28 Мамыр, 2011

«Жырым саған, атажұрт!»

481 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Президенттік мәдениет орталығында ІV құрылтайдың ая­сында Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы ұйымдастырған шет елде тұратын және елімізге сырттан көшіп келген қазақтар арасында «Жырым саған, Ата­жұрт» атты жыр мүшәйрасы өтті. Мүшәйрада  беташар сөз Дү­ниежүзі қазақтары қауымдас­ты­ғы Төралқа төрағасының орын­басары Сұлтанәлі Балғабаевқа берілді. Ол осы додаға 35 жасқа дейінгі жас ақындар қатысқанын, жалпы, құрылтайды өткізуде әлемнің түкпір-түкпірінде жүр­ген жастарға баса мән берілгенін, соған орай, келген қонақтардың 60 пайызы жастар екенін, жас буыннан көпшіліктің үлкен үміт күтетінін тілге тиек етті.  «Ұлт­тық болмысымызды сақтап қалудың бір жолы – тілді сақтау. Ана тілімен жазылатын жырды сақтау. Сондықтан поэзия әрқа­шан өзінің мәртебелі орнында қа­лады» – деген ол жас ақындарға сәттілік тіледі. Одан кейін іле-шала сахнаға көтерілген ақын Оразақын Асқар «Күй тойы» деген өлеңімен алыстан сағынып жеткен қандас бауырларымызға шашу шашты. Жыр бәйгесіне негізінен атамекенге деген сағыныш,  шетелдегі қандас бауырлардың көші-қон мәселесі арқау болған екен. Бұл додаға алыс-жақын шетелдерден және өз еліміздегі қан­дас­тардан 40 ақын қатысыпты.  Кеше сол қырықтан іріктелген оншақты жас талап өлең оқыды. Бұл ретте қазылар алқасының құ­рамын да айта кеткеніміз жөн сияқ­ты десек, Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты Ұлықбек Ес­дәу­лет бастаған қазылар алқа­сы­н­ың құрамында Сұлтанәлі Бал­ғабаев, Дәулетбек Байтұрсынұлы, Ақ­сұң­қар Ақынбаба, Әкім Сәдуа­қасұлы сынды көпшілікке таныс ақын-жазушылар болды.  Іс-шара тек мүшәйрамен, өлең оқумен шектелген жоқ. Шет­те жүрген қандас бауырлары­мыздың арасында да талай-талай мықты өнерпаздар бар екен. Бұл кеште олар да өз өнерлерін паш етіп, туған жұртына ән-күйімен, биімен сыйлық жасады. Оның ішінде Алтай Республикасының халық әртістері Еркін Ажмұхан мен Жанарбек Рысәлиев, Қытай Халық Республикасының бірінші дәрежелі әртісі Әділхан Жұмген, халықаралық конкурстардың лау­реаты, Моңғолиядан келген бауы­рымыз Айған Бәдел, өзбек­стан­дық әнші Сержан Жанахмет сын­ды қандастарымыз көрермендер­ді ән-күйлерімен тәнті етті. Алтай мен Атыраудың арасында айтылмаған ән, тартылмаған күй қалмаған шығар десек те, «Шіңгілдің мөлдір суындай» боп мөлдіреген Сұлубайдың әні, бізге таңсық ырғақпен, өзгеше әуен­мен құлпырған «Ер қазақ», «Көш­пенділер», «Ел көшкенде» әндері талантты өнерпаздардың орындауында өте әсерлі шықты. Мүшәйраға қайта оралсақ, осы күні қауымдастық  ұйымдастыр­ған мүшәйраларға көбінше Қы­тайдан, Моңғолиядан, Өзбек­стан­нан, ара-тұра Қырғызстаннан келген немесе сол жақта тұратын қандастарымыздың қатысатынын байқап жүрміз. Бұл жолы да солай болды. Өкініштісі, Ресейде, Түркияда, басқа да алыс шет елдерде тұратын қазақтар  бұл топ­тың ішінен көрінбеді.  Бұл – осы мемлекеттерде қазақ тілінің аясы тар екенін, қазақ ба­ласының ұлттық болмыстан кенжелегенін байқататын фактілер. Әйтсе де, сөздің қуаты кеміп, салмағы азай­ған заманда тірші­лік­тің тұт­қынына айналмай, тәуе­келмен өлең жазатын ақын­дардың әлі де бар екендігі, солар­дың әдемі ли­рикалары арқылы тыныстаудың жанға шуақ себетіні бізді қуан­тады. Сондай әдемі жырлардың иелері, кешегі суы­рылып шыққан он ақын көрер­менге бір-бір өлеңнен оқыды. Содан кейін мүшәйраның қорытын­дысы жа­рияланды. Сонымен, қазылар алқасының шешімімен 3-ші жүлделі орын Төлеген Мәлік пен Қайрат Кәмейге, 2-ші жүлделі орын Тоқтарәлі Таң­жарық пен Жанат Боқашқа, 1-ші орын Қуаныш Дәлейге, ал бас жүлде Бауыржан Қарағызұлына бұйырды.  Айгүл СЕЙІЛОВА.
Соңғы жаңалықтар

Тазалыққа жұмылған жұрт

Аймақтар • Бүгін, 22:30

Сан қырлы қаламгер

Қоғам • Бүгін, 22:20

Жанған хаттан жазу оқыған

Таным • Бүгін, 22:00

«Мона Лиза» көшіріле ме?

Мәдениет • Бүгін, 21:45