Сайлауалды бағдарлама сапалы іске асырылады
Әлихан Смайылов елімізде өткен президент сайлауы аясында Үкімет жұмысының алдағы жылдарға белгіленген негізгі бағыттарын атап өтті.
«Үкіметтің алдағы жеті жылдағы негізгі міндеті – сайланған Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын сапалы әрі нәтижелі іске асыру. Экономикада, әлеуметтік салада және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер – осы сайлауалды бағдарламаның негізі», деді ол.
Премьер-Министрдің айтуынша, барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволар осы мақсат үшін, яғни әділетті Қазақстан құру жолында халықтың мүддесіне сай күш біріктіріп, жұмыла еңбек етуге тиіс. Үкіметтің жұмысы негізінен экономиканы монополиясыздандыруға, кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға және азаматтардың табысын арттыруға, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталады.
Үкімет отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру жоспарлары қаралды. Осы мәселе туралы баяндаған Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың мәліметінше, бүгінде ауылда шамамен 8 млн адам (бұл ел халқының 41%-ы) тұрады. Ауыл тұрғындарына 5 мыңнан астам медициналық ұйым медициналық көмек көрсетеді.
«Жалпы, медициналық-демографиялық жағдай елімізде тұрақты. Ресми статистика бойынша халықтың денсаулығы жақсарып, өлім-жітім 21,3%-ға төмендеді. Ауыл халқы денсаулығының талдауы бірінші орында 42,7% тыныс алу ағзалары ауруларынан зардап шегетінін көрсетеді, ас қорыту – 9%», деді министр.
Бүгінде ауылдық жерлерде 67 мыңнан астам медицина қызметкері, оның ішінде 13 мың дәрігер және 54 мың орта медицина қызметкері жұмыс істейді. Медицина кадрларын ауылға тарту үшін түлектердің міндетті түрде 3 жылдық жұмыс істеу нормасы қабылданды, келген әрбір дәрігерге 1-2 млн теңгеге дейін көтерме жәрдемақы бөлінеді, ал кейбір әкімдіктер 3-5 млн теңгеге дейін бөледі. Жыл сайын клиникалық бейіндегі 1 500 медицина кадрын даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы бөлінеді, түлектерді өңірлерге бөлу жүзеге асырылады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы үш жылдың ішінде резидентураға берілетін гранттардың санын жыл сайын 70%-ға ұлғайтуды қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар резиденттер ауылда міндетті практикадан өтетін қанатқақты жоба пысықталып жатыр. Осы жылы практикалық денсаулық сақтау қажеттіліктеріне сәйкес өңірлерге 1 872 жас маман, оның ішінде ауылға 444 дәрігер бөлінді.
«Шалғай ауылдардың тұрғындарына медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында көлік медицинасы дамыған. Медициналық көмек және консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсететін 149 жылжымалы медициналық кешен жұмыс істейді. Биыл еліміздің 10 өңірінде 64 мың тұрғынға медициналық көмек көрсеткен «Жәрдем» және «Саламатты Қазақстан» екі медициналық пойызы қайтадан іске қосылды. Ауылдағы науқастарды тасымалдау және шұғыл көмек көрсету қызметін медициналық авиацияның 33 әуе кемесі жүзеге асырады», деді А.Ғиният.
Ауылда жедел медициналық көмек көрсету үшін 595 бригада жұмыс істейді, биыл 1,7 млн шақыртуға қызмет көрсетілді. Ауылда медициналық көмектің сапасын жақсарту үшін Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мақұлдаған «адамға бағдарланған тәсіл» деп аталатын медициналық-санитарлық алғашқы көмектің озық тәжірибелерінің жобалары енгізілуде. Мысалы, пациенттерді қолдау қызметі, ақпараттандырылған қоғамдық мониторинг және халықпен кері байланыс тетіктері, инфекциялық емес ауруларды ерте анықтау, ауруларды басқару бағдарламалары, дұрыс тамақтану, саламатты өмір салтын үйрету, әмбебап прогрессивті патронаж үлгісі, отбасын жоспарлау, ер адамдардың денсаулығын жақсарту, баланы дамыту кабинеттері бар.
700 медициналық мекеме салынады
Денсаулық сақтау министрі биыл Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының аудандық емханасы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймағына мүше 53 мемлекет үшін медициналық-санитарлық алғашқы көмек бойынша демонстрациялық алаң болып танылғанын атап өтті. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы өзінің Еуропалық аймағының үш елінде – Қазақстан, Испания мен Швецияда демонстрациялық алаңдар ашты.
Емханалар деңгейінде үздік тәжірибелерді енгізумен қатар, көпбейінді аудандық орталық ауруханалар деңгейінде медициналық көмек көрсету тәсілдері жетілдіріліп жатыр. Әлемдік және отандық тәжірибеде қолданылатын диагностика мен емдеудің заманауи әдістері қолданылатын Абай облысының Аягөз көпбейінді аудандық орталық
ауруханасында да стандарттарды енгізудің және іске асырудың ең үздік тәжірибесі қолданылу үстінде екенін атап өткен жөн.
Коронавирус инфекциясының пандемиясы жылдарында шектеу шараларына байланысты ауыл тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі төмендеді. Осыған орай ауруларды ерте анықтау және уақтылы емдеу үшін ауқымды профилактикалық қарап-тексеру енгізіліп жатыр. Жыныстық жас құрамын, халықтың денсаулығын талдауды ескере отырып, нысаналы топ пен ауыл тұрғындары қызметтерінің тізбесі кеңейтілді. 20 қазаннан бастап ауылдарда профилактикалық қарап-тексерулер бүкіл ел бойынша жүргізілуде.
Амбулаторлық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге кірмейтін дәрілердің қолжетімділігін арттыру үшін салалық заңнамаға ауылдық медициналық ұйымдарда дәріхана пункттерін құру жөніндегі норма енгізілді. Осы жылдың 4 айында 230 елді мекенде 75 мемлекеттік және 161 жеке дәріхана ашылды.
«Ауылдық денсаулық сақтауды цифрландыру бойынша шаралар қабылдануда. Ауылдық денсаулық сақтау объектілерінің 86,1%-ы интернетке қосылған, жұмыс орындарының 91,1%-ы
компьютерлермен жабдықталған, 81% медициналық ұйым госпитальдық ақпараттық жүйелерді енгізген», деді Денсаулық сақтау министрі.
Ел халқына, оның ішінде ауыл тұрғындарына медициналық-санитарлық алғашқы көмектің қолжетімділігін арттыру үшін биыл денсаулық сақтау ұйымдары желісінің жаңа мемлекеттік нормативі бекітілді. Осылайша, 50 адамға дейінгі ауылдарда медициналық көмекті мейіргер үй-жайсыз жүзеге асырады, ал 500 адам тұратын ауылдарда медицина қызметкерлерінің саны бір адамнан үшке дейін ұлғайып, фельдшерлік-акушерлік пункттер ашуға болады.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ауылдағы денсаулық сақтау нысандарына түгендеу жүргізілді, нәтижесінде 200-ден астам елді мекенде медициналық нысандар жоқ екені, 400-ге жуық медициналық нысандардың жалдамалы, апаттық және іске бейімделмеген ғимараттарда орналасқаны анықталды. Ауылдық медициналық-санитарлық алғашқы көмектің медициналық инфрақұрылымының тозуы 50%-дан асқаны белгілі болды.
Осыған орай Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасында ауылдық жерлерде кәсіби кадрлармен және заманауи жабдықтармен жабдықталған 700 жаңа медициналық нысан ашу көзделген. Бұл ретте ұлттық жобамен 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысанын салу және 32 көпбейінді орталық аудандық аурухана ұйымдастыру жоспарланған.
Халықтың жасын ұзартатын ұлттық жоба
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылатын «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы үш міндетті қамтиды: Бірінші міндет – фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екінші міндет – заманауи медициналық жабдықтармен жабдықталған заманауи көпбейінді ауданаралық орталық ауруханалар желісін ұйымдастыру. Үшінші міндет – ауылдық денсаулық сақтау объектілерін медицина кадрларымен қамтамасыз ету.
Жобаны іске асырудың нәтижесінде профилактикалық қарап-тексерулердің, скринингтердің, сондай-ақ ауыл тұрғынына алғашқы шұғыл, мамандандырылған және жоғары технологиялық медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімді төмендету жоспарланған.
Мәселені қорытындылаған Әлихан Смайылов ауылдарда медициналық қызметтің сапасын жақсарту үшін барлық инфрақұрылымды жаңғырту қажет екенін атап өтті. Осы орайда жоба аясында 655 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысаны салынып, қайта жөнделеді. Сондай-ақ 12 аурухана жаңғыртылып, жаңадан 20 аудандық аурухана ашылады. Сонымен қатар басқа да жобалар аясында, мысалы, «Ауыл – ел бесігі» жобасы бойынша медициналық нысандарды салу көзделіп отыр.
«Ауыл халқы үшін барлығы 700-ге жуық медициналық нысан ашылатын болады. Бұл үшін жергілікті атқарушы органдар жер учаскелерін бөлуді жедел қамтамасыз етіп, инженерлік коммуникацияларды жүргізу мәселесін шешуі қажет», деді Ә.Смайылов.
Оның айтуынша, Ұлттық жоба шеңберінде ауылдағы медициналық ұйымдарды денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне интеграциялау және жаңа технологияларды жаппай енгізу көзделген. Бұл азаматтарға өздері тұратын өңірлерде сапалы медициналық қызметтер алуға мүмкіндік береді.
Ә.Смайылов ұлттық жобаның аса маңызды қырларының бірі – кадр тапшылығы проблемасын шешу және ауылдық жердегі медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейін арттыру екенін айтты. «Өңір әкімдері ауылға келетін медициналық кадрлардың әлеуметтік мәселелерін шешуге назар аударуға тиіс. Жас мамандар ауылға келіп, біліктілігін арттыруға және жұмыс істеуге мүдделі болуы керек», деді Премьер-Министр осы мәселеге орай.
Ол жобада көзделген барлық шара ауылдағы медициналық қызметтің сапалы әрі қолжетімді болуын қамтамасыз ететінін айтып, Денсаулық сақтау министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, ұлттық жобадағы іс-шаралардың уақтылы орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.
Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
Суды үнеммен пайдалану қажет
Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенінде су ресурстарын пайдалану жөнінде арнайы мәселе қаралды.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің баяндауынша, биыл барлық тартылған судың шамамен 11,6 текше шақырымы тұрақты суаруға жіберілді, оның 97%-ы оңтүстіктегі бес облысқа – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарына тиесілі, жалпы суару ауданы 1,61 млн гектарды (ел бойынша 73%) құрады.
Аталған кезеңде трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі 5 322 су шығару құрылыстарына жөндеу жүргізілді, 1 512 шақырымдық магистралдық және шаруашылықаралық каналдарды қайта жарақтандыру және механикалық тазарту жұмыстары жүзеге асырылды, суару үшін коллекторлық-дренажды суларды қайта пайдалануға 67 сорғы қондырғысы сатып алынды, 107 мың гектар ауданда су үнемдеу технологиялары қолданылды.
Бүгінгі таңда 2023 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық үшін арнайы жоспар бекітілді, оның аясында алдын ала жұмыстар басталды.
Аталған мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов және Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.
Мәселені қорытындылаған Премьер-Министр Ә.Смайылов еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығына қажетті судың жеткілікті болуына тікелей байланысты екенін айтып өтті. Себебі бүгінде тұтынатын судың жартысынан көбі аграрлық секторға тиесілі.
Оған қоса, АӨК-ті сумен қамтамасыз ету су жетіспеушілігіне байланысты жыл өткен сайын қиындай түсуде. Бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр. Мәселен біз көрші елдердің аумағынан келетін суға тәуелдіміз, осыған орай біздің өңірде судың аз жиналуы байқалады. Екіншіден, каналдардағы судың шығыны жоғары. Суды үнемдеу технологиялары да жеткіліксіз.
«Осыған қарамастан қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы вегетациялық кезең қалыпты жағдайда өтті. Көрші мемлекеттердің су қоймаларынан қосымша су жіберілді. Сумен қамтамасыз ету нысандарында қажетті техникалық жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып, келесі вегетациялық кезеңге арналған жоспарларды бекітудің маңызы зор», деді Ә.Смайылов.
Премьер-Министр трансшекаралық сулар бойынша үкіметаралық келісімдерді жетілдіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, каналдар мен су қоймаларын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын күшейту, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын және жалпы суды цифрлық есепке алуды енгізуді ынталандыру керек екенін айтты.
«Атап айтқанда, суды көп қажет ететін дақылдарды өсіру үшін жаңбырлатып және тамшылатып суару жабдықтарын қолдану тәжірибесін кеңейту қажет. Сондай-ақ коллекторлық-дренаждық жүйелер арқылы суды қайта пайдалану технологияларын көбірек қолдану керек», деді Ә.Смайылов.
Сөз соңында Үкімет басшысы жалпы өңірлерді қажетті судың көлемімен қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысын үйлестіру қажет екенін атап өтті.