31 Шілде, 2016

80 жастағы әйел өз «жаназасынан» 4 айдан кейін үйіне келген

335 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

31-07-16-babushka-1

Ресейдің Новосібір облысының Бердск қаласында жұртты қатты дүрліктірген оқыс оқиға орын алды. Облыс орталығындағы ауруханада емделіп жатқан 80 жастағы жалғызбасты зейнеткер әйелді туған-туыстары сыртынан «жерлеп» жіберіп, оның пәтерін сатып жіберуге әрекет жасаған. sib.fm порталының мәліметінше, зейнеткер Раиса Позднякова осы уақыттың бәрінде облыс орталығындағы ауруханада емделіп жатқан. Оның үйінде жоқ екенін алдымен көршілері байқаған. Сосын олар пәтердің сыртқы есігін бұзып, ішке кірген. Әйелдің жоқ екенін көргесін, іздеу жариялаған. Сол екі ортада Искитим ауданынан кемпірдің туыстары табыла кеткен. Олар сол ауданда көшеде өліп жатқан бір кейуананы өз туыстары есебінде жерлеп, Бердск қаласына келген. Бұрын зейнеткер әйелдің көршілері ешқашан көрмеген туыстары келе сала пәтерді сатып, пұлға айналдырудың жолын қарастырған. Олар үйді үшінші біреудің атына аударып та үлгерген. Бірақ осы тұста іске прокуратура араласты. Бұған ауруынан сауығып үйіне қайтқан кейуананың далада қалуы себеп болған. «Ақпар бойынша, 80 жастағы әжей Новосібір қаласындағы ауруханада 4 ай уақытын өткізеді. Ал үйіне оралған кезінде, оған кіре алмай қалады. Себебі, оны өліп қалды деп есептеген туыстары, өздерінше «мәйітті танып», пәтерді үшінші біреудің атына аударып жібереді», - деді прокуратура өкілдері. Қазір мәселенің мән-жайын прокуратура қызметкерлері тексеріп жатыр. Мұрат АЙТҚОЖА