
Тарихқа көз жүгіртсек, 1992 жылы 16 қыркүйекте екі ел арасында дипломатиялық қатынас орнады. 1993 жылы қаңтарда Минскіде Қазақстанның дипломатиялық өкілдігі ашылды, ал 1997 жылдың қыркүйегінде Қазақстанда Беларусь елшілігі жұмысын бастады. Мемлекетаралық қатынастарды дамыту жөніндегі екіжақты келісімнің басым бағыттарын айқындайтын негізгі халықаралық-құқықтық құжатқа 1996 жылы 17 қаңтарда Минск қаласында қол қойылған, ол – Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы Достық және ынтымақтастық туралы шарт. Барлығы 60-тан аса халықаралық шарт тіркелген, оның ішінде Қазақстан мен Беларусь Үкіметтері арасындағы мәдениет, ғылым және білім саласындағы ынтымақтастық туралы келісім бар. Осы құқықтық құжаттардың аясында екі ел арасында түрлі салаларда, соның ішінде ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтастық серпінді дамып келеді. Мәселен, бұл саланы дамытудағы жетекші рөл Қазақстан мен Беларусьтің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттары арасындағы Ғылыми-білім беру консорциумына тиесілі, қазіргі уақытта оның құрамына 27 қазақстандық және 24 беларусь ғылыми және білім беру мекемесі кіреді.
Тарих ғылымдарының кандидаты, М.Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті жанындағы Беларусь-Қазақстан мәдени-білім беру орталығының жетекшісі Александр Ратьконың айтуынша, екі ел арасындағы білім беру аясында сәтті жүзеге асырылып келе жатқан бірнеше жоба бар. Сондай бірлескен жұмыстың бір нәтижесі – «Екінші дүниежүзілік соғыс (1941–1944) жылдарындағы Беларусь партизандық қозғалысындағы қазақстандықтар» ғылыми жобасы.
– Бұл жобаның мәні – зерттеушілер екі университеттің (Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті мен М.Танк атындағы Беларусь мемлекеттік педагогикалық университеті) тарих факультетінің студенттері оқытушылардың жетекшілігімен Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында Беларусь аумағында партизандық қозғалысқа қатысқан қазақстандықтар туралы мәліметтер іздейді. Негізгі міндет – Беларусь партизандық жасақтарындағы қазақтардың санын, олардың жаумен қалай шайқасқанын, жауынгерлік іс-әрекетіне қатысты қандай оқиғалар болғанын анықтау. Бұл жобаны жүзеге асыру барысында соғыс жылдарында партизандық қозғалысқа қатысқан қазақстандықтарды іздеуде «Беларусь партизандары» порталы пайдаланылды. Ақпараттық порталда партизандар мен астыртын жауынгерлердің жеке картотекасы, Беларусьтегі партизан және астыртын қозғалысының қысқаша тарихы, партизандар – Кеңес одағының Батырлары, аты аңызға айналған бригада командирлері, партизан қозғалысына қатысқандардың өмірбаяндық мәліметтері топтастырылған. Ал интерактивті партизан картасына партизан отрядына, бригадасына, наградаларына жататын жеке мәліметтер (аты-жөні, туған жылы және туған жері), сканерленген құжаттар – жеке құрамның жеке есебі, наградалар тізімі, жауынгерлердің мінездемелері және басқа материалдар кіреді, – деді Александр Ратько.
1941-1945 жылдардағы фашизммен жанкешті шайқас қазақ және беларусь халқы үшін ауыр сынақ болып, Қазақстан мен Беларусь азаматтарының ұлттық болмысын сезінуіне түрткі болды. «Осы сұрапыл соғыстың отынан алған тағылымы негізінен екі мемлекеттің қазіргі идеологиясының негізі құрылды», дейді ғалымдар. Қазіргі кезде фашистік басқыншылық жылдарындағы Беларусь жеріндегі қазақстандықтардың ерлігін зерттеу, әсіресе екі ел жастары арасындағы патриотизмді, достық пен өзара түсіністікті нығайту үшін өзекті болып отыр.
Жақында Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарындағы Беларусьтегі партизандық қозғалысқа қатысушы қазақстандықтар туралы жинақтаған материалдардың алғашқы жинағы жарыққа шығады. Жинақта партизандық жасақтарға қатысқандардың құжаттары мен марапаттары, фотосуреттер, газет қиындылары, соғыс ардагерлері туралы жазылған журнал мақалалары енгізілген. Зерттеушілердің айтуынша, бұл деректер бұрынғы партизандар туралы ғылыми-анықтамалық әдебиеттерге енбеген.
Екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынас та қарыштап дамып келеді. Қазақстанда Беларусьтің 260 кәсіпорны, 6 автомобиль құрастыру зауыты жұмыс істейді. Қазақстан Беларусьтен ауыл шаруашылығы және жиһаз өнімдерін импорттайды. Бүгінде Қазақстан аумағы арқылы Беларусь пен Еуропа елдеріне жыл сайын 136 мың тауар контейнері өтеді. Қазақстанның тау-кен өндірісі комбинаттары Беларусьтің жүк көліктері мен ауыр техникаларын қолданады. Қазақстан ТМД мемлекеттерінің ішінде Беларусьтің негізгі сауда серіктестерінің үштігіне кіреді.
Экономикалық зерттеу институтының мәліметі бойынша (Economic research institute) екі ел арасындағы тауар айналымы осы жылдың қаңтар-тамыз айларында 594,3 млн долларға жеткен, бұл 2021 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 3,8%-ға жоғары (572,7 млн доллар). Бұл ретте Қазақстаннан Беларуське экспорт көлемі 13,9%-ға төмендеп, 60,2 млн долларды құрап отыр.
Беларуське экспорттың қысқаруы тас көмір (86,5%-ға немесе 22,3 млн долларға (25,8-ден 3,5 млн долларға дейін), газ (100%-ға немесе 5,5 млн долларға (5,5-тен 0,0 млн долларға дейін), мұнай өнімдерін (87,3%-ға немесе 3,8 млн долларға (4,4-тен 0,6 млн долларға дейін) жеткізудің төмендеуімен байланысты, дейді экономика сарапшылары. Ал керісінше нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдер (өсімі 23,6 есе немесе 3,6 млн доллар (0,2-ден 3,7 млн долларға дейін), жеңіл автомобильдер (өсімі 2,4 есе немесе 3,4 млн доллар (2,4-тен 5,8 млн долларға дейін), ферроқорытпа өнімдері (43,5%-ға немесе 1,9 млн долларға (4,4-тен 6,3 млн долларға дейін), электрлік аккумуляторлар (өсімі 3,5 есе немесе 1,6 млн доллар (0,6-дан 2,2 млн долларға дейін), кір жуу машиналарын (1,5 млн доллар (0-ден 1,5 млн долларға дейін) жеткізу көрсеткіші артқан. Биыл Қазақстан Беларуське негізінен ферроқорытпалар (6,3 млн доллар (үлесі 10,5%), жеңіл автомобильдер (5,8 млн доллар (9,6%), өңделмеген мырыш (4,6 млн доллар (7,6%), нан және ұннан жасалған кондитерлік өнімдері (3,7 млн доллар (6,2%), тас көмір (3,5 млн доллар (5,8%), электр аккумуляторларын (2,2 млн доллар (3,7%), кір жуу машиналарын (1,5 млн доллар (2,5%), ішкі жану қозғалтқыштарын жағуға және іске қосуға арналған электр жабдықтарын (1,5 млн доллар (2,5%), диодтар, транзисторлар және ұқсас жартылай өткізгіш құрылғыларын (1,5 млн доллар (2,4%), қымбат емес металдардан жасалған бітеу және буып-түю керек-жарақтарын (1,4 млн доллар (2,4%) экспорттаған.
Ал Беларусьтен Қазақстанға импорт көлемі осы жылдың қаңтар-тамызында 6,2 пайызға (534,0 млн доллар) өскен. Аталған елден арнайы мақсаттағы автомобильдер (21,1 млн доллар), ыстықтай илектелген өзге де тазартылмаған болаттан жасалған шыбықтар (13,4 млн доллар), ауыл шаруашылығы дақылдарын жинауға және бастыруға арналған машиналар мен механизмдер (11,6 млн доллар), жиһаз (9,7 млн доллар), қоюландырылған және құрғақ сүт пен кілегей (32%-ға немесе 7,5 млн долларға), өзге де жиһаз және оның бөліктері (36,7% - ға немесе 6,7 млн доллар), ірімшіктер мен сүзбе (38,8%-ға немесе 6,7 млн долларға) үлкен мөлшерде әкелінген. Алайда Беларусь елімізге жаңа піскен немесе салқындатылған сиыр еті (85% немесе 21,2 млн доллар), жылжымалы құрамның бөліктері (78%-ға немесе 19,5 млн долларға), автомобильдер мен тракторларға арналған бөлшектер мен керек-жарақтар (55,7%-ға немесе 12,9 млн долларға), жүк автомобильдері (90,3%-ға немесе 7,8 млн долларға) және дәнекерлеу үшін пайдаланылатын металдардан жасалған бұйымдарды (82,6%-ға немесе 4,4 млн долларға) тасымалдауды азайтқан.
Экономикадағы өсім мен оның әр жылдары төмендеуі қалыпты жағдай екенін айтады сарапшылар. Өйткені ол өндірілетін шикізат көлеміне байланысты болады. Мұндай көрсеткіштердің ауытқуларына қарамастан, дипломатиялық байланыстың 30 жылдық тарихы одан әрі жалғасып, дами бермек.