Қоғам • 13 Наурыз, 2024

Септігі тиетін сапалы протездер

33 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Миллиондаған халқы бар мегаполисте әлеу­мет­тік тұрғыда әркімге әр­түрлі қолдау қажет. Біреулер қаржылай кө­мек­ке, енді біреулер ма­ман­дардың кеңесі­не мұқтаж болса, ал мүге­дек­тігі бар жандардың жүріп-тұруы үшін за­ман­ға сай арнайы асай-мүсейлер керек.

Септігі тиетін сапалы протездер

Сурет ашық дереккөзден алынды

Мысалы, өткен жылы Алматыда мүгедектігі бар 433 адам инновациялық тех­ни­ка­лық оңалту құралдары­мен қамтамасыз етілген. Яғни ­2023 жылғы мемлекеттік сатып ­алу арқылы 150 протез, 200 арба, 76 сөйлеу процессоры мен ин­новациялық 7 есту аппараты алынды.

Осындай инновациялық протездің біреуіне қолы жет­­кен паралимпиадашы Джанэт Жакиеннің ендігі жер­де қаланы оңай аралап, пауэрлифтингпен айналысуды жалғастырып жатқаны қуантады.

«Мен 1976 жылдан бастап протезбен жүре бастағанда жасанды аяқтар ауыр әрі ыңғайсыз болатын. Уақыт өте келе олар жеңіл болып шығарыла бастады да, бұл өмірді едәуір жеңілдетіп, икемді болды. Алайда, өкі­нішке қарай, мұндай протездер спорттық жүктемелерге шыдас бере алмайтын. Қазір­гі заманауи протездер – жүру­ге де, жаттығуға да ыңғайлы. Ар­найы бекітетін құлыптары мен силикон қақпақтары бар», дейді паралимпиадашы.

Осы мақсатта биыл Алматыда жергілікті бюджеттен 1 млрд 396 млн 550 мың теңге сомасында мүгедектігі бар 288 адамды инновациялық техникалық құралдарымен қамтамасыз ету үшін қаражат бөлініп отыр.

Сапа басты орында бол­ғандықтан, мегаполис басшысы Ерболат Досаев қала тұрғындарымен кездескен кезде оңалту құралдарын жеткізушілерді таңдауда мемлекеттік сатып алу туралы заңға енген өзгеріс­тер­ге қатысты түсініктеме бер­ді. Себебі Наурызбай ауданы тұрғындарының бірі қала әкімімен кездесу барысында Жол картасы бағдарламасы арқылы былтыр көпфункционалды арба алғанын, сол арқылы баласының талай әжеті өтеліп, басын, денесін, аяғын ұстап тұра алатынын, емдік әсері де бар екенін алғыс сезім­мен жеткізді. «Бұл баламның оңалуына аса қажетті, сапалы гаджет екен. Жеткізушілерді таңдаған кезде тауарлар мен қызметтердің осындай сапасына мән беруді сұрағым келеді», деген еді ол.

Қала тұрғынының шынайы алғысына ризашылығын білдірген Алматы әкімі: «Балаларымызға оңалту құ­ралдарын сатып алу тәсіл­дерін қайта қарастырдық. Ата-аналарға ыңғайлы әрі шипасы бар заманауи арбаларды сатып алуды қа­да­ғалап отырмыз. Оған қоса протездерді ауыстырдық, есту қабілеті нашар балаларды оңалту мәселелерін қайта қарас­тыр­дық», деді.

Е.Досаев былтыр осы мақ­сатқа 1,3 млрд теңге бө­лініп, оңалту құралдарымен 433 адам қамтылғанын, биыл шама­мен осыншама сома бөлінге­нін жеткізді.

Алматы қаласының әкімі жеткізушілерді таңдауда сапа өлшемі бойынша Еңбек және әлеуметтік қорғау ми­нистрлігіне ұсыныстар тү­сір­генін алға тарта келе: «Қазір мемлекеттік сатып алу аясында бізге баға жағынан са­насуға тура келеді, бірақ ми­нистрлік бізді қолдайды деп үміт­тенемін және балаларымыз бен мүмкіндігі шектеулі ересектер үшін ең жақсысын сатып алуға тырысамыз», деді.

 

АЛМАТЫ