Пікір • 14 Маусым, 2023

Ойласу ма, ойын-сауық па?

7434 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Статистикалық деректерге сүйенсек, тәуелсіз ел атанған уақытта ұлтымыздың саны бар-жоғы 6,5 мил­лион ғана болды. Яғни қазақтар респуб­лика халқының 40 пайызын ғана құраған. Ал бүгінде ұлт саны 13 965 957 адамға жетті, бұл – 70,7 пайыз. Әрине, қазақ санының артуына демографиялық өсіммен қатар, қиын-қыстау заманда бас сауғалап шетел асқан қандастарымыздың тарихи Отанына оралуы да өз үлесін қосқаны сөзсіз.

Қандастардың туған топыраққа келуіне Дүниежүзі қазақтарының құрылтайындағы үндеу қозғау салғаны белгілі. Өйткені алыстағы ағайынды елге шақыру үшін де жағдай жасау қажет еді. Шетелдегі қандастарымыздың басын қосқан алғашқы құрылтайда көші-қон мәселесін реттеу, мұндағы тұрмыс жағдайы кеңінен сөз болды.

Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы 1992 жылы – Алматыда, 2002 жылы – Түркістанда, 2005, 2011, 2017 жылдары Астанада өтті. Алғашқы құрылтай нәти­жесінде шеттегі қазақтардың көбі елге оралып, жастар оқу орындарына түсе бастады. Екінші құрылтайда Қытай қазақтарының келуіне мүмкіндік жасалды. Төртінші құрылтайдан кейін көші-қон туралы заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, қабылданды. Соңғы өткен құрылтайда да шеттегі қазақты елімізге көшуге ынталандыру сөз болып, олардың мұң-мұқтажы тыңдалды.

Бұл енді елде өткізілетін үлкен құрылтай. Бұдан бөлек, кіші құрылтайлар бар. Оның бірі  – жыл сайын өткізілетін Еуропа қазақтарының құрылтайы. Ол «Отандастар» қорының қолдауымен ұйымдастырылады. Айта кетсек, «Отандастар» қорын құру туралы шешім 2017 жылы Тәуелсіздік сарайында өткен Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында қабылданды. Қор қандастарға мемлекет пен қоғам тарапынан көмек жасау үшін, шетелдегі және елге көшіп келген ағайындардың мұң-мұқтажынан хабардар болып, қолұшын беру үшін құрылды. Құрылтайдың өзі де мәселелер ашық айтылатын, кейін шешімі шығарылатын жиын емес пе?

Еуропа қазақтарының биылғы құрылтайы Германияның Көлін қаласында өтті. «Отан­дастар» қорының мәліметі бойынша 3 күнге созылған құрылтайда диаспора өкілдері­мен, еуропалық қазақ жастарымен кездесу, кітаптың тұсаукесері, «Абай үйінің» ашылу салтанаты, ұлттық нақыштағы киімдер мен қолөнер бұйымдарының жәрмеңкесі, этно-фото көрмелер, түрлі спорттық жарыс өткен. Құрылтай жұмысы атажұрттан барған танымал өнер жұлдыздарының гала-концертімен аяқталған. Қарап отырсақ, ойын-сауықпен өткен құрылтай, әрине танымдық жағы бар сияқты. Десек те, Еуропадан гөрі ТМД елдері, Азия елдеріндегі қазақтардың мәселесі зор секілді. Осы тұста Азия қазақтарының келелі құрылтайын неге өткізбеске деген сұрақ туындай­ды. Өйткені шетелдегі қазақтармен рухани байланыс Еуропадағы санаулы қазақтың ортасына барып сайран салып, демалып қайту емес қой. Негізі мұндай қауымдастықтар жырақтағы қазақ пен атажұрттағы қазақ арасын жалғайтын алтын көпір болуға тиіс емес пе? Осы орайда қауымдастықтағылар көбінесе бюджеттің ақшасын шашу, Еуропаға барып саяхаттау, кіші құрылтай өткізу деген сылтаумен жүрген секілді.

Жалпы, осындай құрылтайлар қазақ көшіне қатысты қандай да бір жайттардың шешімін табуына ықпал етіп келе ме? Құрылтай қандай шешім қабылдап жатыр? Әлде бұл басқосулар шапан киіп, жарыса мадақ айтып тарқайтын жиынға айналып бара ма?

Бастауын сонау 1992 жылдан алатын Дүниежүзі қазақтарының құрылтайлары жер шарының түкпір-түкпірінде тұратын этностық қазақтардың іскерлік сұхбаты алаңына айналды. Ол қазақ халқының мәдениетіне, тарихына және салт-дәстүрлеріне жаңаша тұрғыда қарауға, оны молайтуға мүмкіндік береді. Құрыл­тай, сондай-ақ отандастарымыздың атажұртқа өз еркімен қоныстануына жол ашады. Осынау маңызды іс-шара көші-қонға жауап­ты мемлекеттік органдарға шетелден қоныс аударушылардың өздерінің тарихи отан­дарында бейімделуіне, этностық көші-қон мә­с­елелерін шешуге, көші-қон және білім туралы заңдарына байланысты уақыт талабын ескеруге жаңаша тұрғыдан қарауға көмектеседі.

Алайда Еуропадағы қандастарымыздың әлеуметтік жағдайы бізден де көш ілгері екені белгілі. Олар тарихи Отанына оралуды жақын-жуықта мақсат тұтып отырған жоқ. Сондықтан ол жақта жыл сайын құрылтай өткізудің қажеті бар ма? Ал құрылтай қандастардың мұң-мұқтажын естіп, көмек қолын созуға мүмкіндік беру керек. Ендеше қазір Иран, Ауғанстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей, Моңғолия, Қытай секілді елдердегі қандастарымыздың басын қосып, құрылтай өткізген маңыздырақ болар еді.