Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау және Онтүстік Қазақстан облыстарында демографиялық өсім өте жоғары. Ауа райы жұмсақ оңтүстік өңірге сырт жақтан қоныс аударатындар саны да жеткілікті. Бұл үдеріс күрделі мәселені көлденең тартады. Бүгінде оңтүстік облыстарда жұмыссыздық мәселесі белең алған. Әлеуметтік нысандар, баспана, мектеп, балабақша жетпейді. Аталмыш өңірдегі жоғары оқу орнын бітірген мамандардың дені жұмыссыз жүргені жасырын емес. Жұмыс орны болмаған соң, мемлекеттік гранттар да аз бөліне бастады. Ал бұған керісінше, еліміздің 8 облысында кадр тапшылығы өзекті мәселеге айналды. Оған сол өңірлердегі бала туу деңгейінің төмендігі және сыртқа көшетіндер легінің тоқтамауы себеп болып отыр. «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға!» атты әлеуметтік жоба осы үлкен істің шешімін табуға деген талпыныстан туды. Мемлекеттік бағдарлама аясында қажетті мамандарға жағдай жасалып, олардың тегін оқуы үшін мемлекеттік гранттар бөлінді. Осы әлеуметтік жобаға биыл тағы да 24 жоғары оқу орны мен 30 колледж қатысып отыр. Енді жастарға медицина саласы бойынша мамандық алуға мүмкіндік туды.
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтына «Мәңгілік Ел жастары – индустрияға», «Серпін-2050» әлеуметтік жобалары бойынша биыл 155 талапкер қабылданды. Барлығы да жатақханалармен, арнайы мөлшердегі шәкіртақымен қамтамасыз етілген. Қазақстанның ертеңіндей бүгінгі жастар сапалы білім алып, таңдаған мамандықтарының иесі болуды армандайды. Олар елден, ата-ана, бауырдан жырақ кеттік деп мұңайып жүрген жоқ. Демек, қанатын енді ғана қаққан, жарқын болашаққа жаңа серпінмен ұмтылған жастарға дұрыс жол нұсқап, болашаққа жөн сілтеу – өз тарапымыздан елімізге тиер аз да болса үлес деп ойлаймын. Экономикалық дағдарысқа қарамастан, мемлекет біздің болашағымыз үшін қаражат бөлгеніне мың алғыс. «Серпін» қозғалысының мүшесі болуға әрқайсымыз ат салысуымыз қажет. Бізбен қатарлас болу әркімнің-ақ арманына айналмақ. Сан емес сапа маңызды болғандықтан барлығымыз аянбай жұмыс атқаруға міндеттіміз. Осы жобаға қатысқан жастардың білімге деген құштарлығы оянды.
Болашақ бүгіннен басталады. Ал біз алдыңғы ұрпақ сенім артар жалынды жастармыз. Елім, жерім дейтін жігерлі жастар легі көбейе берсін!
Жансерік БАЙДЕНОВ,
Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институтының II курс студенті
Қостанай облысы