15 Наурыз, 2013

Көне Тараздың ғажайыптары

625 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін

Көне Тараздың ғажайыптары

Жұма, 15 наурыз 2013 1:27

«Тараз қаласының кіндігіне орналасқан базар астында ежелгі шаһар бар, тарихы мыңжылдықтарға ұласатын сол мұраны халықтың рухани игілігіне айналдыратын кез келді» деген әңгіменің айтылғанына көп болды. Мұндай ұсыныс хаттың бірі, тіпті, сонау 1937 жылы да жазылыпты. Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесіне 4 қазанда жолданған ол құжаттың басында «Об охране места расположения древнего города «Тараз» (базарная площадь гор. Мирзоя­на) деп тұр. Міне, жетпіс жылдан астам уақыт бойы жабулы жатқан осы мәселе облысқа әкім болып Қанат Бозымбаевтың келуімен қолға алынды.

 

Жұма, 15 наурыз 2013 1:27

«Тараз қаласының кіндігіне орналасқан базар астында ежелгі шаһар бар, тарихы мыңжылдықтарға ұласатын сол мұраны халықтың рухани игілігіне айналдыратын кез келді» деген әңгіменің айтылғанына көп болды. Мұндай ұсыныс хаттың бірі, тіпті, сонау 1937 жылы да жазылыпты. Қазақ КСР Халық Комиссарлары Кеңесіне 4 қазанда жолданған ол құжаттың басында «Об охране места расположения древнего города «Тараз» (базарная площадь гор. Мирзоя­на) деп тұр. Міне, жетпіс жылдан астам уақыт бойы жабулы жатқан осы мәселе облысқа әкім болып Қанат Бозымбаевтың келуімен қолға алынды.

Бірақ, қала тұрғындары арасында осы бір жақсы істі жақтаушылармен бірге, наразы топтар да пайда болды. Олар қазақ жерінде ежелгі өркениет үлгісіндегі ірі қалалардың болғанын, ондағы мәдениет пен өнердің, майда кәсіпкерлік пен сауда-саттықтың тамыры тереңде жатқанын әлем жұртшылығына танытуға деген құлшынысты түсінгісі келмей, «облыс әкімі тарихи қалашықты музейге айналдырамыз деген сылтаумен базардың орнын басып алуды ойлап отыр» деп даурықты. Дегенмен, екі мың жылдан асатын тарихы бар көне қалашықтың үстіндегі базар жаңа мекенжайға көшіріліп, көп жылдардан бері мемлекет қарауында тұрған тарихи орынға археологиялық қазба жұмыстары басталды.

Жақында облыс әкіміне жолығып, осы және басқа да мәселелер турасында бүкпесіз әңгімелесудің сәті түсті. Өңірдегі оңды өзгерістер мен ел үнемі құлағын түріп отырған «базар» мәселесі төңірегіндегі мәністі оқырмандарымыз облыс әкімінің өз аузынан білсін деп, сол сұхбатты жеткізуді ұйғардық.

– Қанат Алдабергенұлы, базар жаңа мекенжайға көшірілді. Түсіне білген адамға оның жақсы жақтары көп. Мысалы, бұрын қаладағы сауда-саттықпен айналысатын тұрғындардың бәрі бір жерге шоғырланғандықтан, ол қала ортасындағы көлік қатынасына, жолаушылар тасымалына, халыққа қыз­­­мет көрсету орындары меке­ме­лері жұмысшыларының қозғалысына едәуір қиын­дық­тар туғызушы еді. Ал қазір ол мәселе өзінен өзі жойылды.

– Базарды көшіру, оның ор­нына археологиялық қазба жұ­мыстарын жүргізу ерте ме, кеш пе, әйтеуір жүзеге асырылуға тиіс болатын. Өзінің сәтті сағатын жылдар бойы күтіп жатқан осы жауапты шаруа менің тағдырыма жазылыпты. Жамбыл облысына әкім болып тағайындалған тұсымда ел Үкіметінде Тараз қа­ласының бас жоспарын бекіту туралы жұмыстар жүріп жатты. Міне, осы құжаттағы жоспар бо­йынша базардың көшірілуі, оның айналасы заман талабына сай сәулетті ғимараттармен көркейтілуі керектігі көрсетілген. Сондықтан біз базарды көшірмес бұрын, халқымыз айтқандай, «жеті рет өлшеп, бір рет кесуге» тырыстық. Соның бірі – базардағы ежелгі қаланың қалдықтары табылды деген жерге білікті археологтарды жіберіп, қазба жұмыстарын жүргізу жұмысы болды. Олардың қазба жұмыстарының алғашқы айлардан-ақ нәтижелі болуы, біздің де ниетіміз бен бағытымыздың дұрыстығын дәлелдеді. Сондықтан, жарты ғасырдан астам уақыт бойы жұмыс істеп келе жатқан базарды көлденең көк аттылардың сөзіне ергендіктен немесе бірбеткейлікке салынып, ешкіммен ақылдаспай көшіре салған жоқпыз. Елбасынан, және Үкіметтен рұқсат алдық.

– Мен өткен жылы Баку қала­сында болдым. Каспий теңізінің жағасында көне Баку қалашығы бар екен. Ол қалашық қарасаңыз басыңыздағы қалпағыңыз түсе­тіндей өте биік және қалың дуалдармен қоршалыпты. Дуалдың үстінде әскерлер жүретін жолдар, қарауыл қарайтын мұнаралары да бар. Ауласына түгелдей тас тө­­­селген. Сондай-ақ, қазба жұ­мыс­­­тары арқылы табылған, яғни көне заманнан қалған жер асты үйлерін (құжыралар) ұлт­тық қолөнер бұйымдарын жасап немесе тігіп, тоқып сататын кә­­­­­­­сіп­керлерге жалға беріпті. Ал шетелдерден келген турис­тер бол­са әлгі биік дуалмен қор­­шал­ған қалашық ішіндегі көне заман стилімен салынған дәм­­­­ха­­налардан ұлттық дәмдер жеп, түр­лі сусындармен шөл басып отыр.

– Баку қаласында мен де бірнеше рет болдым. «Қыз мұнарасы» деген тарихи мұнара бар ғой қасында. Айтайын дегенім, болашақта біз де көне Тараз қалашығын осындай ғажайып орынға айналдыруды мақсат етіп отырмыз. Ол үшін тарихи қалашықтың айналасын қоршап, аспан астындағы ашық музей жасаймыз. «Ашық музей» дегенде, әрине, ол ашық-шашық жатпайды, оның әрбір кесегіне жауын-шашын тимейтіндей, саз балшықтары езіліп, үгітіліп кет­пейтіндей етіліп мұқият жабылатын болады. Міне, сол жердегі қонақ үйлер, мейрамханалар, жаздық шағын кафелер және дүкендер көне шығыс елдеріне тән сәулет өнері негізінде салынатын болады. Дүкендерде темірден, теріден, ағаштан, қыштан, фарфордан, жібектен және тағы басқа да шикізаттардан жасалған ұлттық қолөнер бұйымдарын сату ұйымдастырылады. Ал облысымызда қолөнер шеберлері баршылық, демек бұл іске соларды да тартатын боламыз.

Жібек өнімдері демекші, егер сіз осы өңірде бұрыннан тұрып келе жатқан болсаңыз, міндетті түрде білуіңіз керек, осында тұт ағаш­тары өсірілген. Бірақ ол кейін түрлі себеп-салдарлармен жойылып кеткен. Біз сол жұмысты қайта қолға алып отырмыз. Ұлы Жібек жолының бойындағы екімың­жылдық тарихы бар көне қала маңында тұт ағаштарын өсіріп, одан жібек жіптер өндіріп, жібек маталар тоқып, сатып жатсақ қандай керемет болар еді.

– Қанат Алдабергенұлы, осы жерде қарапайым халықтың ұғымы үшін бір түсініксіз жайт­тың ұшы көрініп тұрған сияқты. Өйткені, біздің қаламызда мей­рамхана бизнесі өте қатты дамы­ған. Әр көшеде, тіпті, әр орамда екі-үш мейрамханадан бар. Қонақ үйлер де аз емес. Сондықтан көне қалашықтың айналасынан тағы да мейрамхана, қонақ үйлер салсақ, ертеңгі күні олар өзіне тән дырдуымен тарихи орын­ды тағы да «базарға» ай­нал­дырып жібермей ме деген қауіп бар.

– Мейрамхана дегенде, елдің ойына күн сайын үйлену тойлары мен мерейтойлар өткізіліп жататын ырду-дырдуы мол орындар оралмасын. Ондай орындарды, әдетте, мейрамхана емес, «банкет залдары» дейді. Ал қарапайым халық бәрін бір сөзбен «мейрамхана» дей салады. Болашақта жүзеге асырылатын көне Тараз қалашығы музейінің қасындағы мейрамханаларда үйлену тойлары мен мерейтойлар, бесік тойлар, сүндет тойлар өткізілмейді. Оларда шетелдік туристер, қала қонақтары және облыс тұрғындары демалыс күндері, яғни күндіз немесе кешкілік бір мезгіл барып, ән тыңдап, дәм жеп, сусын ішіп дегендей, көңіл сергітетін жағдайлар жасалады. Өзіңіз айтыңызшы, қаламызда дәл қазір осындай мейрамхана бар ма? Зиялы қауым, тасы өрге домалаған кәсіпкерлер, тұрмыстары түзеле бастаған қарапайым халық кеш­кілік қандай мейрамханаға барып демалып, көңіл көтерерін білмейді, өйткені бәрінде у-шу боп, тойлар өтіп жатыр. Күн сайын солай. Қонақ үйлер де тура осы сияқты. Мысалы, қаламызда әлі күнге дейін заман талабына сай «төрт жұлдызды», «бес жұлдызды» қо­нақ үйлер жоқ. Көне Тараз қала­­шығын тамашалауға келген бақуатты қонақтарды қайда түсі­ре­міз? Міне, болашақта қолға алы­натын көне Тараз қалашығы ашық музейінің маңынан барлық талапқа сай «төрт жұлдызды», «бес жұлдызды» қонақ үйлер салу керек деп отырғандағы негізгі ойым осы олқылықтардың орнын толтыру.

Айтпақшы, көне Тараз қала­шығының қай тұсы цитадель, қай тұсы шахристан, қай жері рабат екенін көпке дейін анықтай алмай келдік. Жақында археологтар оны анықтап берді. Мен айтып отырған мейрамханалар, қонақ үйлер осы үш бөліктің «рабат» деп аталатын, яғни ең сыртқы бөлігіне орналасатын болады.

Көне Тараз қалашығын қазуға және тағы басқа жұмыстарға әзірге 100 миллион теңге қаржы бөліп отырмыз. Әрине, археологиялық қазба жұмыстары бір-екі жылдың ісі емес, оның мерзімі, тіпті, он-жиыр­ма жылдан да асып кетуі мүм­кін. Ең бастысы, осы игілікті істі мәслихатпен бекітіп алсақ, мем­лекет тарихы мен мәдениетін әлемге таныту тұрғысындағы осы жұмысты менен кейін келген әкім­­­­дер де одан ары жалғастыратын болады.

Мейрамханалар да, қонақ үйлер де және дүкендер де шығыстық ежелгі сәулет өнері үлгісімен салынатын болады. Реті келгенде айта кетейін, қала келбетін қайталанбас ғимараттармен көркейтіп, көрік­тендіре түсу үшін облыс пен қала­ның сәулет саласына жаңа басшылар тағайындадым. Екеуі де өз ісінің маманы. «Сендердің ең басты міндеттерің қаланың сәулеті мен сән-салтанатын көтеру» дедім оларға. Қазір олар менің тапсырмам бойынша жұмыс істеп жатыр.

– Ол жерден Әулиеата мешіті де алыс емес. Осы имандылық ор­ны бұрыннан да былапыты мен балағаты көп, арақ-ша­рабы судай аққан базар мен ба­зар­­шы­лардың ортасында қалып еді.

– Әулиеата мешіті бұрынғы Электрическая, қазіргі Балтабай Адамбаев атындағы көшенің бойына орналасқан ғой. Бұрынғы базар ұлғая келе осы мешітті жан-жағынан «басып» қалды. Сіз айтып отырған былапыт пен ба­лағат, судай аққан арақ-ша­рап сол кезде болған. Міне, біз базар­ды көшіру арқылы осы ме­шітті мұсылман қауымын наразы етіп келген арақ-шараптан, бей­піл ауыздардың айғай-шуынан та­з­арт­тық. Бірақ шағын кәсіппен шұғылданатын адамдардың сол көшенің бойындағы көтерме сауда орындары әлі де болса жұмыс істеп тұр. Болашақта олардың арақ-шараптан басқа нәрселер сатуға бейімделу жағын ойластыратын шығармыз.

– Базардың көшірілуіне қарсы топтар «шағын кәсіп иелерінің жұмысына қолдан кедергі жасалып отыр» деп мәлімдеуде. Солардың бірі, «Атамекен» Одағы» ұлттық экономикалық палатасы мү­шелері облыс орталығына арнайы келіп, бірнеше рет көшпелі мәжіліс өткізіпті. Осы палатаның басқарма төр­аға­сы Абылай Мырзахметов тараз­дық кәсіпкерлерге кедергі жа­сап, көптеген тексерістер ұйым­дастырғаны үшін облыс­тағы ветеринарлық инспекцияға «Те­жегіш тетігі-2012» деп атала­тын салмағы 12 килограмдық темір жол тежегішін «марапат» ретінде ұсыныпты…

– Керісінше, бізде шағын кә­сіпкерлік соңғы үш жылда өте жақсы қарқынмен дамы­ды. Об­лыс индустриясына салынған қар­жы мен жаңадан ашылған кә­сіпорындар да өте көп. Мысалы, шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілері өткен жылдың қаң­тар-желтоқсан айларында 185,8 миллиард теңгенің өнімін өндір­ген. Бұл 2010 жылдың тиісті кезе­ңімен салыстырғанда 101 па­йызды құрады. Ал биылғы жылдың 1 қаңтарына шағын және орта кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны 36454 адам­ға жетті. Ал онда жұмыс істей­тіндердің саны 118, 4 мың адамға жетіп отыр. Облыстан шетте жүрген жергілікті кәсіпкерлерді шақырып, «еліңе, жеріңе игі­лік­ті іс жаса» деп ұсыныс айттым. Оларға рахмет, айтқан ұсы­ны­сымды қабыл алды. Айта берсек, мұндай мысалдар облысымызда өте көп. Сондықтан, Абылай Мырзахметовке «тежегіш» сыйлайтын өңірді өзге жақтан ізде дегіміз келеді.

– Иә, Тараз қаласында көп жұмыс жасалды. Алма­ты жақтан келе жатқан жолау­шы­ның көз түсіп, сүйсіне қа­рай­тын қақпаның өзі неге тұра­ды?!. Бір қарағанда анау айт­қандай ештеңе емес, бірақ бір­деңе түсінетін адамға сол қақ­паның өзі-ақ Тараз деген та­рихи қаланың шоқ­тығын бұрын­ғыдан да биіктете түс­кен­дей. Пайдалануға биыл жазда берілетін Спорт кешені құ­рылысы да облыс орта­лығын­да­ғы сәулетті ғимараттар­дың бі­ріне айналады деп қуанып отырмыз.

– Достық алаңын алып қараңыз. Біз сонда тұрған ғимараттардың ою-өрнегін де, бояуын да түбірімен өзгерттік. Бұл жаңғыртулар көне ғимараттардың сән-салтанатын бұрынғыдан да арттыра түсті. Ал түнгі жарықтар одан сайын ажарландырып, құлпыртып жі­­берді. Алаңды тарылтып және ғимараттардың қасбетін жа­уып, ажарын көрсетпей тұратын тал­дарды да ретке келтірдік. Жалпы, мен мақтау сөз дәмететін шенеуніктердің қатарынан емеспін. Бірақ біздің осы жұмысымызды дұрыс түсінген кісілер Достық алаңы мен ондағы қайта жаңғырту жұмыстарын жақсы бағалап, араларында, тіпті, Санкт-Петербург архитектурасының үлгісіне теңе­ген­дері де болды.

Осы ретте Тараз қаласының әкімі Бекболат Орынбековтің нағыз еңбекқор шенеунік болып шыққанына риза болып жүргенімді айта кеткім келеді. Таңертең ерте тұрып телефон шалсам, бірде ана құрылыс нысанында, енді бірде мына құрылыс нысанында жүргенін айтады. Тыным таппайды, нағыз еңбекқор басшы.

– «Дауыл болмағанда, ендігі жоғары жақта отыратын едім» депсіз. Осы рас па? Рас болса, сол сөздің мәнісін түсіндіріп беріңізші. Әйтпесе, жұрт оны сан-саққа жүгіртіп жүр.

– Басқа қызметке баруым жө­нінде ұсыныс болған. Бірақ мен облысымызда кенеттен дауыл тұрып, одан өңірдің экономикасы мен тұрғындарына орасан зор шығын келіп жатқан кезде кетіп қалғаным дұрыс болмайтынын айтып, облыс басшылығында қалдыруды өтінгенмін. Бар болғаны осы.

– Ашық әңгімеңізге рахмет!

Әңгімелескен

Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан».

––––––––––

Суретте: Әулиеата қаласы мен оның көне қорғанының жоспары.