Ғылым • 22 Қараша, 2023

Математиканы модельдеу маманы

350 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Болыс Сәбитбек – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінің түлегі. «Болашақ» бағдарламасымен Атлантада Georgia Institute of Technology магистратурасында аэроғарыш инженериясы мамандығы бойынша білім алған. Heidelberg Laureate Forum грантының жеңімпазы. Қазіргі кезде Лондондағы Queen Mary университетінде ғылыммен айналысып, постдокторантурада сабақ беріп жүр.

Математиканы модельдеу маманы

Queen Mary университеті Russell Group элиталық университеттер бір­лес­тігіне, әлемдегі 200 жоғары оқу орнының алғаш­қы легіне кіреді. Зерттеу жұмыс­та­рының сапасы жағынан 5-орында. Роботтехника, жасанды зерде, медицина саласы бойынша әлемдік зерттеулерде үлесі жоғары оқу орнында екі жүзге жуық елдің студенттері білім алады.

Магистратураны бітіріп келгеннен­ ке­йін Болыс математик, теоретик-фи­зик, ғылым докторы Дөрбетхан Сұра­ған­ның шақыруымен Математика және мате­матикалық модельдеу институтына жұмысқа орналасып, докторантурада білім алды. Ғылыми жетекшісі сол кез­дегі институт директоры Тынысбек Шәріп­ұлы болатын. Шетелдегі жетекшісі – Imperial Colledge London профессоры Михаил Ружанский. Ғылыми ортаға кеңі­нен танымал ғалымдардың, сондай-ақ италиялық профессор Клаудия Гарет­то­ның­ тобында жұмыс істе­ген­ Болыс осы жыл­дарда ғылыми мақа­лаларын жарыққа шы­ға­рып, док­то­рантураны тәмамдап, пост­док­то­ран­ту­ра­ға жұмысқа қабыл­дан­ған.

 

Ғарышты зеттеуге құштарлық

Болыстың ғарышты зерттеуге қызы­ғу­шылығы ерте жастан басталған. Ол Бай­қоңырдан ұшатын зымырандарды, Арқалық маңына қонатын ғарышкерлер экипажын бақылағанды ұнататын. Көк аспанға жиі көз тігіп, ғарыш әлемінің тылсымын зерттесем деген арманын магистратурада оқи жүріп іске асырды.

1877 жылы Марстың Фобос, Деймос ата­ла­тын табиғи серіктерін америкалық астро­ном Асаф Холл ашқаны белгілі. 2033 жылға қарай NASA технологиялық әрі ғылыми мақсатта Марс орбитасы­на­ жетуді, тіптен Фобосқа астронавт қон­ды­руды көздеп отыр. Ғалым­дардың болжамына сүйенсек, Марсқа барып, қайту шамамен бір жарым жылды құрайды.

Болыстың айтуынша, өткен ғасырда бас­талған спутникті фотоға түсіру жұмыс­та­ры әлі күнге жалғасын тауып келеді. «Менің ғылыми жұмысымның тақырыбы Марстың екі серігін суретке түсіруге қатыс­ты болды. Яғни наноспутниктің ішіндегі фото­аппарат арқылы Марс серіктерін жан-жағы­нан суретке түсіріп алуға болады. Ғылыми жұмыс нәтижесінде осы планетамен қашықтық арасы зерттеліп, кластерлар траекториясы, екі серікті де фотоға түсірудің қадамдары жасалды», дейді ол.

Жас ғалым қазіргі кезде ғарышқа қатысты зерттеулерін мате­ма­тикалық модельдеумен үйлестіріп, осы саладағы білімін тереңдетіп жүр. Десе де ол Эйнш­тейн­нің ықтималдық теориясына сәйкес «қара құрдым» сияқты ғарыштың әлі күн­ге ғалымдарға сыры беймәлім саласын зерттеуге деген ықыласы зор еке­нін­ айтады. Бүгінде шетел ғалымдары «қара құрдымның» айналу динамикасын физи­ка­лық, математикалық тұрғыдан зерттеп келеді. Болыс ғарышқа қатысты таяу бола­шақтағы зерттеулерін математика ғылы­мымен ғана байланыстыратынын алға тартты.

– Ғаламның негізі математикамен тығыз байланысты емес пе? Басқа ғылым­дардан айыр­ма­шылығы матема­ти­ка­ның дәлел­денген нәтижесін жаңа ақпа­ратпен жоққа шығара алмай­тын­ды­­ғы­мызда. Математика алыс­тан болжайтын ғылым. Бүгінде адам­зат дамуынан бір ғасыр алда кеткен математиканың елімізде әлі де игерілмеген саласы көп еке­ніне докто­рантура, постдокторан­ту­рада білім алып жүргенімде көз жеткіздім. Елімізде диф­фе­рен­­циялдық теңдеу мен алгебра жақсы дамығанымен, геометрия, статистика, ықтималдық теориясына қатысты зерттеулер кенжелеп тұр. Осы тұста елімізде математиканың күрделі бағыт­тарымен айналысып жүрген академиктер Мұхтарбай Өтелбаев, Тынысбек Шәріпұлы, Асқар Жұмаділдаев, қазіргі кезде Америкада жұмыс істеп жатқан Уәлібай Өмірбаев, сонымен қатар Мате­ма­тика және математикалық модельдеу институтының директоры физика математика ғылымдарының докторы, профессор Махмұд Садыбековтей ұстаздарымыздың жаңа буын математиктер тәрбиелеудегі еңбегінің орасан екенін айта кеткім келеді. Десек те бүгінде елімізде немесе шетелдерде оқып жатқан математиктер саусақпен санарлық. Соңғы кезде қоғамды шетелде оқыған жастардың елге оралғысы келмейтіндігі көп алаңдатып жүр. Меніңше, әлемге Қазақстанды мықты математиктері бар ел ретінде таныту уақыт талабынан туындайды. Мысалы, Америкада социология, экономика, қаржы саласына математиканы жақсы меңгерген мамандарды шақырады. Өйткені экономистерге математиканы үйреткеннен гөрі, математикке экономиканы үйреткен әлдеқайда тиімді. Бельгия, Скандинавия, Қытай, сонымен бірге өз елінен жұмыс таппағанымен, шетелде жүріп Италияның даңқын шығарып жүрген математиктер тәжірибесіне зер салу маңызды. Бүгінде түлектер үшін мемлекеттік «Болашақ» және басқа да гранттық бағдарламалармен шетелдерде оқу аса қиындық туғызбайды. «Атың барда жер таны желіп жүріп» демей ме халық даналығы. Олай болса, білімге құштар жастарды қолдап, ғылымның қай саласы болмасын насихатын күшейтіп, білімді жастар қатарын көбейту уақыт күттірмейді, – дейді ол әңгімесінде.

 

Әлемнің үздік математиктері дәріс оқиды

Queen Mary университетіндегі білім беру артықшылықтарына тоқталып өткен Болыс ақпаратпен жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, эссе жазып, ойын жеткізу, презентация жасап, сыни ойлауға машықтану тұманды Альбион елінде мектептен қалыптасқан дәстүр. Осы дағдыларын студенттер жоғары оқу орнында да үздіксіз жалғастыра алады. Ол білімін шыңдауға ғана емес, көптеген саланы, адами құндылықтарды терең меңгеруге ықпал етеді. «Лекцияда үй жұмысына өте көп көңіл бөлінетіндіктен, студенттің қаншалықты ізденетіндігін аңғаруға болады. Нақты бір тапсырма күтіп отырмастан, ақпарат іздеуге машықтары да көңіл аударуға тұрады. Білім алуға, кәсіби тұрғыдан жетілуге осылайша мүдделі, өз құндылықтарын бағалай алатын азаматы бар қоғамда тұлға тәрбиелеу әлдеқайда жеңіл болатыны сөзсіз», дейді Болыс.

Ол биылғы оқу жылының алғашқы семестрінде Data-Centric Engineering орталығында индус­трияның әртүрлі саласынан келген PhD мамандарға статис­ти­калық ойлау және математикалық инже­нирингтен лекция оқыды. Болыс бұл аудиториямен жұмыстың өте жақсы өткендігін айтады. Оны тыңдаушылардың идеясы мен тәжірибесі қызықтырды. Олардың бірі масалардың москит деген түрін зерттеп, статистиканы қолдана отырып, классификациясын жасаса, енді бірі Лондондағы баспана бағасының өзгерісі қандай параметрлерге байланысты екенін кесте арқылы зерттеген. Болыстың ай­туын­ша, мұндай білім дағдысы ақпаратты терең талдауға, нысанды мұқият зерттеуге мүм­кіндік береді. Бүгінде үздік оқу орындары шоғырланған тұманды Альбионда профессорларға арнайы семинарлар семестр бойы үздік­сіз өткізіліп отырады. Queen Mary университетінде дүние жүзінің ең мықты деген математиктері баян­дама жасайды. Сондай-ақ бірнеше уни­вер­ситеттің бірігіп жұмыс істеуінің нәти­жесінде ғалымдар бірін-бірі жақсы таниды. Жаңадан маман келіп жатса, оны семи­нарға шақырып отыру, түскі асқа бару дәстүрі қалыптасқан. Ол ғылыми ортаға жылдам бейімделіп, білім алмасуына оң ықпал етеді.

 

ChatGPT: қазақтілді контентті дамыту қажет

«Жасанды зерде адамзат өміріне революциялық өзгерістер енгізіп жатыр. Ол арқылы мәтін жазып, сурет салуға, ­аудио арқылы дыбысты да шығаруға болады. Бизнес саласында да тиімді қолданыс тауып келеді. Бірқатар сарапшы жасанды зерденің болашақта адамзатқа зияны, жұмыс орындарының қысқаруы сияқты деректерді алға тартады. Алайда жасанды зердені адамзат тек игілік жолында ғана пайдалану қажет», дейді Болыс.

Қазіргі кезде ChatGPT нейро­жүйесі дүние жүзінде кең қолданылып жатыр. Оны жал­ған ақпарат тарату арқылы өз мүд­де­сіне пайдаланушылар да жоқ емес. Болыс Сәбитбектің айтуын­ша, ChatGPT нейрожүйесін «ақылды гугл» деп те атауға болады.

«Қазіргі кезде жаңа тех­но­логияларға арналған бағдар­ла­малар тың идеяларды іске асыруға, білімнің жаңа көкжиегін игеруге мүмкіндік береді. ChatGPT үлкен кеңістікке тарап үлгергендіктен, оның алгоритмін көбірек пайдаланған абзал. Өйткені бұл нейрожүйеден ақыл сұрауға болады. Ағылшын тілі жеткіліксіз болып жатса, ChatGPT көмегімен әртүрлі идеяларды қолданған оңтайлы. Оқу бары­сында түсінбегенді түсінуге, мақала жазғанда, сондай-ақ есептің моделін шешу барысында нейрожүйе мүмкіндігін кеңінен пайдалана аламыз. Яғни ChatGPT елімізде кеңінен қолданыс тапқанын қалаймын», дейді ол.

Болыс осы орайда жасанды зерденің игілігін көру үшін ғалам­тор­да қазақ тілін­дегі контентті көбейту қажеттігін алға тарт­ты. Оның айтуынша, ChatGPT қазақ­ша­ ақпараттарды игеруі үшін шет тілдеріндегі әдебиеттер, оқу­лық­тарды қазақ тіліне ­аудару қажеттігі туындап отыр. Бұл нейро­жүйенің тілі бағдарламалау мен математика болған­дық­тан, жасанды зердені түсіну үшін өз өміріміздегі қолданысына мән ­беруге тиіспіз. Қазір ақпарат ғасыры. Сондықтан жасанды зерде адамзаттың тоқырауы емес, дамуы мен игілігіне жұмыс істеуге тиіс. Бұл бағытта білімге құштар жастардың психологиялық, сараптамалық, сыни ойлау машығы қалыптасқаны абзал. Сонда ғана оның игілігін көре алатын боламыз.