01 Тамыз, 2016

Кеңсай: құлпытастағы жазулар

4585 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
30072016-kensay Туғанда дүние есігін ашады өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең. Өмірдегі қызығың бәрі өлеңмен, Ойлансаңшы бос қақпай елең-селең. Ұлы ақынның осы өлеңін жатқа біліп, сан мәрте қайталап жүрсек те, ондағы ұлық мағынаның – туғаннан өлгенге дейінгі бар харекеті өлеңмен өрілетін қазақи болмыс­тан бастау алып тұрғанын түсінсек те, бәрібір – әлгі шумақтың ұғындырарын түгел игермегенімізді алып Алатаудың белор­тасында созылып жатқан Кеңсай-төбеге көтерілгенімізде байқадық. Қазақтың небір қасқалары мен жайсаң­дарының рухына мәңгілік мекен болған осынау төбеге көтеріліп, аумағы әжептәуір үлкен қорымның арасынан өтетін жолмен жоғары өрлегеніңде – өзің тірісінде дидарласпасаң да атын біліп, затын танитын талай тұлғалы азаматтардың жамбасы тиген жерге қойылған белгілерге көзің түсіп, олардың пәни мен бақи арасындағы жүріп өткен жолдарын он шақты цифрмен тұ­жыра салған қысқа мәліметтерге көзің түскенде: Дүние – қарап тұрсам шолақ екен, Адамдар бір-біріне қонақ екен, – деп, аты бізге беймәлім данышпан қазақ­тың аузынан түсе салған сары алтындай салмақты сөз есіңе түсіп, жалған дүние­нің бүкіл сипатын екі-ақ жол өлеңге сыйғыза салған қандасыңның ұшқыр ойына тәнті болады екенсің. Иә, шыны сол. Бала күніңнен сені әнімен әлдилеп, жырымен тербеген сазгерің де, ақының да осы Кеңсайдың кіре берісінен үнсіз қарсы алғанда (рухы, әрине) бір сәт өз көзіңе өзің сенбегендей күй кешесің: «Тәжібаев Бәкір Төлеуұлы. 13.05.1926 – 08.11.1994. Не тындырдым өз жұртымның алдында, Әнім айтар, Жырым айтар мен жоқпын ба, бармын ба? Б.Т.Тәжібаев». Бұл – бүкіл қазаққа белгілі «Ақбұлақ», «Гүлсің-ау», «Туған жер өзің дегенде» секілді тамаша әндерді шығарған, елге әйгілі Ескендір Хасанғалиевтің «Әдемі-ау», Сейдолла Бәйтерековтің «Әлия» атты әндерінің сөздерін жазған танымал ақын-сазгердің құлпытасына жазылған жазу. Цифрлар мәнін таратсақ, биыл көзі тірі болса тоқсан жасын тойлайды екен. Бірақ жетпіске толмай өмірден өтіпті. Мен оның есімін алғаш оқушы ке­зімде естіген едім, домбыра үйренгенде «Ақ­бұлақтың» әуенін тартқанмын. Ол әнді біздің балалық шағымыз өткен өт­кен ғасырдың 80-жылдарында шыр­қамайтын қазақ жоқ еді... Бәкірмен іргелес Ақтөбе топырағы тудырған тағы бір талант – Сағи Жиенбаев жатыр. «1934 (15.V.) – 1994(15.V.) Есімің кетер жыраққа, Еске алар талай далаң да. Ойсырап қалған бірақ та, Орныңды толтыра алар ма?! Сағи Жиенбаев». Мұнда да ішіне талай сырды бүк­кен цифрлар... Ақын дүниеге қай күні келсе, сол күні дүниеден өтіпті. Тура алпысқа толған күні. Мерейлі мерекеге айналар күні. Бірақ тағдырға не шара, қуаныш пен қасіреттің қатар жүретін сәті аз емес... Мамырдың 15-і – Махамбеттей ұлы ақынның да дүние есігін ашқан күні. Бірақ оның өмірі аласапыран дәуірге тап келіп, қиянаттан қапыда көз жұмды. Ал Сағи тыныш заманда өмір сүріп, дәм-тұзы таусылған күні бақиға аттанды. Алайда, шын ақындарға ортақ бір өмір бар, олар аз күн тірлік кешсе де, ұзақтау өмір сүрсе де бақастықтың ызғарын сезіп, аяқтан шалар қызғаныштың зәбірін көрмей кетпейді. Сағи да ондайдан аман қалды дей алмаймыз, бірақ оның: Көктемнің балғын кезі еді, Әнші құс көкте ағылған. Жемнің де жасыл өзегі, Көгілдір мұнар жамылған, – деп, жібектей есілген майда қоңыр сазы құлаққа келгенде, өлеңдегі тамаша сәт ақынның дүниеге келген кезінің бейнесі екенін жүрегімізбен сеземіз. Ол дүниеге келе сала өзінің туған күніне жыр арнағандай. Және... арада тура алпыс жыл өткенде сол бір ғажайып сәтте мәңгілікке бет алғандай... Зират аралау – тіршіліктің қыз-қыз қайнаған қан базарда түрлі-түсті дүниенің қызыл-жасылына көз құмарын суару емес, әлгіндей жаныңа етене жақын, рухы сезіміңді сілкіп ойға батыратын ұлылармен іштей үнсіз тілдесу секілді бір жұмбақ әлем. Сондықтан, ойға шомып бара жатқанда көзің жазудың суретінен зиратта кім жатқанын танып ішіңнен күбірлеп дұғаңды оқығаныңмен, кез келген тұсқа іркілмей, ілгері кете беретініңді өзге түгіл өзің де түсіне алмай қаласың. Содан болса керек, Бәкір мен Сағидың зиратына дұға оқып, бет сипап болған соң, Кеңсайдың қақ ортасынан өтетін жеңіл көлікке арналған жолмен едәуір ілгері кеткен соң ғана есімі елге белгілі біраз кісінің тұсында аялдамай кеткенімізді байқадық. Әрине, әуиелі жерді аралағанның ойында алалық болмаса керек, дегенмен, ол жерден де жаныңа жақын бірдеңені іздейтінің анық... Жаңағы жолмен жоғары бара жатып төбенің бір жалпақтау тұсына іркіліп, жоға­рыдан төмен қарай көз салып тұрғанбыз. Ке­нет дәл қасымыздағы қызыл гранитпен көм­керілген бейітке көзіміздің түсіп кеткені: «Қазақстан Республикасының Халық әртісі, Қарақалпақстан Республикасының халық әртісі Жұмабай Медетбайұлы. 08.03.1935 – 11.05.2005 ж. Ақын жанды асылым, Шабытың толқып тасыдың. Ұмытпас сені мәңгіге, Немерең мен ұл-қызың. Жары Перида». Шынын айтқанда, халқымызға таны­мал Жұмабай ағамыздың бейітін дәл осы Кеңсайдан кезіктірем деп ойламаған екенмін. Ол кісіні мен студент кезімде теа­тр сахнасынан, жақын жерден көргенмін. Салған әнін де естігем. Атақ алғанын газеттен оқығанмын. Бірақ қол алысып амандасып, танысқан емеспін. Бәлкім, үлкен кісіге «мен осындай едім, сізді білетін едім» деп суырылып шығып, тіл безейтін пысықтыққа жібермеген шығар алған тәрбиеміз. Бірақ Жұмабай Медетбаевтың қандай ірі өнерпаз екенін тірі кезінде тани алғанның бірімін деп сеніммен айта аламын. Ұзақ жыл М.Әуезов атындағы үлкен теа­трда еңбек етіп, сан қырлы дарыны үшін әріптес апалары «Ақан сері» атандырған Жұмекең пьесада ойнап, драмалық образдар сомдап қана қоймай домбырамен ән салған, ән шығарған. Өзі жазып, өзі орындап – моноспектакль де қойған. Мына жерде құлпытасына қарап тұрып, Жұмекеңнің рухы алдында өзімді сәл ыңғайсыз сезінгендей болдым. Неге? Өткен жылы бір ағамыз осындай дархан дарынды еске алу керектігін айтып, бір мақала жазуды өтінген. Сол арада Жұмабай аға туралы шыққан «Ақынжанды актер» деген кітап қолыма түсіп, ондағы актер өмірбаянына қарасам 1938 жылы туғандығы жазылған екен. Сосын әлі мерейтойына уақыт бар екен, тұсында жазармын деп қоя салғам. Ал мына жердегі датаға қарасам – өткен жылы 80 жылдығы екен ғой! Ешбір газет-журналда ол кісі туралы жазылмады. Бірақ менің жазуға мүмкіндігім бар еді ғой. Ал оған менің мойным жар бермей... Біреудің өтінішіне жеңіл-желпі қараудың соңы осын­дай болмағанда не болушы еді? Бұл да Кеңсай берер тағылымның бірі. Жасыратыны жоқ, Кеңсайға келгендегі мақсатымыздың бірі – Мұқағалидың мәң­гілік тыным тапқан жеріне барып, ақын рухына дұға бағыштау болатын. Әлгі Жұ­мабай Медетбаев қабіріне бара жатқан бұ­рылыста жол шетінде «Мұқағали Ма­қа­таев» деген көрсеткіш тақтаны көргенбіз, бірақ ақын басына апарар соқпақ сол арадан тіке көтеріледі деп ойламай, алда шығар дегенбіз. Енді ізімізбен қайтып, жаңағы көрсеткіш тақтаның сілтеген жа­ғына қарасақ, зираттар арасымен жоғары қарай салынған тепкішек жол бар екен. Сол бізді тура Мұқаңның басына апарды. Ақынның кеуде мүсіні орнатылған тұғыр­дың төменіне: 1931(9.ІІ) – 1976 (27.ІІІ). Әрине, суық қайғы, суық қайғы, Көңілін халқың бірақ суытпайды. Егерде халқың өзін ұмытпаса, Бақыл бол, халқың сені ұмытпайды. – деп жазылып, өлеңнің астына ақынның қолы қойылған. Ақын бейітін жапқан қызыл граниттің бетіне түскен қар мұзға айналып қатып қалған екен. Мұзды алып тастап, тастың бетін тазалап: «Қазақтың дауылды дарын­ды ұлы ақыны Мұқағали Мақатаевқа бұл ескерткішті 1977 жылы августа семья­сы мен Қарасаз ауылы қойды» деген жазуды оқыдық. Мұқағали мүсінінің екі жа­ғында жылдың қай мезгілінде де көктеп тұратын арша ағашының бұтақтары тиіп тұр. Ақынның биік төбенің үстінде қолын жағына таянып қалаға қарап тұрған бейнесі әсерлі. Мүсінге сүйкене өскен аршаның қыс ортасында көктеп тұруы да мәңгілік поэзия символындай. Мұқағали поэзиясымен алғаш өткен ғасырдың 80-жылдарында танысқанбыз. Сол кезде газет-журналдарда дүркін-дүркін басылып жататын ақын өлеңдерін оқып, оны тірі кісі шығар дейтінбіз. Мына жерде де ақынның бейітін қарап, таныс бір адамым жуырда ғана өмірден өткендей, өзім соның басына келіп тұрғандай сезімде болдым. Тіпті, бейіт басында тұрып, бұл жерге, бүгінде өмірде жоқ Өмірзақ Қожамұратов, Жұмекен, Жұматай келгенін, олар да дәл өзімдей Мұқағали қабіріне үнсіз қарап тұрғаны көзіме елестеді. Бүгін ақпанның төрті. Бес күннен соң Мұқағалидың туғанына 85 жыл толады. Студент кезімде ақынның туған күнінде оны еске алып: Жасағанымен ойымыз еркін – көгенсіз, Ащылау біздің татар тұзымыз – бөтен тұз. ...Ұлы Ақиқаттың жалғыз минуттық демінің Құрбандығы үшін жаралған жандар екенбіз! – деп өлең жазғанмын. Сол қазір есіме түскенде Мұқағалидың маған әлдеқашан рухани сырласыма айналып кеткенін, сондықтан, мына бейіт маған бұрыннан таныс, бұл жерге бұрын да келгендей күйде тұрдым... Жоғарыға өрлеп бара жатқанда бай­қамаған екенмін, төмен түсіп келе жатып ұлттық сурет өнерінің негізін салушы Әбілхан ағамыздың бейітіне көзіміз түсіп, тұсына аялдадық. «Народный художник Казахской ССР Кастеев Абилхан. 1904-1975 г.г.» деген жазуды оқып, қарапайым да ұлы суретшінің 110 жылдығына орай туған жерінде өткен мерейтойлық шараға қатыс­қаным есіме түсті. Ұлт өнеріне олжа салған ұлы перзентінің рухын Жәркент хал­қы керемет әспеттеді. Сол мерейтойлық жиынның бір тұсында бір зиялы кісі Қастеев туралы айта келіп: «Әбілхан ағамызбен дос әрі түйдей құрдас тағы бір халқымыздың талантты ұлы бар еді, Орал Таңсықбаев деген. Ол ағамыз да аты әлемге әйгілі суретші еді. Осындай жиында бір ұлыны ұлықтағанда екіншісін де еске алу парыз» деп еді. Қастеев зиратына қарап тұрып әлгі сөз есіме түскенде қазақтың небір дарынды ұлдарының сүйегі жат жерде қалғанын ойладым. Адамның бейітінің Отанында жатқанының өзі де бақыт екен ғой... Тірлігінде елі үшін еңбек етіп, өлген соң әртүрлі себептермен есімі елдің жадынан шығыңқырап кететін тұлғалар да жоқ емес. Мысалы, ақын Ғали Орманов. Кейінгі кезде әде­би ортада аты өте сирек аталатын ақын­дардың бірі. Ал мына жерде алдыңнан шыға келгенде селк ете қаласың. Әбілхан Қастеев зиратының жанында басына мүсіні қойылған Ғали Ормановтың тұғыртасына: Қалса өлеңім көңілге жаққан шамдай, Ойлар мені ел-жұртым естен салмай. Көкейінде көп жылдар сақталармын, Жолаушылап бір жаққа кеткен жандай, – деген бір шумақ өлең жазылып, астына қолы қойылған екен. Басқадай сөз жоқ. Біз мүсін мен өлеңге қарап бұл жерде Ғали ақын жатқанын шамаладық. Өлең жолдарында да қателік бар сияқты... Иә, жыры хатқа түскен ақын елдің есінен жоғала қоймас. Бірақ... Қазір кітаптың қадірі кетіңкіреген заман ғой. Осыдан екі жыл бұрын Алматыдағы әйгілі ЦУМ дүкенінің алдынан өтіп бара жатқам. Кенет тепкішекте жатқан кітапқа көзім түсті. Мұқабасы сарғыш бумвинилден жасалған қалың кітап. Көтеріп алдым. 1967 жылы шыққан Ғали Ормановтың бір томдығы. Еш жері бүлінбеген. Жан-жағыма қарадым, жоғалтқанын іздеп жүрген бір адамды көрмедім. Кітапты үйіме алып келдім. Менде ол ақынның кітабы жоқ еді... Адамның жалғандағы арманының бірі – өзіне лайықты жар таңдап, сонымен өмір сүру ғой. Қазақтың «қосағыңмен қоса ағар» дейтін тілегінің де мәні сол. Сондықтан, шынайы жұбайлық ғұмыр кешкендер мәңгілік мекенде де қатар жатқанды құп көретін сияқты. Мұның да бір мысалын Кеңсайдан таба аласыз. «Ғаббас Сәдуұлы. 1908(15.ІХ) – 1997(1.Х). Қырық шырақтың бірі едің, Менің үшін маздаған. Сөндірмеспін жүректен, Өлгенімше жан Ғабам! Жантайың (Тұрсынхан)». Төменге түсіп бара жатып тоқтаған бір тұсымызда қатар тұрған екі бейіттің сол жағындағысына жазылған осы бір шумақ өлеңнің соңындағы «Тұрсынхан» деген жазуға көзіміз түскенде секундтың оннан біріндей уақытта-ақ бұл есімнің нені аңдататыны ойымызға келген. Иә, сол. Тұрсынхан ақын. «Тұрсынхан Әбдірахманқызы. 1921(5.ХІ) – 2003 (11.Х) Қимайтын кім де болса өмір гүлбақ, Жоқ қой тек сол гүлбақта мәңгі тұрмақ. Ғылымға қосқанымды, ән-жырымды, Аманат еттім саған кейінгі ұрпақ. Тұрсынхан Әбдірахманқызы». Өмірлік серігі фәниден қайтқан соң алты жылдай ғұмыр кешкен, жан жарының жанынан топырақ бұйырған Тұрсынхан апайдың бейітіндегі осынау аманат жырды оқығанда – өмірін ұлтының көркемсөзіне арнап өткен ақын боп өлең жазып, ғалым боп кітап жазған ғазиз жанның берекелі ғұмыр кешкенін түйсігіңізбен сезінесіз... Кеңсай – қазаққа даңқты перзенттері жатқандықтан қастерлі. Бізге де солай. Жұмекен, Жұматай секілді ақындардың да бейіті басына барып жыр-дұғамызды оқы­ғымыз келген, бірақ менімен бірге барған Күнқожа інім де бұл қорымды жете білмейтін болып шықты. Дегенмен, төменге түсіп бара жатып қазақтың қыр­шын кеткен тағы бір талантты ақыны Меңдекеш Сатыбалдиевтің жатқан жеріне кезігіп, бейітінің басына аз-кем іркілдік. Азырақ болдым ортаңда – Көңіліңде жүрсем көбірек. Сатыбалдиев Меңдекеш. 1937(3.ІХ) – 1973(3.VII) деген екі жол өлең мен ақынның қысқа ғұмыры қашалып жазылған қызыл граниттің жоғары жағында оның қолынан қауырсын қаламы түсіп бара жатқанын бейнелейтін символикалық суреті қашалыпты. Бір түрлі, ауыр да мұңлы ойды беретін тың шешім... ...Кеңсайды аралағанда қара жердей ұлылықты да көресің, төбесі көкке шаншылған парықсыздықты да көресің. «Еш­кім ешкімнен артық емес» деп кейінгілерге өзінің мәңгілік мекенінің қа­рапайым болуын аманаттап кеткен ұлттың ұлы тұлғаларының бейітін көріп құрметің оянса, кейбір аты-жөнін ешкім білмейтін кісілердің бақуат ұрпақтары алтынмен аптап, күміспен күптеген «кесенелеріне» көзің түскенде қазақы дарақылықта шек жоқтығына көзің жетіп, көңіліңе кірбің ұялайды. Қала салып жарысуға болар, бірақ мола салып бәсекелесу – қай атамыздан қалған үлгі екенін білмей дал боласың. Қалай десек те, Кеңсай берер тағылымы бар, тек соны дұрыс түсіну ләзім. Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ АЛМАТЫ