Ұлытау облысының орталығы Жезқазған қаласынан небәрі сегіз шақырым жерде орналасқан Кеңгір ауылдық округінде жаңа фельдшерлік-дәрігерлік амбулатория ашылды. Елді мекенде шамамен 3 мыңға жуық халық тұрады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев денсаулық сақтау саласын дамытуға, әсіресе ауылдық жерлердегі медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөліп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес Ұлытау облысының қала-аудандарында жаңа медициналық нысандар салынып, халыққа көрсетілетін қызмет сапасы жақсара бастады. Өңірде медицина саласының сапасын жақсартуға қатысты жұмыстар жүйелі жүргізіліп келеді. Облыс құрылғалы бері 26 жаңа нысан ашылды. Екі медициналық мекемеде күрделі жөндеу жұмысы толық аяқталды. Қазіргі уақытта тағы бес нысанда жөндеу жұмысы жалғасып жатыр.
21 бірлік «Жедел жәрдем» көлігі сатып алынды. Жасанды интеллект көмегімен радиологиялық зерттеулердің бірыңғай деректер базасы құрылды. Барлығы 333 бірлік жабдық сатып алынды, оның ішінде жоғары технологиялық құрал-жабдық – роботты микроскоп, 128 кесінді компьютерлік томография, ангиограф аппараттары бар.
Өңірде ауылдағы медицинаның дамуына мән берудің маңызы зор. Биыл Ұлытау ауданында жаңа аурухана пайдалануға беріледі. Жаңаарқа аудандық ауруханасында күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Шалғай елді мекендердегі жиырма шақты фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаторияларды жаңарту жұмыстары қолға алынған.
Салаға білікті дәрігерлер тарту басты назарда. Облыстық бюджет есебінен медицина қызметкерлерін ынталандыру, әлеуметтік қолдау шаралары көрсетіледі. Өңірге келген 84 дәрігерге көтерме жәрдемақы төленді. Оның ішінде ауылдық жерлерге келген 23 маманға 8 млн теңгеден қаражат берілді. Оған қоса тұрғын үймен қамтамасыз етілді.
«2025 жылы облыстық көпсалалы ауруханада күрделі жөндеу жұмысы басталды. Аурухана үш жыл ішінде толық жаңартылады. Мұнда кардиология, гастроэнтерология, пульмонология, ревматология, госпитальдық фармация сияқты бес жаңа бөлімше ашылады. Онкологиялық аурулардың алдын алу, ерте анықтау, емдеу жөніндегі жұмыстар күшейтіліп келеді. Егер үш жыл бұрын 20 төсектік бөлімде небәрі екі маман жұмыс істесе, бүгінде жеті маман жұмыс істейді. Онкохирургтарды даярлау жөніндегі жұмыстар да жүргізіледі. Бөлімше қажетті жабдықпен толық жабдықталған. Сонымен қатар 100 төсектік облыстық аурухананың жаңа ғимаратын салу арқылы бөлімшені кеңейту жоспарда бар», деді облыс әкімі Дастан Рыспеков.
Кеңгір ауылындағы 25 кереуеттік жаңадан салынған фельдшерлік-дәрігерлік амбулатория «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынып, пайдалануға берілді. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты жобасының басты міндеттерінің бірі – жетіспейтін медициналық-санитарлық алғашқы көмек ұйымдарын, атап айтқанда, медициналық, фельдшерлік-акушерлік пункттер, дәрігерлік амбулаториялар салу арқылы барлық ауылдық елді мекендерді сапалы медициналық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету. Екінші міндеті – ауылдық денсаулық сақтау нысандарын медицина кадрларымен қамтамасыз ету. Демек, ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту ісі халықтың өмір сүру ұзақтығын, әлеуметтік әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді.
Жаңадан ашылған дәрігерлік амбулатория ауыл тұрғындарына алғашқы медициналық көмекті сапалы әрі дер кезінде алуға мүмкіндік береді. Әсіресе аналар мен балалар денсаулығын сақтау, профилактикалық жұмыстар жүргізу, ауыл тұрғындарының денсаулығын бақылауда ұстауға бұл нысан аса қажет. Жаңа амбулаторияның алғашқы медициналық көмек көрсету кабинеттері, профилактикалық тексеру бөлмелері, қолданылатын медициналық жабдықтары талапқа сай.
Медициналық нысанның құрылыс жұмысын мердігер – «Астана премиум құрылыс» ЖШС жүргізсе, «Достар құрылыс тобы» ЖШС техникалық қадағалау жасады. Дәрігерлік амбулатория құрылысына 416 млн 971 194 теңге қаражат жұмсалды. Медициналық нысан 2025 жылы Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында еліміздің Бас прокуратурасы қайтарған активтер есебінен салынды. Денсаулық сақтау нысаны тәулігіне 20-дан аса тұрғынға қызмет етеді. Сонымен қатар мұнда күндізгі стационар жұмыс істейді, онда 10-ға жуық ем түрі көрсетіледі. Денсаулық саласының қызметкерлеріне барлық жағдай жасалған. Кеңгірліктер заманауи медицина жабдығының көмегіне сүйене алады.
Нысанның ашылу салтанатында өңір басшысы облыста қайтарылған активтер есебінен әлеуметтік маңызы бар нысандардың кезең-кезеңімен салынып, халық игілігіне беріліп жатқанын атап өтті. Сондай-ақ жүйелі жұмыстардың жүзеге асуына қолдау көрсеткен Бас прокуратура мен облыс прокуратурасына ризашылығын білдірді.
«Осы ауылда мейірбике болып жұмыс істегеніме 46 жыл болды. Бірталай қиын баспалдақтан өттік. Бұрын отбасылық дәрігерлік амбулатория ғимараты жекеменшік еді. Иесі сатып жіберген соң Жезқазған қаласының емханасына ауыстық. Одан кейін Кеңгір ауылдық округінің әкімдігі өз ғимаратынан тегін бөлме беріп, жеті жыл бойы жұмысымызды сонда жалғастырдық. Енді жаңа медициналық ғимарат ашылып, қуанып жатырмыз», дейді Гүлсім Алтаева.
Сөйтіп, Кеңгір ауылында қайтарылған активтер қаражаты есебінен салынған жаңа дәрігерлік амбулатория енді халық игілігіне айналады. Медициналық нысанның ашылу салтанатында Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспеков пен Ұлытау облысының прокуроры Жасұлан Еламанов құттықтау сөз сөйлеп, Кеңгір ауылдық ардагерлер кеңесінің мүшесі Шаймұхамбет Нұрымов ақ батасын берді.
Ұлытау облысы