың ұйымдастыры­луын зерттейтін және оған салыс­тырмалы түрде бағалау жүргізетін әртүрлі халықаралық ұйымдармен, мысалы, Қазақстандағы Transparency International, Дүниежүзілік банк, БҰҰ Даму бағдарламасы және тағы басқалармен белсенді ынтымақтастық орнатып, бақылау және бағалаумен шектелмей, Норвегия елінің тәжірибесі бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы жұмыстарды қоғамда, жүйелік деңгейде де, сондай-ақ әртүрлі практикалық семинарлар, тренингтер өткізу арқылы да ұйымдастыру бойынша практикалық көмек көрсетуге шақырылады. Қазіргі таңда Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қазақстан Рес­публикасы үшін Еуропалық одақ­тың сыбайлас жемқорлыққа қарсы әре­кеттерді іске асыруға арналған жұ­мыстарын ұйымдастыру мәселелеріне техникалық қолдау көрсету жобасын жоспарлау бойынша келіссөздер жүргізуде. Осы бағытта жүргізілетін жұмыстарды ұйымдастыру өте ма­ңызды, ол Қазақстанның әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру міндетімен де байланысты. Жасалған талдаулар халықтың өмір сүру деңгейі, қоғамның әл-ауқаты, экономикалық даму көрсеткіштері бойынша әлемдік көш алдында, сыбайлас жемқорлық деңгейі бойынша ең төмен мемлекеттер қатарында тұрғанын көрсетті. Яғни, сыбайлас жемқорлықты жоймайынша, табысты дамыған ел болу мүмкін емес. Болатбек ӘБДІРӘСІЛОВ, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры.