Баспана – қашанда, қай жерде болмасын маңызды мәселе. Сондықтан халықты тұрғын үймен қамту мәселесі біздің елде күн тәртібінен түскен емес. Әсіресе, үлескерлер мәселесі бүгінгі таңда ең өзекті болып тұрғаны белгілі. Соған орай кеше Бас прокуратурада алқа мәжілісі өтіп, онда үлестік құрылыс проблемалары талқыланды.
Оның жұмысына Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев, Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Премьер-Министр Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Жоғарғы соттың өкілдері, мүдделі орталық мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар, Астана қаласының әкімдігі, қоғамдық ұйымдар мен құрылыс компанияларының басшылары қатысты. Онда Бас прокурор Жақып Асанов «Прокуратура туралы» Заңның 25-2-бабы негізінде жаңа заңға байланысты үндеу жариялады.
Алқада сөз алған Президент Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев: «Мемлекет басшысы Ұлт жоспарында айтқандай, «Заңның үстемдігі – ел дамуының кепілі». Бұл бағытта мемлекет бәрін жасауда. Бүгінгі Бас прокуратураның үндеуі өте орынды. Мемлекеттік органдармен бірге үкіметтік емес ұйымдар және сарапшылар заңдарды насихаттауға ат салысуы керек. Заңның жұмыс істеуі, ең алдымен, азаматтардың өздеріне байланысты», деп атап өтті.
Ал осы орайда алқада қаралып отырған өзекті мәселеге сай, Бас прокурор Жақып Асанов соңғы жылдар ішінде жосықсыз құрылыс салушылар мен алаяқтардың заңсыз әрекеттерінен 9 мыңнан астам үлестік құрылысқа қатысушы зардап шеккенін, 59-дан астам нысанның құрылысы аяқталмаған күйінде қалып қойғанын атап өтті. Ең көп аяқталмаған құрылыстар мен алданған азаматтар Астана қаласында көрінеді. Анықтап айтар болсақ, аяқталмаған 42 құрылыс және алданған 7 мың үлескер бар. Бұл республика бойынша алданған үлескерлердің жалпы санының 71 пайызын құрап отыр.
Ал мұндай іс-әрекет жұрттың ашу-ызасын тудыратыны белгілі. Өйткені, мұндай салғырттық баспанасын үміттене күткен үлескерлерге аса ауыр тиеді, екіншіден, қосымша қаншама шығын шығындалатыны тағы бар. Осы орайда Ж. Асанов, құқық қорғау органдары бұл мәселеге қатысты тергеумен айналысуда екендігін, бұл өз алдына тағы өте ауқымды жұмыс болатындығын, соған орай мыңдаған адамдардан жауап алынып, ондаған сараптама тағайындау керектігін тілге тиек етті. Мұндай кезде, яғни бір үйдің немесе компанияның үлескерлері арасында бірыңғай пікір жоқ болған жағдайда тіптен қиындықтар туындайтындығы анық. Ал ортақ пікір болмаса жедел тергеу жүргізу мүмкін емес.
Сондықтан алдағы уақытта осындай алдамшы жағдайдың алдын алу мақсатымен «Алдаусыз үлестік тұрғын үй» жобасын іске асыру шеңберіндегі жұмыстың негізгі бағыттары туралы ой ортаға тасталды. Ол жоба аясында мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, тиісті іс-шаралар әзірленген. Онда, алдымен, проблемалы нысандардың құрылысын аяқтау үшін арнайы шаралар қабылдау, қылмыстық істердің тергеп-тексерілуін аяқтау, ІІМ, МКК басшылығынан оларды бақылауға алу, әкімдіктер тұрғын үй-құрылыс кооперативтеріне инвесторлар іздеуге көмек көрсету және азаматтарды тағы да алдауға жол бермеу баса айтылады. Сонымен қатар, халықтың және құрылыс компанияларының арасында белсенді түсіндіру жұмыстарын жүргізу, үлестік құрылыс тетіктері туралы қарапайым және түсінікті тілмен жеткізу, қандай мәмілелер жасалуы тиістілігі, мұны қандай фирмалармен және қандай нысандар бойынша жасауға болатындығы, ал ең бастысы – азаматтарды күні бұрын сақтандыру қажеттігі баса көрсетілді. Бұл шараларға бақылау және мониторинг уақтылы жүргізіліп тұруы тиіс.
Жалпы, ағымдағы жылы «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» жаңа Заң қабылданған болатын. Енді құрылыс салушы компаниялар үлескерлердің қаражатын екі жағдайда ғана тартуға құқылы: Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қорымен келісімшарттың немесе әкімдіктің рұқсаты болған жағдайда ғана. Осы орайда, Бас прокурор Жақып Асанов «Прокуратура туралы» Заңның 25-2-бабы негізінде үндеу жолдап, әлеуетті тұрғын үй сатып алушыларды сақ болуға және жиналған ақшасын кез келген адамға бермеуге шақырды. Сондай-ақ, сәйкес құжаттардың бар-жоғын мұқият тексеріп, күдік туындаған жағдайда заңгерлердің немесе мемлекеттік органдардың көмегіне жүгінуге кеңес берді.
Сонымен қатар, Бас прокуратура «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның ережелерін түсіндіру бойынша азаматтармен ауқымды жұмыс жүргізуді бастаған. Кітапшалар, бейне және аудиороликтер дайындалған. Тіпті, Қазақстан құрылыс салушылары қауымдастығымен бірлесіп, ulesker.kz бірыңғай веб-сайты жасалып, онда құрылыс кезінде әкімдіктер үлескерлердің қаржысын тартуға рұқсат берген тұрғын-үй кешендері туралы мәліметтер орналастырылатын болады. Сол жерде үлестік құрылыс саласындағы аса өзекті мәселелер бойынша жауаптар жарияланады екен. Сөйтіп, алқалы жиындағы талқылау қорытындысы бойынша Бас прокуратура мүдделі органдармен бірлесіп, «Алдаусыз үлестік тұрғын үй» жобасы шеңберінде іс-шаралар кешенін іске асыру жөніндегі жоспарды бекітті.
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»