Қазақстан спортшылары түрлі додаларда бақ сынап, сәтті өнер көрсетіп жатыр. Кезекті жарыс күнделігінде хоккей, теннис, күрес, футбол жаңалықтарын ұсынамыз, деп хабарлайды Egemen.kz.
Цюрих (Швейцария) қаласында Халықаралық хоккей федерациясының (IIHF) конгресі өтті. Жиында келесі әлем чемпионаты 2027 жылдың 14–30 мамыры аралығында Германияның Дюссельдорф, Мангейм қалаларында ұйымдастырылатын болып белгіленді. Жарысқа еліміздің құрамасы да қатысады. Ал әйелдер командасы 2027 жылғы 1–7 күндері Оңтүстік Кореяның Сувон қаласында жалауы желбірейтін ІВ дивизионындағы әлем чемпионатында бақ сынайды.
Жастардың «Ролан Гарросында» Заңғар Нұрланұлы сәтті өнер көрсетіп жатыр. Алғашқы айналымда ұлыбританиялық Марк Себанға сан соқтырған қазақ теннисшісі келесі кездесуде америкалық Агасси Рашерді 6:2, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.
Біріккен күрес әлемі (UWW) Ризабек Айтмұханды мамыр айының ең үздік еркін күрес шебері деп таныды. Биыл аса ауыр салмақта өнер көрсеткен қазақ балуаны жастар арасындағы Азия біріншілігінде (U23) бас жүлде олжалады. Бір айта кетерлігі, Ризабек барлық бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Грек-рим күресі шеберлері арасында ондай атақ армениялық Джанес Назарянға бұйырса, әйелдер күресінен америкалық Кайли Уэлкер үздік шықты.
Анна Данилина мен АҚШ-тың өкілі Джеймс Трейси «Ролан Гарростың» аралас жұптар арасындағы сайыстың ширек финалында италиялық Сара Эррани мен Андреа Вавассориден ұтылды. Есеп – 2:6, 2:6. Апеннин түбегінің теннисшілері былтыр дәл осы турнирде топ жарды.
Ертең Ұлан-Батырда күрес түрлерінен халықаралық турнирдің шымылдығы түріледі. Жарысты грек-рим күресі шеберлері бастайды. Моңғолияға сапар шеккен бес балуанымыздың арасынан аса ауыр салмақтағы Әлішер Ерғали мен Олжас Сырлыбайды ерекше атап өтуге болады. Әйелдер күресінен сегіз спортшымыз бозкілемге шығады. Олардың барлығы да кіл мықтылар. Арасында Олимпия ойындары мен әлем чемпионаттарында олжа салған Эльмира Сыздықова мен Жәмила Бақбергенова бар. Еркін күрестен Азамат Дәулетбеков (92 кг) бастаған 18 апайтөс күш сынасады.
Спорттық статистиканы серік еткен «Flashscore» порталы «Қайрат» клубының қақпашысы Темірлан Анарбековті УЕФА Чемпиондар лигасының шартты құрамына енгізді. Қандасымыздан бөлек, мықтылар тізімінде Алессандро Бастони, Вирджил Ван Дейк, Родиней, Браим Диас, Витинья, Майкл Олисе, Ламин Ямаль, Килиан Мбаппе, Гарри Кейн, Хвича Кварацхелия сынды атақты футболшылар бар.
6 маусымда Англияның Борнмутында аса ауыр салмақтағы кәсіпқой боксшы Иван Дычко (15-1, 14 КО) жарыс қожайыны Харви Дайкспен (7-0-1, 0 КО) жұдырықтасады. Соңғы жекпе-жегін былтыр қыркүйек айында өткізген Қостанайдың алыбы Лас-Вегаста америкалық Джермейн Франклиннен (24-3, 15 КО) жеңілген еді.