Үкімет • 18 Қазан, 2022

«Таза көмір» технологиялары енгізіледі

289 рет
көрсетілді
14 мин
оқу үшін

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның электр энергетикасы саласын дамыту мәселелері қаралды.

«Таза көмір» технологиялары енгізіледі

2035 жылға дейінгі тұжырымдама әзірленді

Энергетика министрі Болат Ақшо­лақовтың хабарлауынша, қазір елімізде Біртұтас электр қуаты жүйесі тұрақты жұмыс істейді. Биыл 16 қазандағы жағдай бойынша экспортты ескере отырып, электр энергиясын өндіру 86,9 млрд кВт сағатты құрады. Бұл былтырғы ұқсас кезеңдегі көрсеткіштен 1,4%-ға төмен.

Министрдің айтуынша, тұтынудың төмендеуі көбіне цифрлық майнинг бойынша заңсыз қызметті жүзеге асырған тұлғаларды анықтауға қатысты жүргізілген жұмыстармен байланысты. Осыған орай энергия жүйесінің өткен жылдардағы жұмыс динамикасын ескере отырып, Энергетика министрлігінің бағалауы негізінде 2022-2023 күзгі-қысқы кезеңде энергия жүйесіндегі ең жоғары жүктеме шамамен 16,1 ГВт-ты құрайды деп күтілуде.

Өңірлерде жылыту маусымы бас­талды. Энергия өндіруші және беруші ұйымдардың дайындығы 95%-ды құрайды. Қуат көздерінің қоймаларында 4,1 млн тонна көмір және 81 мың тонна мазут жинақталған. Бұл бекітілген нор­маларға сәйкес келеді. Энергия өндіруші және беруші ұйымдарға күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік пас­порттарын беру рәсімдері аяқталды. Нәти­жесінде, энергия өндіруші ұйымдарға 95 паспорт, энергия беруші ұйымдарға 66 паспорт берілді.

Министр ведомствоның электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасын дайындағанын атап өтті. Оны іске асыру үшін бірқатар жүйелі шара қабылдау талап етіледі. «Біріншіден, электр энергиясын орталықтандырылған сатып алу-сату негізінде жұмыс істеудің жаңа моделіне көшу арқылы электр энергиясы нарығын реформалау қажет», деді Б.Ақшолақов.

Мемлекет басшысының «Тариф­ті инвестицияға айырбастау» бағдар­ла­масын енгізу жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде генерациялау секторында энергия көздерін дамытуға, инвестицияларды жұмсаудың ашықтығын қамтамасыз етуге және мемлекет тарапынан бақылауды күшейтуге бағытталған шаралар топтамасы дайындалды. Алдағы энергетикалық ауысу шеңберінде «таза көмір» технологиялары, жаңартылатын энергетика, заманауи газ және атом генерациясы, Smart Grid зияткерлік жүйесін қолдана отырып, ESG қағидаттары негізінде дамыту жөніндегі шаралар әзір­ленді.

«Бұл шаралар министрлік әзірлеген Электр энергетикасы саласын дамытудың 2035 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы шеңберінде көзделген. Тұжы­рым­даманы министрлік қазан айында мемлекеттік органдармен келісу қоры­тындылары бойынша Үкімет қарауы­на енгізуді жоспарлап отыр», деді Б.Ақ­шо­лақов.

Генерациялайтын қуаттардың тозуын 15%-ға төмендету мақсатында 2035 жылға қарай «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңа тарифтік саясатына көшу аясында тариф белгілеу тәсілдерін трансформациялау талап етіледі. Бұл жыл сайынғы инвестициялар көлемін 3 есеге арттыруды талап етеді. Ведомство энергия өндіруші ұйымдардың меншік иелерінің рөлін күшейтуді қамтамасыз етуді орынды деп санайды. Мәселен, инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде өз қаражатын салу бойынша шаралар белгіленеді. Бұдан басқа, жобаларды іріктеу кезінде нысаналы көрсеткіштер мен іс-шараларды, оның ішінде негізгі жабдықтың тозуын, отынның үлестік шығынын азайту, экологиялық көрсеткіштерді жақсарту жөніндегі іс-шараларды белгілеу жос­пар­ланған. Сондай-ақ субъектілердің жария тыңдаулар және ашық сатып алулар өткізуі арқылы энергия өндіруші ұйымдардың қаражатын пайдаланудың ашықтығы қамтамасыз етіледі. Бұл рет­те жөндеу жұмыстарын жүргізу кезең­інде уәкілетті орган тарапынан сапа бақы­ланады.

«Бүгінгі таңда электр қуаты нарығы аясында салаға салынған инвестицияларды қайтаруға жұмсалатын қаражат кө­леміне лимит белгіленді. Қазіргі лимит 32 млрд теңгеге тең және 100 млрд теңгеге ұлғайтуды талап етеді», деді Б.Ақшо­лақов.

Көмір – арзан қуат көзі

Инвестициялар ағынын қамтамасыз ету мақсатында электр қуаты нары­ғын­дағы қолданыстағы тарифті айына 1 МВт үшін қазіргі 590 мың теңгеден 885 мың теңгеге дейін ұлғайту қажет.

Энергетика министрі электр энергия­сына орта мерзімді қажеттілікті жабу үшін генерация секторындағы бірқатар жоба пысықталып жатқанын хабарлады. Жұмыс істеп тұрған энергия өндіруші ұйымдарды қалпына келтіру және кеңейту жөніндегі жұмыс шеңберінде шамамен 2,3 ГВт-ты енгізу қосымша қамтамасыз етіледі. Аталған жобалардың басым бөлігі – шамамен 2,3 ГВт көмір генерациясын енгізуді көздейді.

«Көмірдің қолжетімділігі және да­мыған көлік инфрақұрылымы көмір өн­дірудің сенімділігін және электр энергиясының төмен құнын анықтайды. Бұл – экономиканың бәсекеге қабілет­тілігінің негізі», деді Б.Ақшолақов.

Осы жобаларды іске асыру кезінде қазіргі заманғы технологиялар, оның ішінде «таза көмір» технологиялары (түтін газдарын сүзудің озық жүйелері, көмірқышқыл газын ұстау технологиялары, көмірді циклішілік газдандыру және т.б.) қолданылады.

Министр еліміздегі жаңартылатын энергия көздерін (ЖЭК) дамыту перс­пективалары туралы баяндады. «Бүгінде елде жиынтық қуаты шамамен 2 300 МВт болатын 140-тан астам ЖЭК объектісі жұмыс істейді, электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 3,7%-ды құрайды. ЖЭК секторына тартылған инвестициялардың жалпы көлемі 1 трлн теңгеден астам», деді Б.Ақшолақов.

Осы жылы ЖЭК-тен алынған электр энергиясының көлемі 4,5 млрд кВт/сағ немесе өндірістің жалпы көлемінің 4%-ы көлемінде болжанады. Бұл ретте қаржы-есеп айырысу орталығымен қол қойылған шарттар шеңберінде 3 жыл ішінде жиынтық қуаты 850 МВт-тан асатын 48 ЖЭК объектісін қосымша енгізу жоспарланған.

Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында ЖЭК объектілерін салу бойынша ауқымды жобаларды іске асыруға бастама жасаған Франция, Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы компанияларымен келіссөздер жалғасады. Бұл компаниялар электр энергиясының құнын қазіргі аукциондық бағадан төмен сатуды ұсынады және жеке келісімдер жасауды сұрайды.

«Нысаналы индикаторларға сәйкес 2025 жылға қарай электр энергиясын жалпы өндірудегі ЖЭК үлесі 6%-ға тең болуға тиіс. Осы индикаторға қол жеткізу бойынша шаралар қабылдау шеңберінде қараша айында жиынтық қуаты 690 МВт ЖЭК жобалары бойынша аукциондық сауда-саттық өткізу жоспарланған», деді Б.Ақшолақов.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқа­лиев­тің айтуынша, энергетикалық теңгерімге сәйкес 2035 жылға қарай электр қуатына қажеттілік шамамен 27 ГВт деңгейінде болмақ.

«Қазір Қазақстандағы стансалардың қуаты 16 200 МВт құрайды. 2035 жылға қарай шамамен 17 ГВт жаңа базалық, икемді және жаңартылатын энергия қуаттарын салу қажет. Оның шамамен 11 ГВт-ын қор жүзеге асырады», деді А.Сәтқалиев.

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

Инфографиканы жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»

 

Зиянды заттарды азайтады

Бүгінде «Самұрық-Қазына» қоры энергетика саласында 6 басым жобаны іске асыра бастады. Құны 1,2 трлн теңгені құрайтын жобалар 2023 жылға дейін орындалады. «Басым жобалар аясында жалпы сомасы 9 трлн теңгеден асатын 14 жобаны іске асыру жоспарланған. Атом электр стансасын салудың ұзақ уақытын ескере отырып, жақын арада көмір өндіретін жаңа қондырғыларды салу қажет болады. Екібастұзда қуаты шамамен 1 200 МВт болатын жаңа ГРЭС салу мәселесі қарастырылып жатыр», деді А.Сәтқалиев.

Қор басшысы Алматының екінші жылу электр стансасында 600 МВт бу-газ қондырғысын салу жобасы бойынша қаржыландыру мақұлданғанын атап өтті. Осы айда ашық тендер өткізіледі. Сондай-ақ үшінші жылу электр стансасында 450 МВт бу-газ қондырғысын салу аукциондық сауда-саттық механизмі бойынша жүзеге асырылады. Аукцион алдағы желтоқсан айында өтеді. 1-ЖЭО 250 МВт бу-газ қондырғысын салу бойынша «Самұрық-Қазына» қоры Энергетика министрлігімен жобаны іске асыру мен қаржыландыру тетігін Алматы энергетикалық кешенін газдандыру жобаларын жүзеге асыру мақсатында газ инфрақұрылымын салу мәселелері пысықталуда.

Премьер-Министр ел экономика­сының орнықты дамуы энергетика саласының тұрақты жұмысына тікелей байланысты екенін атап өтті. Қазір электр энергетикасы үшін күрделі жағдай қалыптасты. «Экономикаға қосымша қуат көздері қажет. Сондай-ақ бұл саланың климатқа теріс әсерін азайту да оңай болып тұрған жоқ. Бұл – жаһандық дилемма, оның екі жаққа да тиімді балансын табу керек», деді Ә.Смайылов.

Бүгінде өндірілетін энергияның 80%-дан астамы көмір мен мұнай секілді қазба отындарынан алынып отыр.

«Алдағы уақытта бұл салада айтар­лықтай өзгеріс бола қоймауы да мүмкін. Дегенмен көмірқышқыл газын ауаға жібермей ұстап қалу және оны кәдеге жарату, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтарды азайту үшін жаңа технологияларды қолдануға басымдық беріледі. Біз экологиялық балансты сақтауға, жасыл желекті, орман алқаптарын көбейтуге барынша көңіл бөлеміз», деді Премьер-Министр.

Сондай-ақ ол энергетикалық инфра­құ­рылымды дамыту мәселесін де шешу қажет екенін атап өтті. Мысалы, өңірлерде электр желілерінің тозуы шамамен 65%-ды құрайды. Жылу электр орталықтарындағы жабдықтардың тозу деңгейі де осындай. Кейбір қалаларда бұл көрсеткіш тіпті 80%-ды құрайды.

Премьер-Министрдің пікіріне сүйен­сек, электр стансалары мен қазан­дық­тардың жабдықтарын жаңартып, желі­лерді реконструкциялау қажет. Соны­мен қатар экономиканың тұрақты өсуін қам­тамасыз ету үшін 2035 жылға қарай 10 ГВт-тан астам жаңа энергия қуаты қажет болады.

«Алда күрделі міндеттер тұр. Оған бізде жеткілікті ресурс бар. Атап айт­қанда, жаңартылатын энергетиканы дамы­туға жарайтын қажетті жер аумағы, қазба байлығының мол қоры, атом энергетикасын дамыту жөніндегі жоспарымыз бар», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министр көрші елдердің энергия жүйесі арқылы қуатты тұрақты түрде жеткізуді қамтамасыз етуді, ең көп салмақ түсетін маусымдық кезеңдерде қажетті маневрлік қуаттарды ұлғайту шараларын қабылдауды, сондай-ақ қазан айының соңына дейін Үкіметтің қарауына «инвестиция орнына тариф» сая­сатын іске асырудың нақты механизмін ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар Энергетика министрлігіне көмір жағатын электр стансаларынан зиянды заттарды азайту және оны кәдеге жарату технологияларын әзірлеп, қолданысқа енгізу тапсырылды.

Дағдарыс орталықтары көбейеді

Үкімет отырысында тұрмыстық зор­лық-зомбылықтың алдын алу мәселелері қаралды.

Ішкі істер министрі Марат Ахмет­жанов биыл полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңға жуық сигнал түскенін баяндады. Олардың көбі Шымкент, Астана, Алматы, сондай-ақ Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарына тиесілі. Жалпы, отбасылық-тұрмыстық негізде 668 қылмыс жасалды, жанжал шығарушыларға қатысты 35 мың әкімшілік хаттама жасалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы­на сәйкес ведомство тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күресті күшейту бо­йынша шаралар әзірледі. Оның қатарында құқық бұзушылықтар бойынша өтініш қабылдаудан оларды анықтауға көшу, тараптарды татуластыру рәсіміне қойылатын талаптарды қатаңдату және отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылық үшін жазаны күшейту бар.

Арнайы дағдарыс орталықтарының жұмысы туралы Еңбек және ха­лық­ты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, отбасын қолдау орталық­тарының қызметі туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, өңірлердегі ахуал туралы Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов пен Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов баяндады.

Баяндамашыларды тыңдаған Пре­мьер-Министр тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесін кешенді түрде шешу қажеттігін айтты. Бұл орайда барлық қадам мен жаңа тәсілді, әсіресе, заңнамалық сипаттағы шараларды алдымен қоғамның талқысына салу қажет. Бұл тұрғыда мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар және сарапшылардың бірыңғай ұстанымы қажет. «Қоғамда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа төзбеу атмосферасын қалыптастыру үшін әлеуметтік желі мен бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану қажет. Зорлық-зомбылықтан зардап шеккен адамдарды оңалту мәселесіне көңіл бөлу керек. Оларға медициналық қана емес, білікті мамандардың психологиялық, құқықтық көмегі де қажет», деді Ә.Смайылов.

Сонымен қатар Премьер-Министр өңірлерде тұрмыстық зорлық-зом­был­ыққа төзбеу және отбасылық құн­дылықтарды дәріптеу бойынша ақпа­раттық науқан жүргізу қажеттігін атап өтті. «Оқу-ағарту министрлігі балалардың бойына отбасына құрмет және үйдегі тәртіп ережелерін сіңіру үшін «мектеп сағатын» ойластыруға тиіс», деді Үкімет басшысы.

Үкімет басшысы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс және уақытша бейімдеу орталықтарын, мәжбүрлеп емдеуге арналған наркологиялық мекемелер желісін кеңейту шараларын қабылдау қажеттігін алға тартты. Мемлекеттің көмегіне мұқтаж, тұрмысы нашар отбасыларды медициналық-әлеуметтік есепке алудың үлгілік қағидаларын әзірлеуді тапсырды.

«Әкімдіктермен бірге тәуекел тобындағы отбасыларды анықтап, олармен арнайы профилактикалық жұмыс жүргізу үшін Отбасының цифрлық картасының деректерін талдау қажет», деді Ә.Смайылов.

Үкімет басшысы мәжбүрлеп емдеуге жіберу рәсімдерін жеңілдету, халықаралық тәжірибені ескере отырып, құқық бұзушыларға психологиялық терапия шараларын қолдану бойынша ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату бойынша түзетулер әзірлеу аясында халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуді тапсырды.