22 Қаңтар, 2015

Татулық пен келісім

425 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
ЭМБЛЕМА ГОДА АНК 2015болса, алға қойған барлық міндеттер орындалады Әлемдік өзгерістерге орай біздің жағдайымызды бағамдап алуда, болашақта атқарылуға тиіс міндеттерді белгілеуде 2014 жыл Қазақстан үшін маңызды жыл болды деп есептеймін. Қазақстан жаһандық проблемаларды абыроймен еңсере білді және өзге елдерге үлгі көрсетті. Біздің Президент әрқашанда алға стратегиялық көзқараспен қарайды. Елді сынаққа салып көретін қаржы дағдарысы сияқты жағдайлар болған кезде, әрдайым нақты жоспарға негізделген шешімді таба біледі. Біздер Еуразия кеңістігінде бірінші болып жүйелі жоспарлауды енгізген ел екенімізді ұмытпауымыз керек. Кеңес Одағы ыдыраған соң, жұрттың бәрі: «Жоспарлау жүйесі нарық кезеңіне сәйкес келмейді, ұзақ мерзімді жоспардың қажеті жоқ» деп жатқанда, Қазақстан Президенті Н.Ә.Назарбаев 1997 жылы «Қазақстан-2030» Стратегиясын ұсынды және қабылдады. Міне, біз сол кең ауқымды елдік жоспардағы міндеттемелерді негізінен орындадық. Енді «Қазақстан-2050» Стратегиясын іске асыруға кірістік. Киянский фотосы 54Мемлекет басшысын таңдауда қазақ­стан­дықтардың жолы болды. Ол барлық жұмысын жоспарға негіздеп құрады. Осындай пікірді тек отандастарымыз ғана емес, шетелдердің көптеген саясаткерлері де, қарапайым азаматтары да жиі айтатынын естіп жүрміз. Бұл – жүйелі ойлайтын адамның жетістігі. Яғни, адам бірнеше жыл алға болжаммен қарай біле­тін болса, ол әрқашанда стратегиялық жеңіс­ке жетеді. Сондықтан да осы күнге дейін біз стра­те­гияға және жоспарға сәйкес өмір сүріп келеміз. 2014 жылдың соңында Елбасы әлемдік өзгерістерге орай болуы ықтимал қиындық­тардың алдын алу мақсатында Қазақстанның «Нұрлы Жол» атты Жаңа Экономикалық Саясатын ұсынды. Бұл Жолдау экономикалық тұрғыдан алғанда бұған дейін қол жеткізілген жетістіктерге және орындалған жоспарларға негізделген. «Егер бір жылдығыңды ойласаң – астық өсір, алдағы он жылдықты ойласаң – ағаш отырғыз, ал 100 жылдықты ойласаң – ұрпақ тәрбиеле» деген халық даналығы бар. Президент өз Жолдауында өңірлерді индустрияландыру, ауыл шаруашылығын дамыту, шағын кәсіпкерліктің үлесін арттыру және басқа да алға қойған міндеттерімен бірге, ол әрқашанда тәуелсіз елдің азаматтарын тәрбиелеу мен қалыптастырудың маңыздылығына тоқталады. Ең бірінші адамдар арасында келісім болуға тиіс. Ел ішінде татулық пен келісім болса, алға қойған барлық міндеттер орындалады. Осы ұстаным Елбасының барлық Жолдауларындағы негізгі іргетас болып отыр. Жолдау – белгілі бір кезеңде атқарылатын жоспарлардың тактикалық құжаты. Ал стратегиялық бағдар – «Қазақстан-2050». Әрқашанда адам факторы басты рөл атқарады. Бізге тәуелсіз елдің рухымен тәрбиеленген азаматтар керек. Сонда тұрақты мемлекет болады. Патриоттық сезімі жоғары, өз Отанын сүйетін және аянбай еңбек ететін ұрпақты қалыптастырудың арқасында ғана «Мәңгілік Ел» идеясы жүзеге асады. Бұл Жолдаудың жаңа жылдан бұрын жария етілуі, біріншіден, экономикалық тұрғыда тиімді болса, екіншіден, 2015 жылы аталып өтетін елеулі мерейтойлардың маңыздылығы ескерілген болуы керек. Қазақ хандығының 550 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы жай тарихи кезеңдер емес. Осы мерейлі белестерді атап өтудегі мақсат –  қазақстандықтардың  патриоттық сезімін арттыру. Мысалы, Ұлы Отан соғысында елді қорғау үшін КСРО-ның барлық тұрғыны майданда да, тылда да жауға қарсы күресе білді. Жалпы, Ұлы Отан соғысы халықтың біртұтастығымен тарихта қалды. 1930-жылдары халықтың аштыққа ұшырағаны, қуғын-сүргінге түскеніне қарамастан, елдің басына күн туғанда, бәрі бірігіп, дұшпанына қарсы тұрды. Жаудың өте күшті техникасы да адамдардың рухы алдында ештеңе істей алмады. Сол соғыста әкелеріміз Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілігін, патриоттық сезімінің жарқын көрінісін көрсетті. Отанды сүюдегі сол сезімді біз жас ұрпақтың бойына сіңіре білуіміз қажет және жастар соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету өздерінің азаматтық парызы екенін білуге тиіс. Жаңа жыл қарсаңында барлық ардагерлерге сыйлықтар табыс етілгені де ерекше құрметтің бір көрінісі болды. Бұдан біз Елбасының бала кезінен бойына сіңген қасиетті көреміз. Елбасы айтқан Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтудің де мәні зор. Өйткені, «Мәңгілік Ел» ұғымы өз тамырын біздің терең тарихымыздан алады. Ұлытауда берген сұхбатында да өткен тарихымызға құрметпен қарау керектігін айқындап берді. Біз көп емеспіз, елдің бар болғаны 17 млн. тұрғыны бар. Біртұтас мемлекет болу үшін жас ұрпақты ел тарихын құрметтеуге тәрбиелей беруіміз керек. Адамды тәрбиелеуде өзіндік рөлі бар үшінші тұтқа – Қазақстан халқы Ассамблеясы. Өзім алғаш құрылған кезден бері осы ұйымның мүшесімін. Маған ҚХА-ның Батыс Қазақстан облыстық ұйымы төрағасының орынбасары қызметі ұсынылды. 2007 жылы Мәжіліске депутат болып сайланғанға дейін қоғамдық негізде осы қызметті атқардым. Қазір ҚХА-ның Парламенттегі депутаттық тобының мүшесімін. Бұл ұйымның 20 жылдығы мен үшін үлкен мереке. Өйткені, осы ұйымның мүшелері – біздер де жиырма жылдың ішінде өзгердік. Қазақ халқын толғандыратын мәселелерді, елдік, ұлттық проблемаларды қабылдауымыз өзгерді, ішкі көзқарасымыз жаңаша қалыптасты.  Өйткені, Ассамблея қоғамдық келісім институты ғана емес, бұл  – біртұтас қазақстандықтардың білім мен тәрбие алған өмір мектебі! Осы мектепте оқи жүріп, біз бір-бірімізге жақындай түстік. Айталық, 1990-жылдардың басында еркіндік берілген соң, әркім өз болашағын ойлап, немістер Германияға, орыстар Ресей­ге көше бастады. Ал осында қалған әрбір ұлт өкілі өзара ұйымдасып, мектеп ашып, қоғамдық бірлестіктер мен мәдени орталық­тарын құра бастады. Яғни, әркім өз дәстүрім, ана тілім сақталса екен деп өзіне тартты. Соны байқай білген Президент 1995 жылы 1 наурызда өз Жарлығымен Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, барша ұлт пен ұлыстың орталықтары мен бірлестіктерін бір шаңырақтың астына алды. Сол кезден бас­тап біз бәріміз де қазақстандықтармыз деген ұғым пайда болды. Қазір барлық мәдени бірлестіктер өзінің «мен» деген ұғымына «біз» деген ортақ ұғым арқылы қарайды. Егер «мен» деген ұғым алға шығып кетсе, әртүрлі қайшылықтар пайда болады. Сондықтан «мен» мен «біз» деген ұғымдардың арасындағы үйлесімділік ұлтаралық келісімнің терең түсінігін айқындайды. Бастапқыда әр ұлт диаспорасы тек өз тілім, өз дәстүрім деген болса, қазіргі кезде түсініктері өзгерді. Қазақстанда тұрып, қазақ тілін үйренбесе болмайтынын ұғынды. Мәдени бірлестіктерде қазақ тілі жүйелі оқытыла бас­тады. Мемлекеттік тілді жетік білетін өзге ұлт өкілдерінің қатары жыл санап артып келеді. Журналистер, тележүргізушілер, әншілер шығып жатыр. Қазақ балабақшалары мен мектептеріне өз балаларын беріп жатқан ата-аналар да аз емес. Міне, осының бәрі олардың көзқарасы елдік және ортақ мақсатқа қарай өзгергенін көрсетеді. Қазір көптеген балалар үш тілді меңгеру үстінде. Қазақ тілін білу, қазақ тілінде сөйлеу өзге ұлттың балалары үшін мәртебе болып тұр. Өйткені, мұны өзінің мемлекеттік институттары арқылы мемлекет те қолдап отыр. Біз үдерісті жасанды түрде жеделдету жолын таңдаған жоқпыз. Яғни, біреуіне жол ашу үшін екіншісіне мүлдем тыйым салып тастаған болсақ, келіспеушіліктер туындар еді.  Біз табысқа бірте-бірте жету жолымен жүріп келеміз. Қазақ мектептері мен балабақшаларының саны бірте-бірте ұлғайтылды. Мысалы, бұрын ірі қалаларда, облыс орталықтарында қазақ мектептері мүлдем аз болды және олар ескі ғимараттарда орналасқан-ды. Астана қаласында жалғыз №4 мектеп болған еді. Қазір қазақ мектептерінің саны отыздан асып кетті. Бүгінде компьютермен жабдықталған заманауи мектептер салынуда. Сонымен қатар, барлық облыс орталығында Назарбаев зияткерлік мектептерінің ашылғаны білім мен ғылымның дамуында үлкен серпіліс жасады. Өзім Батыс Қазақстан облысына іссапармен барғанда, Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебіне кіріп шығуға тырысамын. Біз бір конференциясына қатысып едік, оқушылар үш тілде баяндама жасады. Қазақ тілінде бастайды, орыс тілінде жалғастырады және ағылшын тілінде қорытындылайды. Қай тілде де еркін сөйлейді. Мен Ассамблея мүшелеріне осы тәжірибені үлгі ретінде алуды ұсындым. Осыдан жиырма жыл бұрынғы жағдай мен қазіргі заман жер мен көктей! Ол кезде қаладағы жалғыз мектеп қазақтардың өзіне аздық ететін еді. Өзге ұлт өкілі өз баласын қазақ мектебіне бергісі келсе де, мүмкіндік жоқ болатын. Ал енді қазір балалар қазақ тілін оқу арқылы қазақ халқының бай тарихымен танысады. Мысалы, мен де өзім үшін үлкен сүйіспеншілікпен қазақ тілін үйреніп жатырмын. Ең қызығы, қазақ және орыс тілдеріндегі көптеген ұқсастықтарды тауып, оны меңгерумен қатар, тілді тереңірек танып-білуге деген қызығушылығым арта түсті. Бірі түркі, екіншісі славян тіліне жататын болса да, кейбір сөздердің тереңіне үңілсек, қазақ және орыс тілдерінің өзара ықпалдасуын көруге болады. 2013 жылы «Родник Алтая: от Аз и Буки до Аз и Я или Моя Евр Аз и Я» кітабым жарық көрді. Мен бұл кітапты жазуда он жылдай еңбек еттім. Қазақ және орыс тілдеріндегі сөздердің, жалпы алғанда, 50-60 пайызы бір-біріне ұқсас екеніне көз жеткіздім. Жалпы, Алтай тілдерінің терминдері көптеген тілдерге енген. Егер біздің филологтар мен лингвис­тер белсенді жұмыс істесе, Алтай тілдерінің сөздері, белгілі бір заттардың ұғымдары мен түсініктері көптеген еуропалық тілдерге еніп кеткенін көретіні сөзсіз. Өйткені, Алтайдан басталған халықтардың ұлы көші өзімен бірге дыбыстық негізді ала келді. Айталық, «ел» деген сөз қазақ тілінде халық, мемлекет ұғымын білдіреді. Ал орыс тілінде «ель» қылқан жапырақты шырша ағашының атауы. Марий Эл республикасы бар. Ежелде «ұлы ел» деген ұғым болған. Президент ұсынған «Мәңгілік Ел» идеясы да осы ұғымдармен үндесіп жатыр. Бүгінгі таңда біз жаңарған қазақ мемлекеттілігі идеясы төңірегіне бірігіп отырмыз. Президент Жолдауы жаңа міндеттерді айқындап берді. Ортақ мақсат жолында еңбек еткен халықтың алар асулары да биік болмақ. Жолдауда көзделген бағдарламалардың іске асуы Қазақстанды тағы бір жаңа белеске шығаратынына сенемін. Виктор КИЯНСКИЙ, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі, ҚХА мүшесі, техника ғылымдарының докторы, профессор.