01 Тамыз, 2016

«Микробизнес Қызылорда» жобасы 273 жұмыс орнын ашты

343 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
01 08 - kizylorda «Микробизнес Қызылорда» жобасы аясында бүгінгі күнге дейін ауыл тұрғындарының жалпы құны 357,5 млн. теңгені құрайтын 56 жобасы қаржыландырылды. Нәтижесінде 273 адам жұмыспен қамтылып отыр. Бұл туралы Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасарының міндетін атқарушы Бақытжан Әбиев хабарлады. Оның айтуынша, бүгінде қызылордалықтар арасында жоғары сұранысқа ие жоба қаржысының қайтарылымы да көңіл қуантады. Мәселен, өткен жылы облыс әкімдігінен бөлінген қаржының бүгінгі күнге дейін 71,5 млн. теңгесін несие алған кәсіпкерлер мерзімінде қайтарған. Аталмыш сома биыл жаңадан 8 жобаны қаржыландыруға мүмкіндік беріп отыр. «Қазіргі таңда Арал ауданында 20,3 млн. теңгеге – 4 жоба, Қазалы ауданында 74,3 млн. теңгеге – 11 жоба, Қармақшы ауданында 97,7 млн. теңгеге – 13 жоба, Жалағаш ауданында 27,6 млн. теңгеге – 4 жоба, Сырдария ауданында 32,9 млн. теңгеге – 5 жоба, Шиелі ауданында 57 млн. теңгеге – 9 жоба және Жаңақорған ауданында жалпы құны 11,1 млн. теңгені құрайтын 5 жоба қаржыландырылып, жүзеге асырылып жатыр», – деді Б. Әбиев. Бұдан бөлек, несие комитеті 5 жобаны қаржыландыруға келісім берді. Енді тиісті құжаттарды тіркеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ бақылаушы кеңестің соңғы отырысында келісім алған өзге жобалар бойынша құжаттар жинақталып жатыр. Тағы бір айта кететін жайт, биылғы жылы «Атамекен» ҰКП мен облыс әкімдігі бірлесе отырып, «Қызылорда шағын бизнесі» жобасы шеңберінде ауылды жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға 660 млн. теңге қаржы бөлді. Айдар ӨРІСБАЕВ