Қазақстан • 29 Сәуір, 2022

Жырақта жүрсек те, жүректен өшпейді

479 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Соңғы алты жылда шетел асқан қазақтардың саны күрт артқан. Өзге елге тұрақты қоныс аударғандардың дені – 15-34 жас аралығындағы жастар. Әсіресе 2020 жылы пандемияның өршіп тұрғанына қарамастан, білікті мамандардың көбі (54 пайыз) шекара асып кеткен.

Жырақта жүрсек те, жүректен өшпейді

«Білікті мамандарымыз бен білікті жастарымыз елден кетіп жатыр» деп дабыл қаққанымызбен, сарапшылар мұның әлемдік тенденциядағы қа­лыпты жағдай екенін айтады. Шетел­ге brain drain үрдісімен кетіп, екі қолға бір күрек табуды мақсат тұт­қан осындай жастардың бірі – Әйгерім.

«Шетелде тұрып жатқандағы негіз­­гі мақсатымыз – жұмыс», дей­ді ол. Әйгерім Сейтенова 2018 жылы күйеуінің жұмыс бабымен Ақ­тө­бе­ден Данияның Эсбьерг қала­сы­на қоныс аударған. Өзі қаржыгер, күйеуі мұнай саласында қызмет етеді. Екі қызының үлкені Қазақстанда, кішісі Данияда дүниеге келген.

– Елімізді, жерімізді естен шығар­май­мыз, туған-бауыр­лары­мызбен жиі байланысқа шығып, елге жыл са­йын барып сағынышымызды басып қайтамыз. Ертеңгісін ояна салысымен Қа­зақстанның жаңалықтарын оқимын. Қантарда болған жағдай бізді қатты алаңдатты. Дәл сол кезде елге ба­ра­мыз деген жоспар бар еді, кейінге қал­дырдық. Украинадағы жағдай және оның Қазақстанға ықпалы да алаң­датады. Өзге елдің әлемдік ережеге бағынбас өз саясаты болғанымен елімізге кесірі тие ме деген қорқыныш та жоқ емес. Осының барлығы жақсы аяқталса екен деп тілейміз, – дейді Әйгерім.

Әйгерімнің айтуынша, Дания елін­де қазақтар саны біршама. Бір ғана Эсбьерг қаласында он үш қазақ отбасы тұрады. Олардың барлығы – жұмыс бабымен келген және осында шаңырақ құрғандар.

– Ұлттық мейрамдарды үнемі бірге атап өтеміз. Мәселен, биыл Наурызда ұлттық тағамдар да­йындап, осындағы қазақтармен бірге тойладық. Бұдан бөлек, жыл сайын Бірлік күнінде ұлттық киімдерімізді киіп, қазақ биін билеп, әнін шырқап, өнер көрсетіп қайтамыз, – дейді Әйгерім.

Ал Ғалия Түркияға осыдан 12 жыл бұрын білім алуға барып, бү­гін­де Ыстанбұл қаласының тұрақты тұрғынына айналған.

– 2009 жылы Түркия мемлеке­тінің шетел­дік студенттерге бөлінген грантын ұтып алып, магистратураға келген болатынмын. Магис­тра­ту­ра­ны бітіріп, елде алты айдай болдым да, докто­рантура оқуға қайта келдім. Содан тұрмыс құрдым, сөйтіп осы жақта қалып қойдым, дейді ол.

Ғалия Серікқызы қазір әлеумет­тану мамандығы бойынша докторантурада білім алып жатыр. Оқудан бөлек салалық аударма жасайды. Жол­дасымен бір ұл тәрбиелеп отыр. «Қазақстанға сирек келгенімізбен ел­дегі оқиғаларға бейжай қара­май­мыз, алаңдайтын жағдайлар көп», дейді Ғалия.

Қаңтар оқиғасы, Ресей мен Украина арасындағы соғыстың бізге ықпалы секілді ешкімді бейжай қалдырмайтын саяси мәселелер мені де алаңдатады. Одан бөлек елде әлеуметтік мәселелелер де ушығып тұрғаны сезіледі.

Әңгімеге тартқан қандасымыздың бірі – Данияр Сүндетбай. АҚШ-тың Калифорния штаты, Лос-Анжелес қала­сында тұрады. Білім іздеп, ғы­лымға бет бұру мақсатымен барған ол қазақтардың көп шоғырланған жерін әдейілеп таңдап барыпты.

– Ұлымның ана тілін ұмытпауын, елдің салт-дәстүріне жырақта жүрсе де қанық болып өсуіне ерекше мән бердік. Әрине, Лос-Анжелесте өмір сүру, жағдай жақсы болғанымен, аз уақыттың ішінде туған жерді сағынып үлгердік, – дейді ол.

Даниярдың отбасымен АҚШ-қа кеткеніне бір жылдан асқан. Мұнда қазақ отбасылары мен азаматтары өте көп. Оның бір бөлігі студенттер болса, енді бірі – тұрақтап қалғандар. Ішінде жеке кәсіп ашып, шағын бизнесін дамытып жатқандар да аз емес.

– Өткен жылы Калифорнияда Қазақ орталығы ашылды. Мұнда қазақ тілі, Қазақстан тарихы сабағы, домбыра, спорт үйірмесі жұмыс істейді. Қазақ балаларын боксшы Мадияр Әшкеев спортқа баулып, бокстың қыр-сырына қанықтырып жүр. Барлығы тегін. Жақында Наурызды дүркіретіп тойлап өттік. Қазақ ертегілерінен көрініс қойып, арқан тартып, асық аттық, қазақ әндерін шырқадық. Қасиетті Рамазан айында көбіміз ораза тұтып жатырмыз, күнде бір қазақтың үйінде ауызашар. Мұның барлығын балаларымыз көріп отыр. Жат жерде жүрсек те қазақы болмысымыздан аттап кеткен емеспіз. Себебі жырақта жүрсек те туған жер жүрегімізде, – дейді Данияр.

– Калифорнияда шаңырақ құрып, отау тігіп жатқан отандастарымыз да аз емес. Беташар, ұзату тойлары қазақтың жөн-жоралғыларымен өтеді, – дейді Даниярдың зайыбы Сандуғаш.

P.S. Әйгерім мен Ғалия шетелде тұрғылықты қалуды жоспарлап отырса, Данияр «келген мақсатымды орындап, елге қайтамын, туған жерде қызмет атқарамын» дейді. Әңгіме кезінде үшеуінен де елге деген сағынышты, туған жерге деген жылылықты байқадық...