Жастар • 10 Наурыз, 2023

Жастар туралы жаңа заң 6 миллион жастың арманын орындай ма?

609 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Енді еліміздегі 35 жасқа дейін­гі азаматтар ресми түрде жас­тар санатына кіреді. Осылайша, олар «Жастар практикасы», «Диплом­мен – ауылға!» сынды мем­лекеттік бағдарламалар ар­қылы жұмысқа орналасу құқы­ғына ие болды.

Жастар туралы жаңа заң 6 миллион жастың арманын орындай ма?

Бұған қоса, баспана алуға бағыт­талған «Жас отбасы», «Елорда жас­тары», «Алматы жастары» секілді мүм­кін­діктердің игілігін көре алады. Бұл – жақында қабылданған «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңның аясында қолданысқа енген оң өзгерістердің бірі. Жалпы, жастарға қатысты құжат тағы қандай мүмкіндіктерге жол ашады? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ­­былтыр 26 желтоқсанда «Қазақстанның кейбір заңнамалық актілеріне мемлекет­тік жастар саясаты және әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойы­нша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Құжатқа жаңа өзгерістер енгізіліп, шамамен­ екі айдан аса уақыт қоғамның талқысында болды.

мсмс

«Бұл заңның негізі алғаш егемендік алған 1991 жылы 28 маусымда бастау алған. Кейін 2004 ­жылы 2 маусымда өзгерістер мен түзетулер енгізіліп, қайта күшіне енді. ­Осылай 18 жыл бойы өзгеріссіз сақталды. Алайда жаңа заман талабына сәйкес жаңа заң қажет екені байқалды. Себебі жастардың талабы, өмір сүру деңгейі, көзқарасы уақыт ағынымен өзгерді. Соған сәйкес заңға да жаңашылдықтар керек еді. Бұл құжат толық қаб­ылданбас бұрын еліміздің 17 аймағында­ барлық жас­тар ресурстық және жастар саясаты орталықтары және Президент жа­нындағы жастар кеңе­сі­нен өңір­де­гі облыс әкімдерінің жанын­дағы комиссияның аясында кеңінен тал­қы­ланды. Яғни өте күрделі, жүйелі жұмыс жасалды. Құжатты талқылау бары­сында 100-ге жуық ұсыныс, өтініш-талап келіп түсті. Одан бөлек, жастармен сұхбат құруды жөн көрдік. Ақпа­рат­тық технология игілігі­мен әлеуметтік мессенджерлер арқылы сауа­л­­­­­нама жүргіздік. Жастардың жасын 35-ке дейін көтеру жөнінде сауал­­нама жасалған. Идеяны жастардың бәрі қолдай кетті. Қоғамдық тыңдаулар да жүргізілді. Осы әдіс-тәсілдердің нә­тижесінде заңға қажетті ма­ңызды өзгерістер мен түзетулер, то­лық­тырулар енгізіліп, бүгінде құ­жатта айшықталды», деді Ақпарат және қоғам­дық даму министрлігі Жас­тар саясатын үйлестіру басқарма­сы­ның басшысы Ақұлан Тастемір.

Осылайша, 1 наурыздан бастап «Мемлекеттік жастар саясаты» туралы заң толық күшіне енді. Мұндағы мақсат – жастардың дамуына жағдай жасау және олардың мемлекет өміріне қатысуына мүмкіндік ұсыну. Құжат­тың басты жа­ңалығы бұрын жастар тізіміне 14-29 жас аралығындағы азаматтар кірсе, жаңа заңға сәйкес жас шегі 35 жасқа дейін ұлғайтылды. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі әлеуметтік желідегі парақшасында жазба қалдырды. ­«Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы 2022 жылы 26 желтоқсанда заңға қол қойған еді. Ережеге сай ­заң алғаш ресми жарияланған күннен кейін алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі. Сондықтан жаңа заңның ­барлық нормасы енді толық жұмыс істейді. Соған сәйкес бұдан былай Қазақстандағы 35 жасқа­ дейінгі азаматтар­ жастар санатына қосылады. Бұл дегеніңіз – елімізде жастардың үлесі ­3,7 млн-нан 6 млн-ға көбейді деген сөз.­ Ендеше, мемле­кеттік бағдарламалардың игі­лі­­гін көретін жас­тар саны да арта­ды. ­Сондай-ақ жаңа заңда енді жас­тар­­дың даму индексі, жұ­мыс­қа орналаспаған жастар (NEET ­сана­тындағы жастар), жастармен жұмыс жөніндегі маман, жастардың еңбек жасақтары ұғымдары ресми түрде ­қолданылады. Бұл Мемлекет басшысының бастамасымен жасал­­ған реформалардың бір көрінісі екені анық», деп жазды министр.

Жалпы есептеп қарасақ, 14 жастағы бала мектеп оқушысы ­санатына кіреді. Ол­­ ша­мамен ­17-18 жасында орта мек­теп­ті бітіреді. ­Кейін жоғары оқу орнына түсіп, 4 жыл жоғары бакалавр, 2 жыл магистратура оқиды. Сонда 25 жасқа дейін студенттік кезеңнен өтеді. Ал оқуын сәтті аяқтағандар жұмысқа орналасады. Көп­ жағдайда диплом алған жастар «Мамандық бойынша жұ­мыс істегім келмейді» немесе «Ма­ман­дық бойынша жұмыс істеп көрдім, бірақ мен таңдағандай емес екенін түсін­дім» дег­ен секілді түрлі себеппен NEET санатындағы жастар қатарын көбейтеді. Кәсіп ашқысы келсе де, қандай да бір жеңілдікті керек етеді. Сонымен қатар ­35 жасқа дейінгі азаматтар үшін баспана мәселесі де өзекті проблемаға айналады­. Осы ретте жаңа заңның мүмкіндіктері көмекке келе ме?

«Бұрын заң аясында әзірленген мүм­кіндіктер 29 жасқа дейінгі азамат­тар­ға қолжетімді болса, енді 35 жас­та­ғылар пайдалана алады. Жұ­мыс­пен­ қамтуға байланысты «Жастар практикасы», «Дипломмен – ауылға!», «Серпін»,­ «Жастар – ел тірегі», «Жасыл ел» сынды мемлекеттік бағдарламалар енді 35 жасқа дейінгі азаматтар үшін де ­қолжетімді болмақ.

Ең негізгі мәселенің бірі – жас­тарды баспанамен қамту. Мыса­лы, былтыр белгілі бір бағдар­ламаларға 29 жастағылар қатысып, нәтижеге қол жеткізе алмай қалғандар саны көбейген. Бұл қатарда «Елорда жас­тары», «Астана жастары» сияқты жалдамалы пәтерлерге қатысты бөлек жобалар да бар. Жасы өтіп кеткен немесе жасына сәйкес қатыса алмаған жастарға бұл ауыр соққы болғандай еді. Енді оларға керемет мүмкіндік туып тұр. Кәсіппен айналысамын деу­шілерге де 5 млн теңгеге дейін несие алып, ісін дөңгелетсе болады. Бұған қоса жастарға берілетін «Дарын» мемлекеттік сыйлығы бар. Оған екінің бірі қол жеткізе алмайды. Жылда тек 20 адам ғана жеңімпаз болуы мүмкін. Соған қол жеткізе алмаған, конкурс ережесіндегі бұрынғы шектеулерге байланысты жасы бойынша өтпей қалғандар үшін керемет жаңалық. Осылайша, 35 жасқа дейінгі азаматтарға мемлекеттік деңгейдегі марапатты алуға жол ашылды. Тағы бір айта кететіні, Президент тапсыр­ма­сына сәйкес тағайындалатын «Тә­уел­­сіз­дік ұрпақтары» деген мемлекеттік грантпен 3 млн теңге қайтарымсыз түрде 30 грант 5 түрлі бағытпен бе­рі­ле­ді. Ендігі кезекте 35 жасқа де­йінгі азаматтардың жобаларын қа­былдауға әбден дайынбыз. Былтыр қанатқақты жоба ретінде «Jas project» жобасы төрт өңірде іске асырылды. Биыл рес­публика көлемінде іске асыруды жоспарлап отырмыз. Білім, ғылым, ізденушілікпен айналысатын жастарға жыл сайын берілетін 1 мыңнан астам түрлі грант бар. Былай қарағанда, 19 млн ха­лықтың ішіндегі 6 млн азаматқа қол­дау көрсетілетіндей жағдай жасалды деп айта аламыз»,  дейді А.Тастемір.

Әлеуметтанушы Рамазан Салық­жа­нов заңда белгіленген жас шама­сы­ның ұлғайтылуының да бір негізі бар деп отыр. Сарапшы өйткені эко­номикалық қыспаққа түскен, әлеу­­меттік саяси тұр­ғы­дан әлі де болса мемлекеттің қол­дауына зәру бұл демографиялық топқа қолдау, жағдай жасау орынды дейді.

«Жастар үшін жыл сайын жаңа бағдарламалар, жаңа жобалар, көп­те­ген жаңа іс-шара пайда болып жататыны – көз көріп, құлақ естіп жатқан жаңалық. Жалпы, дүниежүзілік трендке байланысты жастардың жасы ұл­ғай­тылуы көрініс тауып жатыр. Мысалы, халықаралық денсаулық сақтау ұйымы жастардың жасының шегін 40 жасқа дейін жеткізген болатын. Бұл негізі адамдардың өмір сүру жасының ұзақтығына байланысты. Бізге де осы үрдістің келуі орынды. Неге десеңіз, Қазақстан халқының өмір сүру жасы ұлғайып келеді», деді ол.

Алайда әлеуметтанушы мұның да бір кемшін тұсы барын жасырмады. Себебі еліміздің қозғаушы күші жас­тар десек, оларды қорғаштап, қолдап, барлық жағдайды жасап жүріп, осы санаттағы азаматтардың инфантилді болуына ықпал етеміз бе деген қауіп бар екенін алға тартты.

«Бұл жастар қоғамдағы өздерінің күш-қуатын, қайратын, талаптарын аяқасты қылмай ма деген қорқыныш бар. Жастарды жұмысқа орналастыру бойынша тағы бір айта кететіні, біраз іс-шара тұрақты емес, бір маусымдық, науқандық салалар. Мәселен, құрылыс жасақтары, қаланы абаттандыру, безендіру деген секілді. Бұл жерде заманауи мамандықтарды оқытып-үйретіп, жастарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз ету мәселесін біріздендіру керек. Әсіресе 9-сыныптан кейін немесе 11-сыныптан кейін білім алмайтын бала бос жүрмей міндетті түрде бір кәсіп игеруге тиіс. 11-сыныптағы балалар жоғары білім аламыз, болашақта күрделі бір технологиялық, кәсіп игереміз деген ниетте болуы қажет. Ал 9-сыныптан кейінгі мектеп бітірушілер қолданбалы, қарапайым бір маман иесі болып, өзін асырап, елге де қызмет етіп, экономикаға да үлесін қоса алады. Бізге қаншама көлік жүргізушілері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы техник, механик, сантехниктер жетіспейді, солардың бәріне жоғары білім алмайтын, бос жүрген балаларды тартып, бұл да кәсіп екенін, адал табыс екенін үйретіп, насихаттауы­­­мыз керек», деді ол.

Жастар туралы жаңа тұжырым­да­ма­да игі бастамалар аз емес. Соның бірі – жастар саясатына серпін берер Қоғамдық кеңестер құрамына міндетті түрде квота енгізу, барлық өңірде жас­тар ресурстық орталығын ашу істері. Заң­ның басты көздегені жастардың жасын 35-ке дейін ұлғайту арқылы бұл санаттағы буынға саяси, әлеуметтік, экономикалық қолдау көрсету болатын. Сондай-ақ NEET санатындағы жастар заңмен бекітілді. Яғни нормативтік актілерді пысықтау мүмкіндігіне ие бол­дық. Тағы бір айта кетерлігі, дамы­ған елдердегідей «Жастардың даму индексі» заңмен шегеленді. Жастар ара­сындағы суицид, қылмыс, баспана­мен, жұмыспен қамту, білім мәселелері және тағы да басқа 30-дан астам пункт барлық дең­гей­дегі әкімдіктердің даму картасына енгізілді. Жаңа заңдағы осы өзгерістер 6 мил­лион жастың арман-мақсатының нақты іске асуына негіз бола алары анық.