Баға • 08 Ақпан, 2024

Ұялы байланыс ақысы аспандап тұр

534 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Заманауи технология адам өмірінің ажырамас құралы ғана емес, мағынасына да айналып бара жатқандай. Бүгінде ұялы телефонсыз аттап баса алмайтын, жаныңда болмаса жарты ісің жүзеге аспай қалатын дәрежеге жеттік. Миллиондаған абоненттің аузын өзіне қаратқан ұялы байланыстың құны болса ешбір кідіріссіз, алаңсыз өсіп жатыр. «Ауадағы қызмет» ақысының қалайша аспандай беретінін түсінбеген жұрт тарапынан шағымдар жиілеп кетті.

Ұялы байланыс ақысы аспандап тұр

Коллажды жасаған – Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Елімізде 17,4 миллион абонент пайдаланатын мобильді интернет жаһандық желіге қол жеткізудің негізгі жолы болып отыр. Ал тіркелген сымды интернетті тек 2,9 миллион адам қолданады. 2022 жылдың соңында республикада 25,1 млн ұялы байланыс абоненті тіркеліп, олардың саны 3,3%-ға артқан. Сондай-ақ Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2022 жылы телекоммуникация нарығының көлемі 1,1 трлн теңгеден асып, оның алдындағы жылмен салыстырғанда 8%-ға ұлғайыпты. Оның қасында жергілікті телефон байланысы қызметтерінің нарығы тарылып жатыр. 2022 жылы ол 16,6%-ға, 29,1 млрд теңгеге дейін қысқарды. Ал интернет желісіне қол жеткізуді ұсыну бойынша нарық 15,4%-ға, 474,1 млрд теңгеге дейін өссе, ұялы байланыс 2,2%-ға, 250,6 млрд теңгеге дейін азайды. Тек 2023 жылдың қаңтар-мамыр айларында телекоммуникация нарығының айналымы 485,3 млрд теңгеден асып, бір жылда 9,1%-ға жетті.

Бүгінде ел аумағында ұялы байланыс қызметтерін Kcell және Activ сауда белгілері бар «Кселл» АҚ, Beeline және IZI белгісімен «КаР-Тел» ЖШС, Tele2 және Алтел арқылы «Мобайл Телеком Сервис» ЖШС жүргізетіні мәлім. Ұялы байланыс нарығының 63%-ын Қазақтелеком Kcell, Activ, Tele2 және Алтел компанияларымен, 37%-ын КаР-Тел Beeline арқылы бақылайды. Операторлар өз қызметтеріне тарифтерді өз шығындары негізінде дербес белгілейді, яғни кез келген уақытта және қалағанынша көтере алады. Пайдаланушылар бір оператордан екіншісіне ауыспауы үшін өзара сөз байласып, бағаны бір уақытта көтеруі де мүмкін. Бағаға әсер ететін қызмет көрсету шығындары, желіні ұстау мен дамытуға бітпейтін инвестициялар, жиілікті пайдалану құқығының құны, маркетинг, жылжыту, бағдарламалық жасақтаманы сатып алу, әкімшілік шығындар және инфляция ‒ операторлардың үнемі алға тартатын себептері. Бірақ Цифрлық даму министрлігінің мәліметінше, егер 2020 жылы ұялы компаниялар өндіріске – 136 млрд теңге, ал 2021 жылы 109 млрд теңге инвестиция салса, 2022 жылы шығындар 76 млрд теңгеге дейін төмендеген. Ал компаниялар бұл кезеңде пайданың өсуінен еш таршылық көрмеген.

Кейінгі бір жылда Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне (БҚДА) тарифтердің өсуі мен ұялы байланыс опе­раторларының талап етілмеген қыз­мет­терді таңуына 200-ден аса шағым түскен. Анықталғанындай, операторлар тарифтік жоспарда енгізілген қызметтер көлеміне елеусіз өзгерістер енгізе отырып, интернет-трафикті, абоненттер сұранысына қажетсіз әртүрлі бағыттарға минуттарды ұлғайтумен тариф құнын арт­тырған. Қазір агенттік компанияларды өздерінің тарифтік жоспарларының құнын келісілген түрде көтерді деген күмәнмен барлық үш ұялы байланыс операторына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.

Сонымен қатар БҚДА Көлік және байланыс департаменті әзірлеген заңнамалық түзетулер бойынша ұялы байланысқа арналған тарифтік жоспарлардың шарттарын өзгертуге және абоненттің ке­лі­сі­мінсіз интернет желісіне қол жет­кізу қызметіне тарифтерді арттыруға ты­йым салынды. Цифрлық даму, иннова­циялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің былтырғы наурыздағы бұй­рығымен жиілік жолақтарын та­ғайындау ережелеріне өзгерістер енгі­зіл­ді. Ұялы байланыс операторлары бұл түзетулерді жою үшін сотқа бірлескен талап-арыз түсірсе де, таразы иінін өзде­рі­нің дұрыстығына сендіре алмаған.

Цифрлық даму министрлігі алға тартқан Cable еуропалық зерттеу ком­пания­сының дерегінше, 2022 жылы Қазақстан ең арзан мобильді интернеті бар елдердің қатарына кіріп, 233 елдің рейтингінде 11-орынға ие болды. Бізде 1 Гб мобильді интернеттің орташа құны 0,37 долларды (165 теңге) құрады. Бірақ БҚДА бұл рейтинг халық табысының мөлшерін немесе жалақы деңгейін ескермейді деп санайды. Мәселен, АҚШ-та 2022 жылғы орташа айлық табыс 4 300 доллар (2 млн теңге), Израильде ‒ 3 300 доллар (1,5 млн теңге), Италияда 2 800 доллар (1,3 млн теңге), Ресейде ‒ 680 доллар (312,8 мың теңге), ал Қазақстанда ‒ 634 доллар (291,6 мың теңге). Сондықтан кіріс деңгейі бойынша статистиканы ескермей, мобильді интернеттің құны бойынша әртүрлі халықаралық рейтингтерге сүйену дұрыс емес.

Сол секілді 2020 жылдан бас­­тап операторлардың сапасыз байланыс қызметін көрсету фактілерінің күрт өсуі байқалды. Былтырғы қазан айын­да Speedtest мобильді интернет жыл­­­­дамдығының жаһандық рейтингі де­­­ре­гін­де еліміз 142 елдің арасында орташа жылдамдығы секундына 35,9 мегабитпен (С/Мбит) 67-орынға тұрақтады. Ең жылдам интернет БАӘ (269,4 С/Мбит), Қатар (206,8) және Кувейтте (191,7) болса, біз осы критерий бойынша Аустралиядан (97,4), Бразилиядан (47,9), Жапониядан (47) және Әзербайжаннан (45,7) кейін қалдық.

Зерттеушілер пікірінше, елімізде ұялы байланыс нарығы екі компаниямен монополиялануына байланысты қызмет сапасы төмендеп, баға көтеріліп отыр. Нарықтың ашықтық коэффициентін тексеру барысында шетелдік ұялы байланыс операторларына қазақстандық телекоммуникация нарығына кіру өте қиын екені белгілі болды. Заңнамаға сәйкес, радиожиіліктерге арналған сауда-саттыққа қатысушылардың ке­мін­­де алты облысты, республикалық маңы­зы бар қалаларды және Астананы қамтитын телекоммуникациялардың және ұялы байланыстың тармақталған магис­тральдық желісі, сондай-ақ бай­ланыс саласында кемінде 5 жыл тә­жі­рибесі болуға тиіс. Цифрлық даму министрлігі келтіргендей, қазір телекоммуникация нарығында қалааралық және халықаралық телефон байланысы, интернет желісіне қол жеткізу, спутниктік жылжымалы байланыс қызметтерін ұсынатын 20-ға жуық тіркелген байланыс операторы, 3 ұялы байланыс операторы жұмыс істейді. Бұл ретте жоғарыда көрсетілген телекоммуникациялардың тармақталған магистральдық желісіне мобильді операторлар мен 10 тіркел­ген байланыс операторлары ие. Бұдан шығатыны, жиіліктерді бөлу жө­нін­де­гі сауда-саттыққа қолданыстағы тір­кел­ген операторлардың жартысы ғана қатысуға құқылы. Департаменттің пі­кі­рінше, мұндай талаптар жекелеген операторларға радиожиілік ресурсына қол жеткізуде елеулі кедергі жасап, байланыс нарығында бәсекелестіктің дамуын тежейді. Сонымен қатар бұл ережелер сауда-саттық арқылы ұялы байланыс қызметтерін көрсетуге лицензия алған жағдайда жекелеген аймақтар мен облыстардағы негізгі ойыншылармен бәсекеге түсуі мүмкін шағын (аймақтық) бай­ланыс операторларының дамуына тұсау болады.

Агенттікке тек бір ғана оператор қатысатын жекелеген ауылдық елді мекендерде операторды таң­дау мүм­­кіндігінің жоқтығы туралы ша­ғымдар келіп түсіп жатыр. Опера­тор­лар мұндай инвестициялардан пайда таба алмайтындықтан, желіні шалғай ауылдарға тартуға мүдделі емес. Өткен жылдың қаңтарында елімізде 6 290 ауыл есептелсе, оның 1 432-сі мобильді интернетке қол жеткізбеген. 902 ауыл­да тек бір ұялы байланыс операторы жұмыс істейді, яғни тұтынушы таңдауы болғанымен, бәсекелестік туралы айту артық. БҚДА абонентке тек бір ұялы оператор қатысатын елді мекендердің аумақтарында өзге операторлардың ұялы байланысын пайдалануға мүмкіндік беру үшін опе­раторлардың жиіліктер мен байланыс құралдарын міндетті түрде бірлесіп пай­далануын енгізу мәселесін қарауды ұсынады. Мұндай жағдайда егер елді мекенде тек бір ұялы байланыс операторында базалық станса орнатылған болса, оған тілек білдірген басқа компаниялар жіберілуге тиіс.