• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Мәселе Бүгін, 09:20

Ұрпақ қауіпсіздігі – басты назарда

Қостанай облысында бала­лардың жазғы демалысы мен сауықтыру шарала­рына 457 млн теңге бөлініп отыр. Биылғы жаз 102 мыңнан ас­там бала тұмса табиғат аясына орналасқан 12 лагерьде, одан қалды мектеп жанынан ашылған 617 орталықта демалады.

Облыстық білім басқар­масы­ның мәліметін­ше, ата-ана қам­қор­лы­ғын­сыз қалған, сондай-ақ жағ­дайы төмен отбасылардың бала­лары мен дарынды оқушы­лар­­ды сауықтыруға жергілікті бюд­жет қорынан 300 млн теңге қарасты­рылған. Мұның сыртында, 2 634 баланы жазғы демалыспен қамта­ма­сыз етуге жалпыға бірдей мін­детті білім қоры есебінен 175 млн теңге көзделіп отыр. Қазірдің өзінде барлық конкурстық рəсім аяқталып, келісімшарттар жасалып қойған.

Интернатта тәрбиеленіп жат­қан балалар да назардан тыс қалмайды. Аталған мекемелер­де білім алып жатқан 445 бала жазғы демалысын қала сыртында орналасқан 3 лагерьде өткізеді. Балалардың жазғы маусымын талапқа сай ұйымдастыру, қауіпсіздік шараларын сақ­тау мәселесінде облыстық бі­лім басқармасымен қатар, лагерь орналасқан аумақтың әкімдіктерге де жауапкершілік жүктеліп отыр.

Білім басқармасының басшысы Айман Ыбыраеваның айтуынша, орманды алқаптарда орналасқан 9 лагерьде ұялы байланыс нашар. Бұл төтенше жағдай кезінде жедел əрекет етуге кедергі келтіреді. Аталған демалыс орындарына сапалы байланыс орнату мақсатында білім басқармасы «Starlink» спут­ник­тік интернет жабдықтарын сатып алуды қарастырып жатыр. Оған шамамен 7 млн теңге бөлінеді.

Балалардың жазғы демалысын ұйымдас­тыруға бірқатар ірі кәсіпорындар да атсалысады. Мысалы, Қостанайдағы «Аллюр» автозауыты Меңдіқара ауданында бірталай жылдан бері қараусыз тұрған бұрынғы «Солнечный» балалар лагерін қайта қалпына келтіруге ниет­те­ніп отыр. Кәсіпорын көп кешік­тір­мей құрылыс жұмыстарын қолға алмақ. Демалыс орны күр­делі жөндеуден өткен соң, жыл он екі ай бойы жұмыс істей­тін коммерциялық балалар лагеріне айналады.

Балалар лагерьлерінде 4 мың­нан астам тәрбиеші мен волонтер жұмыс істейді. Оқушылардың демалыс маусымында қауіп­сіздік мәселесіне баса мән беріледі. «Қауіпсіз аймақ» жобасы аясында өзен-көлдерге жақын орналасқан лагерьлерде арнайы мамандар балаларға қауіпсіздік ережелерін үйретеді.

Қостанай облысы

Соңғы жаңалықтар