Әлем • 15 Мамыр, 2022

«Арнайы аймақты» не күтіп тұр?

198 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Гонконгтың жаңа көшбасшысы Джон Ли бүгінде әлем сыншылары мен сарапшыларының нысанасына айналды. Олардың бірі Гонконг халқынан қолдау таппай отырған Джон Ли Бейжіңге ғана үміт артқаннан басқа амалы жоқ десе, екіншілері соңғы кездері құлдырауға ұшыраған Гонконгты қайта қалпына келтіре алатынына күмәнмен қарайды. Лидің білім мен тәжірибесіне сүйене отырып, қандай басшы болатыны, қандай істер атқара алатынын, жалпы саяси тұлға ретіндегі күш-жігерін сынап, болжам жасауда.

«Арнайы аймақты» не күтіп тұр?

Коллажды жасаған Қонысбай ШЕЖІМБАЙ, «EQ»

Сингапур Ұлттық универ­си­тет­інің сая­саттанушысы Ян Чонг «Джон Ли полиция қызметкері, құ­қық қорғаушы болған», дей­ді. Ол Ли мырзаның 2019 жылы Гонконгтағы наразылық шеру­ле­рі­н күшпен басуға белсенді қатысып, ұлт­тық қауіпсіздік туралы даулы заңның ен­гі­зіл­уін басқарғанын атап көрсетті. «Бұл Гонконгты басқаратын заң мен тәртіп «Бейжіңнің көзқарасы» деп аталатын саясат арқылы жүзеге асырылатынын аңғартып отыр», дейді Ян Чонг.

Джон Ли жаңа қызметке осы жылдың 1 шілдесінен бастап кі­рі­­се­ді. Алайда ол сайланғаннан ке­йін бірер күн өткен соң жаңа қызметіне кіріспей тұрып-ақ, бір­не­ше адамды жазалап үлгерді.

Өткен жылдың желтоқсанында полиция демократияны жақ­тай­тын Stand News медиа ұйы­мы­на тексеріс жүргізіп, оның бас­шы­лы­ғын тұтқындаған. Джон Ли құқық қорғау органының бұл әре­кетін қолдайтынын мәлімдеді. Осы­лайша бір кездері Азиядағы баспасөз бос­тандығының шам­шы­ра­ғы болған Гонконгта көптеген тәуелсіз ақпарат агент­­тіктері жабылды. Ли мырза: «Кім­де-кім БАҚ жұмысын өзінің саяси мақсаттары немесе басқа мүдделері үшін құрал ретінде пайдалануға тырысса және заң бұзса, әсіресе ұлттық қа­­уіп­­сіз­дікке қатер төндіретін қылмыс жа­­салса, ол баспасөз бостандығына зиян келтіруші болып саналады», деді. Жаңа көшбасшының осы сөзі мен әре­ке­ті­не қарап Доктор Цанг «Гонконг бірік­тірілген материк болуы ықтимал. 2020 жылға дейін болған ескі Гонконгтың қайта дүниеге келуі мүмкін емес», деп пікір білдірді.

44 беттен тұратын манифесте Джон Ли қаланы ашықтық прин­ципімен басқара­ты­нын және ұзақ­қа созылған тұрғын үй мәселесін шешуге уәде берді. Ол сондай-ақ ұлт­тық қауіпсіздік туралы заңды кү­шей­­тетін өзгерістер енгізуді қуат­тайтынын айтты.

Джон Лидің алдында Гонконг­тың бизнес пен керемет қаржы орталығы ретіндегі мәртебесін қайта қалпына келтіру міндеті тұр, ол оны орындауға уәде берді. 2019 жылы Гонконг қаласында жиілеп кеткен зорлық-зомбылық, жаппай наразылықтар турис­тер мен инвесторларды үркіткені белгілі. Оған қоса COVID-19 пандемиясының қа­таң шектеулері Гонконг экономикасын одан әрі әлсіретті. Eurocham мәліметтеріне сүйенсек, биылғы 1 ақпаннан бас­тап Гон­конг­тан 130 мың адам көшіп кеткен. Жұмыс берушілер қалаға жұмыс күшін, әсіресе жас­тарды тарту қиынға соғып отыр­ғанын айтады. Сонымен қатар Еу­ро­­палық кәсіпорындардың жартысына жуығы және Гонконгтағы АҚШ кә­сіпорындарының 44 па­йызы келер жылы көшуді қарас­ты­рып жатыр.

Қырық жылдан астам уақыт полиция­да қызмет еткен Ли мырза бизнес пен мем­ле­кет­тік қыз­мет­те тәжірибесі бар бұ­рын­ғы басшылардан өзгеше мансаптық жолымен ерекшеленеді. Сон­дықтан сарапшылар оның Гон­конг­тың беделін қалпына келтіре алатынына күмән­мен қарап отыр.

Сонымен қатар Ли мырзаның саяси жоспары оның Қытайдың COVID-19 нөлдік саясатына сәйкес келе ме деген сұ­рақ­тың жауа­бы да белгісіз қалды. Өйт­ке­ні Гонконг коронавирустың ең күрделі жағ­да­йымен күресіп жатыр. 2022 жылдың бірінші тоқсанында ғана қалада 5 600 өлім тіркелді, бұл пандемияның ал­ғашқы екі жы­лындағы көрсет­кіш­ке қара­ғанда бірнеше есе көп. Қаланың қарт тұрғындары вакцина алуға құлықты емес, сол себепті қайтыс болғандар саны күн сайын өсуде. Осы орайда профессор Стив Цанг «Си (Қытай Төрағасы) нөлдік ковидті көрсеткішін талап етіп отырған кезде Ли мырза оның тиімді жолын тауып жүзеге асыруы әбден мүмкін», дейді. Ал өзге сарапшылар нөлдік ковидке жету – Ли мырзаның ел шекарасын қайта ашу туралы уәдесі мен әрекетіне қай­шы келетін мақсат деп санайды. Доктор Ян Чонг «Ли мырза шектеу шараларын күшейткен Гонконг шекарасын қайта ашуға ниетін білдірді, бірақ нөлдік ко­вид көрсеткішімен қарама-қайшы ке­ле­тін талапты қалай және қай уақытта үйлестіретіні белгісіз», дейді.

Тарихқа көз жүгірсек, Гон­конг­­тың бө­лінуі Ұлыбритания мен Қытай арасын­да­ғы апиын соғыс­та­ры (1839-1860) салдарынан орын алған. Әскери және сау­да қақтығыстары кезінде Қытай Гон­­конг аралы мен Коулунның бір бөлігін Ұлы­британияға беруге мәжбүр болды. 1898 жылы Ұлыбритания Гонконгты 99 жылға жалға алады. Жалға алу мер­зімі 1997 жылы аяқталғанда Ұлыбритания Гонконгты Қы­тайға «Қытай Халық Рес­пуб­­лика­сының Гонконг арнайы әкім­шілік аймағы» деп аталатын ерекше әкім­шілік аймақ ретінде қайтарып береді. «Бір ел, екі жүйе» доктринасы бойынша сая­сатпен өмір сүрген халық Джон Лидің саяси қадамдарын қалай қабылдайтынын алдағы уақыт көрсетпек...