
Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «ЕQ»
2000-2017 жылдар аралығында ҚХР 165 елге 13 мыңнан астам жобаға шамамен 843 млрд доллар инвестиция құйды, олардың көпшілігі «Бір белдеу, бір жол» жобасында (BRI) көзделген. BRI-ге жоғары жылдамдықты темір жол желілері, көмірмен жұмыс істейтін және су электр стансалары, порттар, жолдар, көпірлер салу және туризмді дамыту кіреді. Осы уақытқа дейін Қытайдың қаржысына әлемде бөгеттер, ауруханалар, шахталар, құбырлар, IT кабельдер, жаңа қалалар мен парламент ғимараттары бой көтерді. Сонымен қатар ақша көлік және энергетикалық жобаларға да жұмсалды. Morgan Stanley жариялаған мәліметке сәйкес, Қытайдың жалпы инвестициясы 2027 жылға қарай 1,3 трлн долларға жетуі мүмкін. Өйткені көптеген әлемдік көшбасшылар BRI-ді Дүниежүзілік банктен немесе бай елдерден қол жеткізе алмаған арзан несиелердің көзі ретінде қарастырады. Сөйтіп бірқатар ел Қытайға қарыз болып отыр.
Ал сарапшылар Қазақстан мен Қытай «Бір белдеу, бір жол» жағдайында тұрақты және негізінен оң қарым-қатынаста екенін алға тартады. Мысалы, Малайзия немесе Шри-Ланка сияқты BRI бөлігі саналатын елдерде ірі жобалар келіспеушілік салдарынан тоқтатылып, Қытайға қарызды өтеу проблемаға айналған немесе халық BRI мен Қытайдың араласуына түбегейлі наразылығын білдірді. Цюрих институтының жанындағы Қауіпсіздікті зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері Бенно Зогг аталған елдермен салыстырғанда Қазақстан негізінен BRI жобасында табысты елдердің қатарында екенін айтады. Мәселен, «Бір белдеу, бір жол» Қазақстанда «Қорғас – Шығыс қақпасы» еркін экономикалық аймағын, «Қорғас» халықаралық шекаралық ынтымақтастық орталығын, Каспий теңізіндегі Ақтау және Құрық теңіз порттарын, Қазақстан-Түрікменстан жаңа темір жол дәлізін құруға үлкен ықпал еткен.
Азия, Шығыс Еуропа және Африка елдеріне құны трлн доллар тұратын ірі трансконтиненталдық дәліздерде заманауи «Жібек жолы» желісін салуды көздейтін жоба 2013 жылы Си Цзиньпиннің бастамасымен іске асып келеді. Табиғатты қорғау мамандары болса «BRI жобаларының көпшілігі әлемдегі биологиялық тұрғыдан ең бай жерлер арқылы автомобиль және темір жол жүк желілерін салуды қамтиды», деп алаңдаушылық білдіріп отыр. Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры мен HSBC «BRI флора мен фаунаның шоғырланған нүктелеріне құрылыс жүргізіп, кері әсерін тигізді» деп хабарлаған болатын. Олар қазірде осының салдарынан Сібір жолбарыстары, шығыс ақ ләйлектері және алып пандалар секілді жойылып бара жатқан аң-құстың 265 түріне қауіп төндіретінін ескертті. Квинсленд университетінің зерттеушісі, Nature журналында BRI аясында биоалуандықты қорғау бойынша жарияланған зерттеудің жетекші авторы Дивья Нарайн бұл бастаманы «тарихтағы ең қауіпті экологиялық жоба» деп санайды. «Бұл қоршаған ортаға кері әсер етеді, өйткені жоба әлемдегі ең таза экожүйелер шоғырланған жерлерде жүзеге асырылып жатыр», деді ол. Нарайн Дүниежүзілік банктің BRI жобасының дерекқорынан 9500 миль (15 мың км) темір жол және автомобильді қоса алғанда, 33 көліктік мегажобаның ұсынылғанын және BRI шеңберінде 48 ірі гидроэлектр бөгетін салу жоспарланғанын алға тартады. «Көптеген аяқталған жоба қазірдің өзінде қоршаған ортаға орасан зиян келтірді», деді Нарайн.
Сондай-ақ The Guardian басылымының мәлімдеуінше, Камбоджадағы Меконг өзенінің сағасындағы алып бөгет және Қытайдан Лаосқа апаратын негізгі темір жол желісі ормандарды жойып, мыңдаған отбасы өзге жаққа қоныс аударуға мәжбүр болған. Ал Пәкістан, Кения, Индонезия және Сербиядағы көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларының жұмысына қарсы халық наразылық акцияларына шықты. Малайзияда және басқа жерлерде автомобиль және темір жол құрылысы экожүйелер жойылуына әкелді. Кениядағы Найроби ұлттық саябағын басып өтіп, Африкадағы ең маңызды жабайы табиғат қорықтарының бірі – Цаво ұлттық паркіне апаруға тиіс темір жол құрылысына табиғат қорғаушылары қарсылық танытты. Дивья Нарайнның айтуынша, BRI жобаларының Дүниежүзілік банктің несиелерінен немесе көптеген бай елдің көмек бағдарламаларынан айырмашылығы, зиянның көп бөлігі биологиялық әртүрлілікті қорғаумен шектелмеген. Шетелде жұмыс істейтін қытайлық компаниялар мен қаржы институттарынан тек «қабылдаушы ел принципін» ұстану талап етіледі, олар жергілікті экологиялық және әлеуметтік ережелерді сақтауы керек. Алайда Нарайн бірқатар жобаны қолдайтын 35 қытайлық қаржыгердің біреуі ғана табиғатты қорғау қажет екенін құптап отырғанын айтады. Зерттеуші егер бұл жағдай өзгермесе, «BRI инфрақұрылымдық жобалары зиян келтіруді жалғастыра береді» дейді.
Табиғат қорғаушыларының сынын ескерген Қытай тарапы жоба талаптарын қайта қарауды ұйғарды. 2021 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясында Си Цзиньпин шетелде көмір энергетикасы бойынша жаңа жобаларды қолдауды тоқтатуға уәде берді. Бұдан кейін 2022 жылдың наурызында Қытайдың Ұлттық даму және реформалар комиссиясының жаңа директивасы шықты. Құжатта «2030 жылға қарай «жасыл BRI» енгізілуі керек, ал 2025 жылға қарай BRI жобаларының экологиялық тәуекелдерінің алдын алу айтарлықтай жақсарады» делінген. Бірақ Нарайн сияқты сарапшылар жаңа ережелердің мағынасы аз екенін, өйткені BRI орталықтан басқарылмайтынын және BRI жобаларын қаржыландыратын бірде-бір қытайлық банк биоалуандықты қорғау немесе шетелдегі шығарындыларды азайту үшін міндетті талаптар қоймайтынын айтады.
«Жаңа нұсқаулықтарды шығару оның лезде жүзеге асуына әкелмейді», дейді жасыл қаржыландыру және даму орталығының негізін қалаушы директоры және Шанхайдағы Фудан университетінің доценті Кристоф Ванг. Аустралияның Кейрнс қаласындағы Джеймс Кук университетінің Тропикалық экология және тұрақтылық орталығының директоры, биолог Уильям Лоранс та бұған күмәнмен қарайды. «Белдеулер мен жолдар әлі де экожүйеге үлкен әсер етеді. Қытай оның көміртектілігі төмен, жасыл және тұрақты болатынын айтты, бірақ бұл күмәнді. Жаңа жолдар ормандарды жоюды жалғастыра береді. Қытай қоршаған ортаны қорғау ережелерін ұстанатынын алға тартып отыр. Дегенмен жоғалған жасыл әлемді қайтару қиын», деді ол The Guardian-ға берген сұхбатында.
Ал Финляндиядағы Энергия және таза ауаны зерттеу орталығы (Crea) «Қытай 2020 жылдың басынан бері BRI шеңберінде ешқандай шетелдік көмірмен жұмыс істейтін электр стансаларын қаржыландырған жоқ және көп жоба тоқтатылды» деп хабарлады. Crea сарапшысы Изабелла Суарестің мәліметіне сәйкес, шамамен 12,8 гигаватт электр қуатын өндіре алатын 15 көмірмен жұмыс істейтін кәсіпорынның жұмысы тоқтатылған.
Осы жылдың басында АҚШ пен G7-нің өзге елдері «BRI кедей елдердегі инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыру арқылы Қытайдың жаһандық геосаяси көшбасшылыққа қол жеткізуіне мүмкіндік береді» деп қауіптеніп, алдағы бес жылда 600 млрд доллар инвестициялауды көздейтін бәсекелес жоспарды іске қосты. Жаһандық инфрақұрылым және инвестиция бойынша серіктестік (PGII) деп аталатын бағдарлама әлі де толықтай бекітілген жоқ. Алайда жоба тас жол, темір жол, порттар мен бөгеттер салу үшін елдерге несие бермейді, есесіне өнеркәсіптік күн электр стансалары, Африкадағы вакцина өндірісі орталығы және «жұмсақ» жобаларды қаржыландыру арқылы Қытайдың дамушы елдердегі ықпалына қарсы тұруға тырысады. Сондай-ақ Азия мен Африканы байланыстыратын цифрлық инфрақұрылымға осы уақытқа дейін АҚШ пен ЕО сәйкесінше 200 млрд және 317 млрд доллар бөлуге уәде берді. Әзірге PGII BRI-ге қарағанда қоршаған ортаға зияны аз болады деп уәде беріп отыр. «Қазіргі жаһандық геосаяси бәсекелестік жағдайында PGII BRI-мен бәсекелесуге ұмтылады. Егер жоспар кедергісіз жүзеге асса, оның нәтижесі алдағы онжылдықта көрінеді», дейді сарапшылар.
Қытай болса өз жобасының ауқымын кеңейтіп жатыр. Мәселен, 2019 жылдың шілдесінде Қытай Бангладеш премьер-министрі Шейх Хасинаны қызыл кілем төсеп қарауылмен қарсы алды. Бейжіңде оны ҚХР төрағасы Си Цзиньпин мен премьер-министр Ли Кэцян қабылдады. Үш күннен кейін Хасина Бангладеште электр стансаларын салу және экономиканың дамуына арналған басқа да қаржылай көмек көрсету үшін бөлінетін тоғыз млрд долларлық келісімдермен Даккаға оралды. Шейх Хасинаның қысқа сапары екі елге де пайдалы болды. Ірі жаңа инфрақұрылымдық жобалар Бангладештегі өмір сүру деңгейін көтеруге көмектеседі, сонымен қатар Қытайға 160 млн-нан астам халқы бар қарқынды дамып келе жатқан көршісіне ықпалын күшейтуге мүмкіндік береді.