Жастар • 30 Мамыр, 2023

«JastarX»: ұлт бірегейлігі неде?

252 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Қазақтың бірегейлігі неде? Әлем бізді қалай танып жатыр? Жұмысын енді ғана бастаған «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының «JastarX» сарапшылар алаңына жиналғандар осы сұрақтарды жан-жақты талқылап, ел дамуына өздері қосып отырған үлестерін ортаға салды. Алаңның алғашқы жиынына Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі қатысып, сүйінші жаңалығын жеткізді.

«JastarX»: ұлт бірегейлігі неде?

«Жастар» ғылыми зерттеу орталы­ғына биыл – 10 жыл. Осы уақыт аралы­ғында орталық жастарға қатысты бірқатар әлеуметтік зерттеу жүргізіп, жақын аралықта көлемі жағынан да, мазмұны жағынан да қайталанбас 11-ші «Қазақстан жастары» баяндамасын жарияламақ.

«Өз жұмысын бастағалы жатқан алаң орталық ұйымдастырған алғашқы іс-шара емес. Бұған дейін де, қазір де түрлі тақырыпта бірнеше эксперттік, талқылау алаңымыз жұмыс істеп жатыр. Жастардың өзекті мәселелерін шешу жолдарын қарастырып, оларға қатысты ұсынымдар әзірлеуде ұйымның рөлі ерекше. Сол себепті әр алаңымыздың маңызы да зор», деді «Жастар» ғылыми зерттеу орталығы директорының орынбасары Әйгерім Серікжанова.

Осы орайда басқосуға арнайы келген Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі «Жастар» ғылыми зерттеу орталығын өз алдына жеке мекеме ретінде шығаруға шешім қабылданғанын айтты.

Жиын тақырыбына оралсақ, ұйымдастырушылардың айтуынша, кездейсоқ таңдалған тақырып емес, қазіргі кезде әлем елдері өз ерекшелігін, бірегейлігін танытуға күш салып жатыр.

«Жалпы, қазақ айдентикасы деген не? Тәуелсіздік алған уақыттан бері өз бірегейлігімізді айқындауға, тереңдігін түсінуге, маңызын анықтауға біраз талпыныс болды. Қазір ел азаматтарының жаңа толқыны әр салада үлкен жетістіктерге жетіп жатқанын байқаймыз. Олардың әрқайсысы дерлік өз саласын қазақ айдентикасымен тікелей байланыстырады», деді Әйгерім Серікжанова.

Қазір жасанды ақыл-парасатты ұтымды пайдаланып, ұлттық нақыш­тарымызды насихаттап жүрген жастар арасынан режиссер, өзінің «Замандас» подкасты арқылы көпшілікке жас буынның жан-дүниесін ашып көрсетіп жүрген Қанат Бейсекеев, поэзия мен музыканы ұштастырып, заманауи әдебиет пен музыка бағытына жаңа көркемдік леп берген, Ұлыбританияда, Германияда, жақында елордада концертін берген «Maqpalsher» – Мақпал Жұмабай, білегінің күшімен ғана емес, рухы, ойымен қазақ екенін, түптеп келгенде, еліміздің кім екенін әлемге танытып жүрген Геннадий Головкин, «Qazaq Republic» брендінің негізін қалаушы Сәкен Жолдас, отандық және әлем әдебиетінің ұлы туындыларын қазақ тілінде шығаратын «Qasym» баспа үйінің негізін қалаушылар – Ерлан Әшім мен Арман Әлменбет, жұртшылықты қазақ әлеміне ғашық етіп жүрген Диас және Айгерім Камеридановтарды, қазақ мифологиясының маманы, аудармашы, жазушы Зира Наурызбайды атауға болады.

«Еліміздің әрбір азаматы – қазақ ұлтының бір бөлшегі. Олардың әрқайсысы ұлтымыздың өркендеуіне зор үлес қосып жүр. Мемлекетіміздің қозғаушы күші де – жастар. Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айдентика, ұлттың болмысы туралы өз ойын айтты. Біріншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясындағы жиында Мемлекет басшысы «Даңқты отандастарымызды, спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс», деді.

Екіншіден, ол бізді Қазақстан­ның төлқұжаты мен Туы біріктіреді деді. Шын мәнінде, қазіргі геосаяси жағдайда көк паспортымыз – біздің мақтанышымыз. Ол – тұрақтылық пен татулықтың, тыныштық пен өсіп-өр­кендеудің белгісі. Сондықтан бүгінде төлқұжат алу – артықшылық. Еліміздегі азаматтарды біріктіретін фактордың бірі төлқұжат болса, екіншісі бәрімізді үлкен мақтанышқа кернейтін – көк Туымыз. Жақында жігіттеріміз Ташкентте өткен бокстан әлем чемпионатында жеңіске жетті. Көк Туымыз көтерілген са­йын бәріміз қолымызды кеудемізге қойып, Әнұранымызды бірге шырқадық. Еліміздегі барлық этнос өкілдері осы қуанышқа ортақ болды», деді жиында сөз алған министр.

Сараптама алаңына шақырылған спикерлер – қазақ айдентикасының дамуы мен көпшілік арасында таралуына үлкен үлес қосып келе жатқан сарапшы, мамандар. Мәселен, «Абай жолы», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Міржақып. Оян қазақ» сериалдарының сценарий авторларының бірі, ақын, жазушы, киносценарист Ұларбек Нұрғалымұлы ұлттық бірегейлік қазақтың әрбір мағыналы сөзінде жатыр деген пікірін айтты.

«Мысалы, біз Алаш арыстары дегенді жиі айтып жүрміз. Ал «арыс» сөзінің мағынасын терең түсінбейміз. Киіз үйіміздегі шаңырақтың шеңберін арыс дейді. Бұл бір мағынасы. Шаңырақ сынса, ол ортасына түседі. Қазақта бұрын отағасын жоқтаған кезде «арысым құлады» деп жоқтайды екен. Ол отағасы отбасының тірегі, ал шаңырақтың арысы барлық киіз үйдің тірегі. Терең түсінетін болсақ, Алаштың арыстары – халықтың тіректері. Осыдан оларға құрмет, Алаш арыстарына деген көзқарас өзгере бас­тайды. Мұндай сөздер қазақта көп, мағынасы көмескіленіп қалса да оны еш сөз ауыстыра алмайды», деген ол осы сөздің мағынасын талдап берді.

Сонымен қатар ҒжБМ Ғылым коми­теті Жошы Ұлысын зерттеу ғылы­ми институтының директоры, PhD Жақсылық Сәбитов ұлт тарихын сөз етті. Ал дизайнер, «Creeon» дизайн студиясының негізін қалаушы Қасымхан Жапанов «Дизайндағы қазақ айдентикасы» туралы өз ой-пікірін ортаға салды.