Samsung Electronics ірі оңтүстіккореялық электроника компаниясының басшылығы 2016 жылдың төртінші тоқсанында және 2017 жылдың бірінші тоқсанында Galaxy Note 7 смартфонының сатылымын тоқтатудан 3 трлн. вон немесе 3 млрд. АҚШ доллары көлемінде шығынға ұшырайтындығын мәлім етті.
Бұл туралы компания таратқан баспасөз мәлімдемесінде айтылған, деп хабарлайды «ТАСС» агенттігі.
Компания смартфон нарығындағы ахуалды Galaxy S7 және Galaxy S7 edge жаңа үлгілерін шығарумен тұрақтандыруға ниетті.
«Samsung компаниясы аккумулятор батареясымен болған проблемалар үшін нарықтан қайтарып алуға тура келген Galaxy Note 7 смартфонының сәтсіз дебютіне байланысты қыруар шығынға батып отыр. Компания 2 қыркүйек күні сатылымдардың тоқтатылғанын мәлімдеп, ақауларды жойғаннан кейін оларды 1 қазан күні қайта нарыққа шығарды. Дегенмен, бар-жоғы 10 күннен кейін корпорация басшылығы «қауіпсіздік тұрғысынан» аталмыш смартфондардың өндірісі толығымен тоқтатылғанын жария етті. Айта кетейік, Galaxy Note 7 америкалық Apple компаниясының iPhone 7 смартфонына бәсекелестік тудырады деген ниетпен шығарылған болатын