Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасовтың айтуынша, Қазақстанда мамандардың біліктілігін анықтау реттелетін және реттелмейтін қызмет түрлері бойынша әр түрлі тәсілдермен жүзеге асырылады.
«Мемлекеттік органдар біліктілікті растайтын құжат болған кезде ғана жүзеге асырылуы мүмкін кәсіпті немесе қызметті айқындайды. Ал «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы реттелмейтін кәсіптер бойынша сертификаттау орталықтарын аккредиттеу арқылы мамандардың біліктілігін тексереді. Жалпы еліміз бойынша осындай 38 орталық бар. Оның 28-і жұмыс берушілер бірлестіктері жанынан, 9-ы кәсіпорындар базасында, біреуі колледж базасында құрылған», дейді министрдің бірінші орынбасары.
Сондай-ақ ол реттелмейтін мамандықтар бойынша сертификаттау жүргізу тәртібі әлі регламенттелмей жатқанын атады.
«Дағдыларды тану және біліктілікке сәйкестікті бағалау үшін біліктіліктер жөніндегі ұлттық орган құруға мүмкіндік беретін нормативтік негіз қалау қажет. Электрондық еңбек биржасында еңбек нарығында талап етілетін арнайы (кәсіби) және жалпы (икемді) дағдылардың тізбесі – дағдылар банкі құрылды. Оған қазірдің өзінде 8 мың дағды енгізілд. Олардың ішіндегі ең танымалдары бойынша қысқа мерзімді оқыту курстары мен онлайн-курстар әзірленуде. Алдағы уақытта дағдылар банкі кәсіби дағдылар мен біліктіліктердің салыстырмалылығын арттыруға мүмкіндік береді. Нарыққа қажетті кәсіби дағдылар мен мансапты жақсырақ таңдау үшін жұмыс түрлері туралы халықтың хабардарлығын жақсартады», деп түйіндеді вице-министр.