
Бұған дейін Қытай әскері Ream базасының бір бөлігін эксклюзивті түрде пайдаланады деген ақпарат жоққа шығарылды, алайда сарапшылар «келісім бар, бірақ оның жалпы сипаты әлі белгісіз», деді.
Өткен аптада Камбоджа мен Қытай шенеуніктері кездесіп, құрылыс жобасының бастауы ретінде ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға қатысты. Екі тараптың басты өкілдері қолдарына қызыл өрнекпен әшекейленген күрек алып, топырақты қопсытты. Бұл рәсім Камбоджаның ең ірі әскери-теңіз базасы Ream-да жаңа жобаның басталғанын білдіреді. Құрылыс Қытай қаржысына салынады. Грант көлемінің белгісіздігі де АҚШ-ты алаңдатып отыр. Сонымен қатар екі ел достығын жариялады. Қытайдың Камбоджадағы елшісі Ван Вэнтиан салтанатты іс-шарада «Қытай мен Камбоджа тамыры тереңге жайылатын бауырлас ел болды», деді.
Сарапшылар көптеген жыл бойы база туралы түрлі ақпарат таралып, Камбоджа оны тек Қытай әскеріне пайдалануды жоспарлағанын алға тартады. «Мұндай келісім Бейжіңге даулы Оңтүстік Қытай теңізіне толықтай қол жеткізуге мүмкіндік береді және оның Үнді-Тынық мұхиты аймағындағы әскери және экономикалық ықпалы айтарлықтай кеңейе түседі», дейді.
The Guardian газеті таратқан ақпаратқа сүйенсек, бұл мәселеге Америка Құрама Штаттары бірнеше рет алаңдаушылық білдірген және Камбоджаны бұл келісімге қатысты ашықтық жоқ деп айыптаған. Алайда өткен аптада Камбоджа Қытаймен арадағы келісімді жоққа шығарды. «Теңіз кез келген елге қауіп төндіретін порт бола алмайды», деді Камбоджа қорғаныс министрі Теа Бан. АҚШ болса бірнеше жыл бойы Қытайдың Ream-ға әскери база салуын жоспарлап отыр деп мәлімдеп келеді. 2019 жылы Wall Street Journal Пномпень мен Бейжің арасындағы құпия келісім туралы хабарлады. Онда Камбоджа премьер-министрі Хун Сен Қытайдың теңіздегі әскери құрылымға кіруіне рұқсат берді деседі. Ал Хун Сен сол кезде бұл хабарды жоққа шығарған еді. «Бұл – Камбоджаға қарсы жасалған қастандық. Мұндай келісімнің болуы мүмкін емес, өйткені ел аумағында шетелдік әскери базаларды орналастыру Камбоджа конституциясына қайшы келеді», деді министр Fresh News ақпарат агенттігіне.
Бірқатар сарапшы мәміленің мәнін толық түсінуге әлі ерте дейді. «Біз Қытайдың өзге жерлерге ықпалын одан әрі кеңейткісі келетінін білеміз, бұл үшін олар өзінің теңіз кемелеріне қызмет көрсететін логистикалық желілерін құруы керек», дейді Стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығының директоры (CSIS) және құрылыс барысын қадағалаушы маман Мэттью Фунайоле. «Бейжің кез келген оқиғаның қалай таралып жатқанына сақтықпен қарайды. «База» сөзі көптеген елді елеңдетуі мүмкін екенін де біледі, сондықтан мұны сіз бен біз де сақтықпен қолдануымыз керек», деп қосты Фунайоле. Ал өткен аптада Индонезияға жұмыс сапарымен келген Аустралия премьер-министрі Энтони Албаниз бұл хабарға алаңдаушылық білдіріп, Қытай үкіметін бұл мәселедегі мақсатын ашық айтуға шақырды. «Біз Камбоджа үкіметімен үнемі байланыстамыз және олар ешбір шетелдік әскерге Ream-ға эксклюзивті кіруге рұқсат берілмейтініне сендірді. Біз Бейжіңнің Ream-ға белсенділігі туралы бұрыннан білеміз. Біз Бейжіңді қандай ниеттері бар екенін ашық айтуға және аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қолдауды қамтамасыз етуге шақырамыз», деді Энтони Албаниз Макасардағы журналистерге берген сұхбатында. «Америка дауысы» ақпарат құралының хабарлауынша, 2020 жылдың қазан айында Камбоджа теңіз күштерінің жоғары лауазымды қызметкері Nikkei Asia басылымына Қытайдың портты кеңейту және кеме жөндеу зауытын құру жобасын қолдайтынын айтқан. Сондай-ақ өткен жылдың маусымында Камбоджа қорғаныс министрі Теа Бан жергілікті БАҚ-қа Қытайдың Ream-ды салуға ешқандай шартсыз көмектесіп жатқанын растаған. «Жалғыз Камбоджа мұндай істі қолға ала алмайды. Жоба құнын нақты білмеймін, бірақ қымбат, айтарлықтай қаржы қажет», деді министр.
Әлемдік ақпарат көздеріндегі деректерге сүйенсек, Камбоджа Қытайдың Оңтүстік-Шығыс Азиядағы ең жақын одақтасы, сондықтан елдің саяси-экономикалық дамуы жағынан да серіктесі болуы ғажап емес. Қытай Камбоджаға елдің дамуына көмек ретінде несие және басқа да іскерлік келісімдер негізінде миллиардтаған доллар инвестиция құйған. Аризона мемлекеттік университетінің Thunderbird жаһандық менеджмент мектебінің доценті Софал Эр: «Бұл көзқарастары бірдей автократиялық елдердің одағы, бір партиялық биліктегі елдер, сондықтан олар бір-бірімен қалай жұмыс істеу қажет екенін бірден ұғынады», деді.
Ал сарапшылар: «Камбоджаны 37 жылдан астам уақыт басқарған Хун Сен өз кезегінде Оңтүстік-Шығыс Азия елдері қауымдастығының (АСЕАН) аймақтық жиналыстарында Қытайды қолдады, соның ішінде Оңтүстік Қытай теңізіндегі аумақтық бәсекеге түсетін Қытай мен АСЕАН-ға бірнеше мүше ел арасындағы дауларда Қытайдың мүддесін жақтайды», дейді. «Енді Қытайдың Камбоджадағы ықтимал әскери қатысын Вьетнам мұқият қадағалайтын болады, өйткені бұл ел даулы Оңтүстік Қытай теңізіндегі позициясына орай Қытайдың күш көрсетуіне тап болған», дейді Қытайдың саясатын бақылап отырған әлем сарапшылары.
Егер Қытай Ream-да әскери ошағын құрса, бұл Шығыс Африкадағы Джибути мемлекетіндегі нысанмен қосқанда елдің екінші шетелдік әскери-теңіз базасы болмақ. Құрылыстың толығымен 2016 жылы Камбоджамен ынтымақтастық туралы келісімге қол қойған China Metallurgical Group Corporation (MCC) мекемесі жүзеге асырады. Бұл компания Қытайдың негізгі құрылыс мекемесі.
Тайваньдық әскери сарапшы Си Ле Йи Бейжің өзінің әскери қуатын шетелдерде дамытуға көп жылдар жұмсағанын айтады. Оның басты мақсаты – әскери порттарда Халық азаттық армиясына (PLA) қажетті ядролық қуатпен жұмыс істемейтін ұшақ тасығыштар мен сүңгуір қайықтардың қорын орналастыруға мүмкіндік беретін «көпір» жасау. «Камбоджа олардың Оңтүстік Қытай теңізінен, содан кейін Бангладештен, одан соң Шри-Ланкадан кейінгі алғашқы аялдамасы болуы ықтимал. Одан кейін олар Парсы шығанағы мен Солтүстік Африкаға келіп, Джибутимен байланысады», деді Си Ле Йи.
2021 жылы АҚШ үкіметінің Қытаймен байланысты әскери оқиғалар туралы есебінде «Бейжің теңіз, әуе, құрлық, кибер және ғарыш күштерін қолдау үшін қосымша әскери нысандар іздестіруде» деп айтылған. Құжатта Камбоджаны ғана емес, Мьянма, Таиланд, Сингапур, Индонезия секілді бірқатар көрші елді де қарастыруы мүмкін екені сөз болған. Бірақ сарапшылар аталған Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің мұндай келісімге дайын болуы екіталай дейді. «АҚШ болса бұл аймақтарға немқұрайлы қарап отыр», деп қосты олар. Сонымен қатар Сингапур Ұлттық университетінің Азия және жаһандану орталығының аға ғылыми қызметкері Эван Лаксмана «Ream-ға қатысты АҚШ-тың қоғамдық наразылықтары «қарым-қатынастың жоқтығы мен әрекет етуге ынталы еместігін» көрсетеді», деген пікірде. «АҚШ бізбен тек Қытай үшін ғана араласады. Егер Қытай болмаса, біз де жоқпыз». Оңтүстік-Шығыс Азияда жиі кездесетін шағым осындай», дейді С.Раджаратнам атындағы Халықаралық зерттеулер мектебінің ғылыми қызметкері Коллин Кох. «Егер АҚШ өзге елдердің сенімін арттырғысы келсе, тұрақты болып, қауіпсіздікке назар аударудан басқа шешім ұсынуы керек» деп қосты ол. «Өзін адам құқығының чемпионы ретінде көрсетуге ұмтылысымен Оңтүстік-Шығыс Азия көшбасшыларын жеңуі екіталай. АҚШ-тың Оңтүстік-Шығыс Азияда ойлағандай күшті моральдық деңгейі жоқ», деп АҚШ-қа қатысты тағы бір пікірін білдірді Эван Лаксмана.
Ал Бейжіңде орналасқан Карнеги халықаралық бейбітшілік қорының аға ғылыми қызметкері Чжао Тонг Қытай өзін жаһандық ықпалы АҚШ-тан асып түсетін болашақ халықаралық көшбасшы ретінде қарастыратынын айтады. Бірақ оның пайымдауынша, Қытай шетелдерде әскери өкілдік құру процесін ақырын, баспалдақпен жүріп отырып жүзеге асырады. Өйткені Бейжің «халықаралық күдіктен» аулақ болуды қалайды. Сонымен қатар қытайлық сарапшылар «Қытай өзінің әскери ықпалын бірте-бірте өзінің көршілес аймақтарына енгізу арқылы әлем елдерін Қытайдың үлкен держава болуына үйретеді және уақыт өте келе елдердің оң көзқарасын қалыптастыра алады» деп санайды. «Өйткені бұл Қытайдың басты саясаты, халықаралық аренаға ол осылайша қол жеткізіп отыр», деді Чжао Тонг.