Қоғам • 12 Тамыз, 2019

Қауіпсіздік қаруланумен шешіле ме?

176 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Биыл 2 тамызда Ақ үй мен Кремль арасындағы Орта және қысқа қашықтыққа ұшатын зымырандарды жою туралы келісімшарт (ОҚЗК) күшін жойды. Ядролық қарусыз әлем құруда маңызды бұл келісімшарттан шығуға алдымен мүдделі болған АҚШ тарапы Ресейді мәміле шеңберінен тыс әрекет етті деп кінәлаған еді. Бірақ жағдайдың бұлай шиеленісуіне Қытайдың зымырандары түрткі болған сыңайлы.

Қауіпсіздік  қаруланумен  шешіле ме?

Аталған келісімшарт 1987 жылы АҚШ пен КСРО арасында жасалып, 500-ден 5500 километрге дейін ұшатын баллистикалық және қанатты зымырандарды жасап шығармауға, сынақтан өткізбеуге, сақтамауға уағдаласты. Осы құжаттың аясында 1991 жылы КСРО 1846, АҚШ 846 зымыран кешенін жойған. Алайда араға біраз жыл салып, алпауыт елдердің қуатты қарулануын тежеген ОҚЗК әрекет етуін тоқтатты. Соңғы жылдары екі тарап та бір-біріне келісімшарттың талаптарын бұзғанын айтып, кінә тағып келді. Вашингтон SSC-8 атты танымал ракеталар жасалып жатыр деп дабыл қақса, бұған Мәскеу зымырандардың 500 километрден алысқа ұшпайтынын айтып жауап қатқан. Ресей де Еуропада зымырандарға қарсы қондырғылар орналастыру шартының сақталмағанын мәлімдеп, қынжылыс білдірді. Ақы­ры АҚШ 1 тамыздан бастап келісім­шарт­тан шықты, ал Ресей 2 тамызда ОҚЗК күшін жойғанын ресми хабарлады.

Жаһан елдері жағдайдың бұлай ушыққаны жаппай ядролық қару­ла­нуға қозғау салады деп қауіптенуде. Қа­зақстанның Сыртқы істер минис­трлігі АҚШ-тың халықаралық қауіп­сіз­дікті қамтамасыз ететін ең маңызды факторларының бірі болып саналатын шарттан шығу туралы шешіміне байланысты алаңдаушылығын білдіріп, оны денонсациялау жаңа жанталаса қарулануға әкелуі және жаһандық ауқымда ауыр салдары болуы мүмкін екенін мәлімдеді. Сондай-ақ еуропалықтар мұндай келісімшарттың жойылуына белсенді түрде қарсылығын білдіріп жатыр. Германия, Франция, Бельгия, Швей­цария және басқа елдер бұған қатыс­ты ойларын ашық жеткізуде. Еуро­парламенттің қауіпсіздік және қорға­ныс жөніндегі комитетінің жаңа бас­шысы Натали Луазо АҚШ пен Ресей­ді басқа ядролық қаруы бар елдер­мен бірге жаңа уағдаластықтарды тал­қы­лауға шақырды. Ол «ОҚЗК құжа­тының күшін жойғаны ұнжырғамызды түсірді. Ондаған жылдар бойы бұл құ­жат халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздіктің негізгі діңгектерінің бірі болды. Қарулануды қадағалауда ма­ңызды бұл келісімнің тоқтағаны тек Еуропада емес, әлемдік ауқымда ты­ныштыққа қауіп төндіріп тұр. Сон­дықтан БҰҰ аясында осы санаттағы қару­лар бойынша көпжақты келіс­сөз­дер жүргізуге шақырамыз», деді.

Бұл мәлімдемеде басқа ядролық мемлекеттердің аталуының себебі бар. Өйткені АҚШ президенті Дональд Трамп мұндай тоқтамға келуінің басты себептерінің бірі ретінде Қытай жасап жатқан оқтұмсықтарды атады. Сөйтіп ол Ресей мен Қытайды қосып, жаңадан үшжақты келісімшарт жасауға ниетті екенін жеткізді. Яғни Қытайдың зымыран жасау саласында күшеюі ОҚЗК-нің түбіне жетті деуге болады. Оның үстіне ядролық қаруын қайта-қайта көлбеңдетіп, Солтүстік Кореяның өзі АҚШ-қа қыр көрсетіп отыр. Сондықтан аталған келісім аясында АҚШ пен Ресей бір-бірін шектеп отырғанда, қалған елдердің қуатты қарулануы жағдайдың осылай тығырыққа тірелуіне ықпал етті.

Жақында мұндай пікірді АҚШ президентінің ұлттық қауіпсіздік жөніндегі кеңесшісі Джон Болтон да айтты. «Қорғаныс министрі Марк Эс­пер Қиыр Шығыста орта және жақын қашықтағы зымырандарды орна­ластыру мәселесін қарастырып отыр­ғанымызды мәлімдеді. Мұның себебі Қытайда осындай зымы­ран­ның мыңдаған түрі бар. Олар ОҚЗК ядролық шарттына қатысы бол­ма­ғандықтан, мұндай әрекеттерді еркін жасай алады. Сондықтан аймаққа зымырандарды орналастыру туралы әңгіме тек Жапония мен Оңтүстік Кореядағы АҚШ әскери күштерін және одақтастарын қорғау жайында ғана өрбіген», деді ол.

Қазір әлемде Қытайдың ядролық зымырандарды жасап шығаруды белсенді жүргізіп жатқаны қызу талқылануда. Осы жылдың басында Қытайдың мемлекеттік телеарнасы алғаш рет орта қашықтыққа арналған «Дунфэн-26» баллистикалық зымыранын ұшырғанын көрсетті. Мамандардың айтуынша, зымыран ядролық оқтұмсықты алып жүре алады және жердегі нысаналарды жоюға арналған. Зымырандарды сынақтан өткізу елдің солтүстік-батысындағы полигонда өтті. Зы­мы­ранның ұшу қашықтығы 3 мыңнан 5,7 мың километрге дейін жетеді екен. Бұл ОҚЗК-де көрсетілген шектен асып түседі. Осындай күшпен ол Тынық мұхитындағы АҚШ-тың ең ірі стратегиялық әскери базасы орналасқан Гуам аралының аумағына жете алады. Қытайдың Қорғаныс ми­нистрі У Цянь орта қашықтағы «Дунфэн-26» баллистикалық зымыраны сынақтан сәтті өтіп, әскери қару-жарақ қатарына қосылғанын және Қытайдың ядролық стратегиясы тек қорғаныс сипатында екенін, қандай жағдайда болсын бірінші болып соққы жасамайтынын мәлімдеді.

Бүгінде сарапшылар Қытайда 290 ядролық оқтұмсық бар екенін айтады. Бұл елдің ядролық қуаты алдағы он жылда екі еселенуі мүмкін. Олардың арасында 7,2 мың километрге жететін оқтұмсықтар кездеседі. Бұлар Қытай жағалауынан алыста тұрып-ақ Аляска, Гавай, Ресей және Үндістанға соққы жасауға қауқарлы. Егер оларды су үстімен ілгері жылжытатын болса, АҚШ-тың біраз бөлігіне жете алады.

Осылайша күшіне міне бастаған Қытай ОҚЗК шартының бұзылуына айтарлықтай ықпалын тигізді. Қазір Бейжің АҚШ қалағандай үшжақты келісім жасауға ынталы емес. Тіпті, Қы­тайдың Сыртқы істер министрлігі жоғарыда айтқан Пентагон басшысы Марк Эспердің Азияға өз ракета­ларын қондыратыны туралы мәлім­демесіне қарсы өз жауаптарын да берді. Олардың хабарламасында «Қытай біздің мүддемізге зиян кел­тіретін жағдайларға үнемі бейжай қарай бермейді. Бұған қоса іргеміз­дегі аймақта бейберекет тудыруға жол бермеді. Өзіміздің қауіпсізді­гімізді қамтамасыз ету үшін бар­лық іс-шараларды қабылдаймыз. Біз аме­рикалық тарап өздерінің әрекеттеріне мұқият қарайды, халықаралық және аймақтық тыныштыққа бұзуға бас­тайтын қадамдар жасамайды деп үміттенеміз» деп көрсетілген.

2010 жылы АҚШ пен Ресей арасын­да тағы бір құжат – стратегиялық шабуылдау қаруларының санын қыс­қарту және шектеу туралы келісім жасалған. Бұл – ядролық қарулан­ды­руды шектеуге бағытталған бір­ден-бір келісім. Әзірге әрекет етіп тұр­ған жалғыз құжаттың күші де жойы­латын күн таяп келеді. 2021 жыл­дың ақпанына дейін созылатын екіжақ­ты келісімді осындай ушыққан жағдай­лардан кейін тараптар әрі қарай ұзартады дегенге сену қиын. Өйт­кені басқа мемлекеттер ядролық қару­ла­нуда «басқа шауып, төске өрлеп» жат­қанда, мұндай келісімдер бұл екі ал­пауыт елдің аяқтарына тұсау болмақ. Сондықтан әлемде қарулану жарысының қарқын алмауы үшін көпжақты уағдаластықтарға қол жеткізудің маңызы зор.