Қазақстан • 10 Қазан, 2018

«Қазпоштаның» 25 жылдығына арнайы марка шығарылды

766 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

9 қазан – Дүниежүзілік пошта күні. Біріккен Ұлттар Ұйымы ауқымында атап өтілетін бұл күн 1969 жылы пошташылардың Токиода өткен конгресінде ресми бекітілген. Ал қазақтың алғашқы пошта қызметі 1993 жылы 5 сәуірде құрылған. Яғни, ресми түрде мемлекеттік мәртебеге ие болған «Қазпошта»  қызметіне биыл 25 жыл толды. Айтулы мереке қарсаңында Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың қатысуымен пошта маркаларына арнайы белгі соғу салтанаты өтті. 

«Қазпоштаның» 25 жылдығына арнайы марка шығарылды

Мерекелік маркаларда Қа­­зақ­станның тұңғыш мар­­­касы – «Алтын сарбаз»,  Қа­зақ­стан­дағы бірінші пошта те­леграф-кеңсесі және «Қаз­поштаның» жетістіктері мен «Болашақтағы пошта балалар көзімен» суреттері бейнеленген. 

Ақпарат және коммуникация­лар министрі  Дәурен Абаев пошта қызметкерлерін төл мерекелерімен құттық­тап, то­ла­ғай табыс тіледі. «Бар­ша­ңызды бүгінгі пошта күнімен және мерейтойларыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Сіз­дер  тарихы мен өзіне сай дәстүрі қалыптасқан ұйым құра білдіңіздер. 25 жылда үлкен белесті бағындырып, заман тала­бына сай өзгердіңіздер. Цифрландыру дәуірінде ци­фр­­лы поштаны іске қос­тыңыз­дар», деді министр. 

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Сәкен Сәрсенов мар­калардың белгі ғана емес, елі­міздің мақтаныш ететін нышандары екенін атап өтті. «Бүгін дүниежүзілік пошта күнінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мен «Қазпошта» бірлесіп Қазақстан поштасының 25 жылдық мерейтойына арнал­ған пошта маркалар блогын айна­лымға шығаруға дайын. Төрт маркада қазақстандық поштаның жарқын беттері бейнеленген», дей келе 23 мыңнан аса пошта қызметкерлерін құттықтады. Сондай-ақ болашақта атқарар шаруа көп екенін нақтылай кетті. 

Құттықтау сөздерден ке­йін Дәурен Абаев пен Сә­кен Сәрсенов екі маркаға штем­­пельдік белгі басып, қол қой­­ды. Үшінші және төртінші маркаларға белгіні 1977 жылдан бастап 2018 жылға дейін пош­та саласында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп, «Құрметті байланысшы» деген төсбелгімен марапатталған Светлана Цве­това мен пошта саласындағы еңбек жолын бастағанына үш ай болған жас маман Әлішер Сатыбалдин басты. Қазақ поштасының 25 жылдығына арналған белгі – бүгінгі күнге дейін шығарылған 1128-інші марка. 

Ақмарал АҒЗАМҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»