• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Кеше

10 жылдық мерейтой: National Geographic Qazaqstan үздіктерді марапаттады

70 рет
көрсетілді

Қазақстандағы танымдық және деректі контент ұсынатын маңызды ақпарат көздерінің бірі National Geographic Qazaqstan журналы биыл 10 жылдық мерейтойын атап өтіп отыр. Айшықты мереке қарсаңында басылым отандық ғылымға еңбегі сіңген ғалымдарды марапаттады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Басылым әлемге әйгілі National Geographic Society брендімен тығыз байланыста соңғы он жыл ішінде оқырман қауымға сапалы білім беру бағытында елеулі үлес қосып келеді.

Бүгінде аталған журнал көптеген оқырман үшін әлемді танудың сенімді көзіне айналып отыр. Осылайша басылым табиғатты қорғау, экологиялық сананы қалыптастыру және білімге ұмтылу сияқты маңызды құндылықтарды насихаттауды жалғастырып жүр. Іс-шара барысында National Geographic Qazaqstan журналының жауапты редакторы Айбын Шағалақ әлемдік National Geographic журналының National Geographic 33 жобасын таныстырды.

«Соңғы он жыл ішінде басылым қазақ тілінің дамуына да өз үлесін қосты.  Осылайша, National Geographic Qazaqstan тек ақпарат таратушы ғана емес, білім мен мәдениетті дамытушы маңызды платформаға айналды. Бұл жоба әлем бойынша қоғамға оң өзгеріс әкеліп жүрген тұлғаларды танытуды мақсат еткен бастама. Сондықтан National Geographic қоғамы биыл екінші жыл қатарынан сәуір айындағы санын осы бастамаға арнап, әлемнің әр түкпірінде ізгі істермен айналысып жүрген азаматтарды таныстырып келеді. National Geographic Qazaqstan елшісі дәл осы жобадан шабыт алып, еліміздегі ғылымды дамытуға, табиғатты қорғауға және қоғамды жақсартуға үлес қосып жүрген, істеген ісі мен қызметі жаһандық National Geographic 33 рухымен үндесетін азаматтарды марапаттауға арналып отыр», деді жиында National Geographic Qazaqstan журналының шеф-редакторы Айбын Шағалақ.

Шеф-редактордың сөзінше, басылым бүгінде түрлі жобалармен серіктестік орнатқан. Бұл жобалар жастардың ғылым мен зерттеуге деген қызығушылығын оятуда маңызды рөл атқарады.

Жиында Каспий итбалығын қорғау бағытында елеулі қызметі мен ерекшеленген Әсел Тасмағамбетова мен инклюзивті коммуникацияны дамытудағы ерен еңбегі үшін Нұрзада Амангелдіге салтанатты түрде «National Geographic Qazaqstan елшісі» құрметті атағы берілді.

«Каспий итбалығы тек Каспий теңізі аймағында ғана тіршілік ететін бірегей теңіз сүтқоректісі болып саналады. Оның санының азаюы бүкіл теңіз экожүйесінің табиғи тепе-теңдігін бұзуы мүмкін. Сонымен қатар, итбалықтардың азаюына мұнаймен ластану, балық аулау құралдарына түсіп қалу және климаттың өзгеруі сияқты факторлар әсер етеді, сондықтан бұл түрді сақтау табиғатты қорғаудың және биологиялық әртүрлілікті сақтаудың маңызды бөлігі», деді Әсел Тасмағамбетова.

Сондай-ақ іс-шара барысында Нұрзада Амангелді өзінің инклюзия бағытындағы бірегей жобасын таныстырды.

«Әлемде 120 ым-ишара тілі бар. Соған сәйкес ұғынысу тек қол арқылы ғана емес, бет пен ерінге тікелей байланысты. Ал елімізде бірыңғай ым-ишара тілі әлі қалыптаспаған. Қазақ тілі ортақ болғанымен, ым-ишара түрінде ішкі барьерлердің әсерінен оның сан алуан түрі қалыптасқан. Сондықтан біз осы бағыттағы жұмыстарымызды жетілдіре түсуді мақсат етеміз», деді Нұрзада Амангелді.

Соңғы жаңалықтар