Аймақтар • 24 Сәуір, 2024

Шыбын-шіркей мазаны алмай ма?

32 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Керекуліктер шыбын-шіркейге қарсы күрестің қамына кірі­сіп кет­ті. Жәндіктердің дернәсілдерін жоюға арналған «Бак­ти­цид» препаратының алғашқы 60 тоннасы облыс орталығына қа­зір­­ден жеткізіліп қойған. Ертіс өзенінде су жіберу шаралары аяқ­тал­ған соң, әуеден және жерден өңдеу шаралары басталады.

Шыбын-шіркей мазаны алмай ма?

Фото: almaty.tv

Мамандар дезин­сек­­ция­лық­ жұ­мыс­тар табиғи су жіберу өткізілген соң ғана жүргізу керек деп есептейді. Өңірлік жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ре­сурс­тары басқармасының басшысы Әйгерім Қабылтаева «Бактицид» биологиялық препараты біздің аймақта 10 жылдай қолданылып келе жатқанын атап өтті. Шыбын-шіркейдің препаратқа деген бейімделуі байқалмайды, ал дәрі­нің қор­шаған ортаға тигізетін зияны елеусіз. Ертіс өзенін жағалай орналасқан елді мекендер маңайын өңдеу шараларына 157 тонна препарат қажет. Оның 60 тоннасы қазірден жеткізіліп қойды.

– Биыл шыбын-шір­кей­ге қарсы өңделетін аумақ­тардың алаңы өткен жылдармен салыс­тырғанда екі есеге ұлғаяды. Жоспар бойынша ол 127 мың гектарды құрайды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 55,5 мың гектарға артық. Алғаш рет Пав­лодар және Ертіс аудан­да­рындағы жайылмаларға «Бак­ти­цид» шашылады. Өзендерді өң­деу жиілігі екіден үш ретке дейін көбейіп, Ертіс өзенінің 7 сағасында да өңдеу жұмыстары жүргізіледі. Ал 59 елді мекенде барьерлік өңдеу шараларын жүргіземіз. «Қазгидромет» мекемесінің хабар­лауынша, биыл көктем ұзақ­тау болады. Ертістің жоғарғы бөлі­гінде қыстан бері жиналған ылғал­дың мөлшері былтырғымен салыс­тырғанда 60-65 пайызға көп. Бұл биыл­ғы су жіберу деңгейін 5,5-6 тек­ше км көлемінде ұстауға жағдай ту­ды­рады деп есептейміз. Яғни бұл көлем өткен жылғыдан бір жарым есеге көп болмақ, – деді басқарма басшысы.

Шіркейдің көбеюіне тос­қа­уыл қою мүмкін. Био­логия ғы­лымдарының докторы, про­фессор Қанат Ахметов «Бактицид» деп аталатын микробиологиялық препарат дернәсілдер өз бетімен қоректене алатын даму деңгейінде ғана нәтижелі екенін айтады. Мамандар дернәсілдердің дамуын бақылап отырады да, уақыты жеткенде «Бактицидті» шашып, оларды жояды. Бекітілген стандартқа сүйенсек, егер әлгі биологиялық препарат шашылған жерлердегі қансорғыштардың кемі 80 пайызы қырылса, өңдеудің нәтижелі жүргізілгенін біл­діреді. Ал қанаттанып шық­қан шіркейлерді жою үшін кезекті химиялық, барьер­лік өңдеу күтіп тұрады. Ол елді ме­кендердің айналасындағы шөп­тесін жерлерде, ағаш тоғай­ла­­рында жүргізіледі.

Ғалымның пікірінше, жән­дік­тер­ді өңдеу арқылы жою – шыбын-шір­­кеймен күрес­тің жал­ғыз әрі тиім­ді жолы. Кейінгі 25 жылдағы зерт­теу­лер мұны айқын дәлелдеп отыр.

– Биыл қыста өңірде қар аз болды. Өңделетін аумақ­тар ұлғайғанымен, шыбын-шіркей саны соншалықты көп болады деп айта алмаймын. Біз 2000 жылдан бері сары маса мен шіркейді зерттеп келеміз. Алғашқы жылдары бір дециметр аумақта шіркейдің 6-7 мың данаға дейін дернәсілі кездесетін. Өңдеу жұмыстары жыл са­йын жүйелі жүргізіліп келе жатқанының нәтижесі болуы керек, қазір бұл норма 1-1,5 мың данаға дейін төмендеген. Негізі дернәсіл даму барысында төрт мәрте түлейді, содан аман өтсе, ұшып кетеді, – дейді Қ.Ахметов.

Ал Ертіс жайыл­ма­ла­рын­дағы шыбын-шіркейдің «ша­буы­­лының» өзіндік себеп­тері бар көрі­неді. Су тасығанда жо­лын­­дағы барлық шөгіндіні аударып, құм-қоқысты жол бойы шашып әкеледі. Судың бір ме­зетте күрт көбейіп, өзеннің өз кемерінен асуы ондағы жән­дік­тер­дің тіршілік ырғағын бұзады. Сөйтіп, өз дамуында қаншама қиын­дық­ты өткеріп, қоректену тап­шы­лығына ұры­на­ды. Олар аштық сезімін басу үшін бір­ден ақуыз іздей бастайды. Шіркейлер жолын­да кездес­кен жан-жануарды аямай талайтыны содан.

Биыл дезинсекциялық шараларды «В и К ЛТД» ЖШС жүр­­гі­зе­тіні белгілі болды. «Биосфера» ЖШС ғылыми сүйемелдеу жасайды. Жалпы, шыбын-шіркейді у­­лау жұ­мыс­та­рына бюджеттен 7,8 млрд теңге қаражат бөлінген.

 

Павлодар облысы