Көкшетаудағы тарихи-өлкетану мұражайында «Нұр Отан» партиясы Ақмола облыстық филиалы жанындағы «Мирас» қоғамдық кеңесінің отырысы өткізіліп, Қазақстан Республикасы Мемлекет тарихы институты директорының орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Амангелді Қашқымбаевтың «Ілияс Есенберлин» атты ғылыми-танымдық шығармасы көпшілікке таныстырылды.
Аталған қоғамдық кеңес төрағасы Мейрамбек Қиықов жүргізіп отырған игі шараға партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ғалым Бекмағамбетов, Парламент Сенатының депутаты, жазушы Жабал Ерғалиев, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысып, елеулі еңбек жайлы келелі ойларымен бөлісті. Шығарма «Ұлы дала тұлғалары» сериясымен шығып отыр. Кітаптың алғы сөзін жазған тарих ғылымдарының докторы Бүркітбай Аяған автордың жеке тұлға өмірін зерттей отырып сол заман ахуалына, саясат пен әдеби ортадағы ағымдарға шынайы баға бергенін атап өткен. Мұндай пікірлер жергілікті зиялы қауым өкілдері тарапынан да қызу қолдау тапты.
Сенатор Жабал Ерғалиев бұл шығармада Ілияс Есенберлиннің көпшілік біле бермейтін қырлары суреттелгенін айта келе, құнды деректерді Көкше қауымына әдейілеп келіп таныстырғаны үшін авторға зор ризашылығын білдірді. Атбасардағы І.Есенберлин атындағы әдеби мұражайдың директоры Ұлбосын Камбатырова көрнекті жазушының туғанына 100 жыл толуына орай туған жерінде қыркүйек айында ғылыми-практикалық конференция өткізуге дайындық шараларының басталып кеткенін айтса, мерейлі датаның биыл ЮНЕСКО көлемінде атап өтілетіні жайлы хабар да жиналған қауымды бір серпілтіп тастады. Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңын еліміз үшін бұл үлкен мерей болмақ.
Өзінің көп жылғы еңбегі жайлы кеңінен әңгімелеп, жиналғандар сұрақтарына жауап берген Амангелді Қашқымбаев Ақмола облысының мұражай ұжымына, кездесуге келген басқа да қонақтарға жаңа кітабын сыйға тартты. Сондай-ақ, облыстың бас мұражайының тарихи жәдігерлер бөліміне экскурсия ұйымдастырылды.
Бақберген АМАЛБЕК,
«Егемен Қазақстан».
Ақмола облысы.
Суретті түсірген
Берік ЕСКЕНОВ.