Экономика • 07 Желтоқсан, 2022

Жекешелендіру жалғасады, талап күшейеді

271 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау барысы қаралды. Аталған тақырып бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады.

Жекешелендіру жалғасады, талап күшейеді

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «EQ»

Мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі

Е.Жамаубаевтың айтуынша, Жеке­ше­лен­дірудің 2021-2025 жылдарға ар­нал­ған кешенді жоспары мемлекеттік мен­шіктегі және квазимемлекеттік сек­тор­дағы 675 нысанды қамтиды. Оның ішінде республикалық меншіктің 7, ком­муналдық меншіктің 250, ұлттық хол­дингтер мен компаниялардың 262, әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпора­ция­лар­дың 156 нысаны бар.

Бүгінде жоғарыда айтылған 675 нысаннан сомасы 141,7 млрд теңге бо­латын 253 нысан бәсекелес ортаға бе­рілді; 60-ы қайта ұйымдастыруға және тара­туға жіберілді; 146-сы сауда-саттық­та болса; 216 нысан сату алдындағы дайындықта тұр. «Кешенді жоспардағы сату, қайта ұйымдастыру және тарату бойынша үдерістердің орындалуы 46%-ды құрайды. Ал Кешенді жоспар нысандарын сауда-саттыққа шығару көр­сеткіші 68%-ды құрап отыр», деді министр.

Оның айтуынша, Кешенді жоспарды уақтылы және тиісінше орындау мақсатында мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында әрбір нысанды сатуға шығару бойынша іс-шараларды өткізу мерзімдері көрсетілген жол карталары ор­на­ластырылды. Жол карталары ашық және танысуға қолжетімді. Жыл соңына дейін Кешенді жоспар нысандарының 80%-на дейін сауда-саттыққа шығарылуға тиіс. Осыған орай Қаржы ми­нистрлігі сату жол карталары бойын­ша іс-шаралардың орындалуына тұрақты мо­ниторинг жүргізуде.

«Биылғы қыркүйекте және қарашада бұл мәселе бойынша арнайы жиналыс өткізіп, қажетті іс-шараларды жеделдету бойынша тиісті тапсырмалар берген болатынмын. Соның нәтижесінде мем­лекеттік мүлік тізілімінің веб-порта­лына жаңадан енгізілген 13 нысан бо­­йынша жол карталары енгізілді, сон­дай-ақ коммуналдық меншіктегі және әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­ция­лардың 24 нысаны бойынша жол кар­та­лары өзектендірілді. Бұған дейін бұл нысандарды сатуға шығару мерзімі ай­қын­далмаған», деді Е.Жамаубаев.

Бұдан басқа, жақында Қазақстан қор биржасында және Астана халықаралық қаржы орталығының биржасында IPO арқылы «ҚазМұнайГаз» ұлттық ком­па­ниясының акцияларын орналастыру процесі басталды.

Негізінен өңірлер мен әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының көбісі Кешенді жоспар нысандарының 80%-ын
сатуға шығарғанын атап өткен жөн. Соның ішінде жекелеген өңірлер мен ӘКК-лер нысандарды сатуды 90-100% қам­тамасыз етті. Бұл – Қарағанды, Абай және Ұлытау облыстары, сондай-ақ «Kokshe», «Тобыл», «Байқоңыр» ӘКК-лері. Дегенмен 7 өңір мен ӘКК көздел­ген көрсеткішке сәйкес дер не­гізін­де нысан­дарды сатуға шығарып үл­гер­меген. Соның ішінде ең төменгі көрсеткіштер Маңғыстау, Ақтөбе облыстарына, «Сарыарқа» ӘКК-ге тиесілі.

«Баяндалғанды ескере отырып, об­лыс­тардың, Астана, Алматы және Шым­­кент қалаларының әкімдері, ұлттық хол­динг­тер мен компаниялардың, ӘКК басшылары Кешенді жоспар бойынша іс-шараларды ерекше бақылауға алып, оның толық орындалуын қамтамасыз етулері қажет. Тиісті тапсырма беруіңізді сұраймын», деді Е.Жамаубаев.

Ұлттық экономика министрі Ә.Қуан­ты­ров өз баяндамасында Мем­лекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында ведомство жекешелендіру бо­йынша Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп айтар­лық­тай жұмыс атқарғанын айтты. Мә­се­лен, биылғы ақпан айында жекеше­лен­діру тізбесін одан әрі кеңейту үшін активтерді іріктеу өлшемдері бекі­тілді. Оның ішінде акциялардың бақы­лан­байтын пакетін иелену және қыз­мет­­тің негізгі көрсеткіштеріне қол жеткізбеу, сон­дай-ақ монополияға қарсы ор­ган­ның бәсекелестік ортаға беру жө­нін­дегі ұсынысының болуы және тауар на­ры­ғын­да қатысудың ұсынылған мерзі­мі­нің бас­­­талуы секілді өлшемдер бар. Осы негізде Кешенді жоспарға 170-тен астам нысан қосылып, өзектендірілді. Сонымен қатар жекешелендіру кезінде мемлекет мүддесі ескеріліп, страте­гия­лық ұйымдардағы мемлекеттің бақы­лау үлестерін сақтап қалу шаралары қарас­ты­рылған.

Сондай-ақ Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің мандатын кеңейту аясында Жекешелендірудің жаңа екі өлшемі енгізілді, ол монополияға қарсы орган­ның бәсекелестік ортаға беру жө­нін­­дегі ұсынысының болуы және мо­нополияға қарсы орган ұсынған тауар на­рығында болу мерзімінің өтуі. Кәсіп­кер­лердің жекешелендіру нысанын таң­дау құқығы бекітілді. Нысан жеке бас­­тама болған жағдайда сатылуы мүм­кін.

Жекешелендірудің және мемлекеттік комис­сия қызметінің ашықтығы қам­та­масыз етілді. Мемлекеттік комис­сия­­ның ұсынымдық шешімдерін жария­лау; жекешелендіру үдерісінің әр ке­зе­ңі бойынша активтер бөлінісінде толық ақпаратты жариялау; әлеуметтік нысан­­дарды және стратегиялық маңы­зы бар нысандарды сатудан бұрын, оны жұртшылықпен, оның ішінде БАҚ өкілдерінің қатысумен алдын ала талқы­лау міндеті белгіленді. «Со­ны­мен қатар Ұлттық кәсіпкерлер пала­тасы­ның сайты Мемлекеттік мүлік тізі­лі­мі­мен интеграцияланған, онда жеке­ше­­лендірудің әр нысаны мен үдерісі тура­лы толық ақпарат беріледі», деді Ұлттық экономика министрі.

Үшіншіден, мемлекеттік монопо­лис­тер­дің орнына жеке монополис­тердің пайда болуына жол бермеу мақсатында ком­муналдық шаруашылықтарды жеке­шелендіру тәсілі қайта қаралды. Осы­ған орай жекешелендіру нысандар тізімінен жергілікті табиғи монополия­лар нысаны және халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін маңызды 200-ден астам әлеуметтік маңызы бар нысандар алынып тасталды. Бұл нысандар мемлекет меншігінде қалады. Алда мұндай нысандарды жекешелендіру тура­лы мәселе тек инвесторлар тарапынан мемлекет мүдделерін ескеретін шарттармен келіскен жағдайда ғана қаралуы мүмкін.

Жекешелендірудің 2021-2025 жыл­дар­ға арналған кешенді жоспарын орын­­дау барысы туралы баяндаған «Са­мұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төра­ғасы Алмасадам Сәтқалиевтің айтуын­ша, бүгінде қор тобы 119 актив бойынша жұмысты аяқтады, оның ішінде «ҚазМұнайГаз» ҰК IPO-ға шы­ғарылды, 17 актив сатылды. Оның ішінде «Самұрық-Қазына Инвест» компаниясының құрамына кірген «Лизинг групп» АҚ, «Tin one Mining» АҚ, «Электрод СК» ЖШС, «KAZ Фер­рит» ЖШС және «Қазатомөнеркәсіп» құ­ра­­мындағы «Kazakhstan Solar Siliсon» ЖШС, «Astana Solar» ЖШС, «Kaz­Silicon» МК бар. 3 актив жабылды, 2 актив қайта құрылды.

Таяуда ғана қордың директорлар ке­ңе­сі мен Үкімет «ҚазМұнайГаз» ком­­па­ния­сының акцияларын иеліктен шы­ғару туралы соңғы шешімдер қа­был­дады. Өтініштер 9 қараша мен 2 жел­­тоқсан аралығында қабылданды. Қазақ­стан азаматтары өтініштерін қана­­ға­ттандыруға басымдық берілді. Аза­мат­тардан түскен өтініштердің жалпы саны – 128,7 мың. Жалпы сомасы 74,6 млрд теңгені құрады. Енді Қор келесі портфельдік компанияларды IPO/SPO-ға шығаруды жоспарлап отыр. Яғни 2023-2024 жылдары – «Air Astana», «KEGOC» және «Самұрық-Энерго» жасыл активтерінің портфелі, 2024-2025 жылдары – «QazaqGaz» ұлттық компаниясы, 2025 жылы – «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы.

Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр жекешелендіру мәселелері мем­лекеттік органдардың бірінші бас­шы­ларының ерекше бақылауында болу­ға тиіс екенін атап өтті. «Кешенді жос­парды іске асыру 2025 жылға қарай мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сатуға қойылған әр нысан бо­йын­ша Жол картасы әзірленді. Олар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-пор­та­лында орналастырылған. Активтерді бәсе­келес нарыққа жоспарлы түрде шыға­руды қамтамасыз ету қажет», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшының айтуынша, нысан­дар­дың сату алдындағы дайындық сапасына да көбірек көңіл бөлу керек. Кешенді жоспарды толық іске асыру үшін жекешелендіру үдерісінің ашықтығын арттыру қажет. «Мемлекеттік органдар, өңір әкімдіктері, квазимемлекеттік сектор ұйымдары жоспарды нақты орындауы қажет. Жыл қорытындысы бойынша жұмыстарыңызға тиісті баға берілетін болады», деді ол.

Премьер-Министр «Самұрық-Қа­зы­на» қорына «ҚазМұнайГаз» ұлт­тық ком­паниясының IPO-сын сапалы өткізу ісін қамтамасыз етуді, ал Қар­жы министрлігіне Кешенді жоспар нысандарының сатылуына бақылауды күшей­ту­ді тапсырды.

 

Балық өсіру және экспорт көлемін арттыру

Үкімет отырысында балық саласын да­мыту мәселесі қаралды. Экология, геоло­гия және табиғи ресурстар ми­нистрі Серікқали Брекешевтің хабарлауынша, 2022 жылдың 10 айының қоры­тындысы бойынша республиканың балық өнімдері нарығының құрылымы келесідей: ауланғаны – 42,6 мың тонна, өсірілгені – 14,1 мың тонна, экспорт – 16 мың тонна, импорт – 32 мың тонна.

Сонымен қатар 2021 жылғы сәуірде қабылданған Балық саласын дамыту бағдарламасын іске асыру нәтижесінде 2030 жылға қарай 270 мың тоннаға дейін балық өсіру, балық өнімдерін ішкі тұтынуды жылына 134 мың тоннаға дейін ұлғайту және импорт көлемін 45 мың тоннадан 25 мың тоннаға дейін азайту жоспарланып отыр. Көрсетілген индикаторларға қол жеткізуде қазір бизнес үшін өндірістік және инвестициялық шығындарды субсидиялау, әкімшілік рәсімдерді оңайлату және т.б. қолайлы жағ­дайлар жасалып жатыр. Жалпы, мың­нан астам жаңа шаруашылық құру жос­парланып отыр. Оның 47-сі ірі биз­нес түрі, ал инвестицияның жалпы көлемі 150 млрд теңгені құрады.

Бүгінде елімізде 72 кәсіпорын ба­лық өңдеумен айналысады. Оның 17-сі жоғары талаптарға сай келеді және Еуропалық одақ елдеріне балық өнім­дерін экспорттау құқығын алды, қал­ған­дары ішкі нарық пен таяу және қиыр шетелдерге бағдарланған. Осы бағытты қолдау мақсатында терең өңделген ба­лық өнімдерін субсидиялау және ҚҚС бө­лігінде салықтық жеңілдіктерді енгізу жос­парлануда.

Өңірлерде саланың даму қарқыны туралы Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және Түркістан облы­сы­ның әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.

Баяндамашыларды тыңдаған Пре­­­­мь­ер­-Министр соңғы 3 жылда ба­лық­ты қолдан өсіру көлемі 2 есе көбей­ге­нін атап өтті. Бұған өткен жылы қабыл­дан­ған Балық шаруашылығын дамыту бағдарламасы айтарлықтай серпін берді. Саланы мемлекеттік қолдау ша­ра­лары күшейтіліп, балық өсіруге арналған тоғандарды жобалау рәсімдері же­ңіл­де­тілді. Салық кодексі аясында балық кәсіпшілігіне қосылған құн салығын 70%-ға төмендету көзделді.

«Қабылданған шаралар нәтижесінде соңғы 2 жылда балық өсіретін шаруа­шы­лық­тар саны 2 есе өсті. Балық экспорты 13%-ға ұлғайды, оның ішінде Еуропа елдері де бар. Жалпы, қолдан өсірілген және ауланған балық өндірісі биыл 10 айда шамамен 57 мың тонна болды, бұл өткен жылғы көрсеткіштен 12%-ға жоғары», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, Қарағанды, Алматы және Павлодар облыстарында да балық өндірісі төмен. «Аталған өңір әкімдіктері жос­парланған көрсеткіштерге қол жет­кізу бойынша жұмысты күшейтіп, биз­нестің бастамаларына қолдау көр­сетуі қажет. Сондай-ақ кәсіпкерлерді балық өнімдерін терең өңдеуге ынталандырып, табиғи су қоймаларындағы балық қорының көбеюіне де назар аудару қажет», деді Үкімет басшысы.

Премьер-Министр балық шаруашы­лы­ғы саласына инвестициялар тарту жұмысын күшейту қажет екенін атап өтті. Оның ішінде, балық өсіретін шаруашылықтарды ұйымдастыру үшін учаскелерді беру рәсімін жеңілдету, отандық балық өнімдерін сататын арнаулы объектілер құру және Атырау облы­сындағы бекіре зауыттарын рекон­с­трук­циялауды бюджеттік инвес­тиция­лық жобалар тізбесіне енгізу мәселесін пысықтау қажет.