Арқа төріндегі Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінде ұлт мақтанышы, қазақ ағартушылығының атасы Ыбырай Алтынсариннің мұрасына арналған «Ыбырай Алтынсарин – ұлы ағартушы-педагог, этнограф, тарихи тұлға» атты республикалық ғылыми-теориялық дөңгелек үстел өтті. Алқалы жиын ұлт ұстазының рухымен сырласқан, оның өлшеусіз мұрасын бүгінгі күннің биігінен зерделеген рухани кеш болды.
Жиынның шымылдығын ашқан академиялық мәселелер жөніндегі проректор Бекболат Нүсіпбеков алқалы топқа жылы лебізін білдіріп, Ыбырай салған сара жолдың бүгінгі техникалық білім саласында да маңызы зор екенін атап өтті. Расында да, Ыбырай тек әліппе жазушы емес, ол қазақ баласының қолына технология мен ғылымның кілтін ұстатқысы келген реформатор еді.
Профессор Али Мехтиев мазмұнды баяндамасында Алтынсарин феноменіне тоқталып, ағартушының өміріндегі бұрын-соңды көп айтыла бермейтін деректерді тізбеледі. Оның айтуынша, Ыбырайдың әрбір ісі – елдің болашағына салынған инвестиция. Жиынға қатысушылар осы сәтте ұлы тұлғаның «Бір құдайға сыйынып, кел, балалар, оқылық!» деген асыл сөзінің астарындағы терең философияны тағы бір мәрте сезінгендей болды.
Дөңгелек үстелдің ғылыми салмағын еліміздің түкпір-түкпірінен келген ғалымдар арттыра түсті. Ыбырай Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы Орта білім мазмұны институты Қазақ филологиясы зертханасының ғылыми қызметкері Біржан Ахмер ағартушы шығармаларын бүгінгі мектеп бағдарламасында оқытудың соны әдістерін ұсынды. Ол Ыбырайды тек тарихи тұлға ретінде емес, бүгінгі білім беру ісінің кеңесшісі ретінде қабылдау қажеттігін алға тартты. Оның үстіне, Біржан мырзаның өз өлеңдерін оқып, жиынды поэзия нәрімен сусындатуы кештің көркін аша түсті.
Абай атындағы ҚазҰПУ профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Рымшаш Төлеубекова Алтынсарин идеяларының өміршеңдігі туралы терең толғанды. «Ыбырайдың педагогикасы – жүрек педагогикасы» деген ұстанымды алға тартқан ғалым, оның гуманистік көзқарастарының ЮНЕСКО деңгейіндегі құндылықтармен үндес екенін дәлелдеді. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Зәуреш Сақтағанова «ХІХ ғасырдағы Қазақстанның әлеуметтік-мәдени өзгерістері контексіндегі Ыбырай Алтынсарин» тақырыбында баяндама жасады.
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университетінің профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты Ляззат Шотбақова «XX ғасырдың бірінші жартысындағы Орталық Қазақстандағы орта арнаулы білім берудің қалыптасуы мен дамуындағы Қарқаралы зооветеринарлық техникумының рөлі» деген тақырыпты аша білді. Бұл жолғы басқосудың ең айрықша ерекшелігі – ағартушының кіндік қаны тамған Торғай өңірімен тікелей байланысқа шығу болды. «Торғай музейлерінің кешені» мекемесінің басшысы Гүлбану Сәрсекей экран арқылы музей экспонаттарын көрсетіп, Ыбырай ашқан мектептің әрбір кірпіші мен тарихынан сыр шертті. Виртуалды саяхат жасаған қатысушылар өздерін сол бір киелі мекенде жүргендей сезінді.
Жанкелдин ауданындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы жалпы білім беретін мектебі директорының орынбасары Әсем Серікбаева киелі Торғай топырағындағы мектептің маңызына тоқталды. Ол өз баяндамасында аталған мектептің тек білім беретін мекеме ғана емес, сонымен қатар «білімнің шамын жаққан, болашаққа жол ашқан бірегей орда» екендігін тілге тиек етті. Ұлы ұстаздың ізі қалған мекеннің бүгінгі ұрпақ тәрбиесіндегі алар орны ерекше екені айқын сезілді.
Рухани эстафетаны облыс орталығындағы Ыбырай Алтынсарин атындағы мамандандырылған мектеп-гимназия-интернатының директоры Ырсалды Ержанова жалғастырды. Ол өз білім ордасын «Ыбырай жаққан шамшырақ» деп сипаттай отырып, мектептің заманауи жетістіктері мен ағартушылық идеяларының сабақтастығын баяндады.
Алқалы жиынның мазмұнын Қарағандыдағы Жамбыл атындағы мамандандырылған мектеп-интернаттың қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Шолпан Тойжанова толықтыра түсті. Тәжірибелі педагог өз сөзінде Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық мұрасын жай ғана насихаттап қоймай, ұлы ұстаздың инновациялық оқыту тәсілдерін бүгінгі заман талабына сай жаңғырту мәселесін өткір қозғады. Ұстаздың пайымды пікірі мен ұсынған әдістемелік шешімдері қатысушылар арасында үлкен қызығушылық тудырды.
Жиынның танымдық деңгейін Қарағанды техникалық университетінің студенттері бұрынғыдан да аша түсті. Арх-25-1 тобының білімгерлері Жан Тілеубекова мен Іңкәр Шаханова дайындаған «Қазақстандағы алғашқы білім ордалары» атты тарихи-танымдық шолу көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Болашақ мамандар ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы қазақ даласындағы ағартушылық қозғалыстың бастауларын архивтік деректермен сөйлетті. Студенттер өз баяндамасында алғашқы мектептердің ашылу хронологиясын, тарихи ғимараттардың сәулеттік ерекшеліктерін, Ұлы ағартушылардың білім жүйесін қалыптастырудағы рөлін нақты слайдтармен жүйелі түрде көрсетіп берді.
Жиынның соңы тек ғылыми баяндамалармен шектелмей, мазмұнды мәдени композицияға ұласты. Ә.Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің сәулет және құрылыс, сондай-ақ тау-кен факультеттерінің студенттері дайындаған «Өнер, білім бар жұрттар» атты қойылымы кештің шырайын келтірді.
Қарағанды облысы