Қазақстанда инсульттің алдын алу және емдеу жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар нәтижесін беріп отыр. 2026 жылдың алғашқы екі айында қанайналым жүйесі ауруларынан болатын жалпы өлім-жітім 16,3%-ға төмендеді, деп жазады Egemen.kz.
Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Angels Initiative бастамасы мен Қазақ инсультологтар лигасының ұйымдастыруымен «Train the Trainer Workshop» халықаралық білім беру воркшопы өтті.
Іс-шара Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдер арасындағы меморандум аясында ұйымдастырылып, Орталық Азиядағы медициналық ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталды. Воркшоп жедел инсульт кезінде медициналық көмек көрсету тәжірибесін жетілдіру және озық әдістерді енгізу үшін маңызды алаңға айналды.
Қазіргі таңда инсульт өлім-жітім мен мүгедектіктің негізгі себептерінің бірі болып отыр. Осыған байланысты медициналық көмекті тиімді ұйымдастыру – науқасты дер кезінде бағыттаудан бастап, жоғары технологиялық диагностика мен ем жүргізуге дейінгі барлық кезеңді қамту аса маңызды.
Инсульт дерті «жасарып» барады
Қазақстан инсульт қызметін дамытуда елеулі ілгерілеуге қол жеткізді. Бүгінде республика бойынша 85 инсульт орталығы жұмыс істейді, бұл әр 250 мың адамға 1 орталықтан келеді және нормативтік қажеттілікті толық қамтиды.
Ми қан айналымы бұзылыстарын ерте анықтау мақсатында скрининг жүйесі енгізілді, ал инсульт әлеуметтік мәні бар аурулар тізбесіне енгізілді. Сонымен қатар инсульттан кейін пациенттерді диспансерлік есепке алу мерзімі 30 күннен 15 күнге дейін қысқартылды.
2025 жылдың қорытындысында ем қабылдаған пациенттер саны 8,3%-ға өсіп, 49 мыңнан 53 мың адамға дейін жетті. Тромболизис жүргізу үлесі 11%-ға артты, ал инсульттен болатын өлім-жітім 4%-ға төмендеді.
Қазіргі уақытта инсульт қанайналым жүйесі ауруларынан болатын жалпы өлім-жітімнің 32%-ын құрайды.
Дәрігерлер ЖИ көмегімен инсульт пен онкологиялық ауруларды ерте анықтап жатыр
Қабылданған шаралардың нәтижесінде 2026 жылдың алғашқы екі айында жалпы өлім-жітім 16,3%-ға азайды, бұл саладағы жүйелі жұмыстың тиімділігін көрсетеді.
Воркшоп бағдарламасына интерактивті мастер-кластар, клиникалық жағдайларды модельдеу және шешім қабылдау бойынша практикалық сессиялар енгізілді. Мұндай тәсіл дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, жедел көмек көрсету кезінде командалық жұмысты жетілдіруге мүмкіндік береді.
Іс-шараға Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Моңғолия, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан елдерінен медицина мамандары қатысты. Әр елден инсультолог дәрігерлер, денсаулық сақтау ұйымдастырушылары және жедел медициналық көмек қызметінің өкілдері, барлығы 8 қатысушыдан келді.
Жалпы, халықаралық ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу инсульттің алдын алу және емдеу сапасын арттыруға, өлім-жітімді азайтуға ықпал етіп отыр.
Жас ғалым ми инсультінің алдын алатын әдіс ойлап тапты