• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Тағзым Бүгін, 07:42

Қара нар

10 рет
көрсетілді

«Даламның иісі бұрқырап, Қарттарым, аман-сау жүрші». Бұл – ақиық ақын Сағи Жиенбаевтың өлеңі. Досхан Жолжақсынов осы өлеңге ән шығарғанда «Далада иіс бола ма?» деп ойлаушы ем. Сөйтсем, болады екен. Ол жусан иісі, ол апам жаққан ошақтың иісі, ол жалбыздың, қарағайдың, сағыздың иісі екен. Есағам... Есмұхан Обаев – Қазақстанның халық әртісі, профессор, осындай ошақ жаққан өңірде өмірге келген. Тәңіртаудың етегінде, Кегенде туған, ержеткен.

Өткен ғасырдың 70-жылдарынан былай қазақ театр өнерінің жаңа белесі басталды. Отыздың о жақ, бұ жағындағы ордабұзар бір топ режиссер шоғыры пайда болды. Әрине, бұл топтың басында Әзірбайжан Мәмбетов бастаған Байтен Омаров, Маман Байсеркенов, Есмұхан Обаев, Райымбек Сейтметов, Қадыр Жетпісбаев, Жақып Омаров, Ерсайын Тәпенов, Әмір Темір Хұсейін, т.б. бар еді. Олар Қазақстанның түкпір-түкпірінде театр өнеріне түрен салды. Тек қазақ драматургтері ғана емес, орыс, батыс, әлемдік пьесаларды сахнаға шығарды. Мәдениет пен руханиятты жырлады. Көрерменнің жанына нұр, көңіліне күн шуағын сыйлады. Солардың ортасында Есаға бар-тын. Қазақ өнерінің қара нары. Шоқ жұлдыздай дарындардың құс жолына айналған аға буын. Мың алғыс сіздерге!

Есаға Тоқпановтан бітірген. Асекеңнің алдын көрген шәкірті. Әкем театрда алғаш режиссер болып, сосын Мәскеуге барып екі жыл оқып келді. Алғашқыда Алматы ТЮЗ-інде, кейін Семей театрында жылжымай жиырма жыл режиссер болды. К.С.Станиславский мен В.И.Немирович-Данченконың дабыры гүрілдеп тұрғанда классикалық қойы­лым­дар­ды сахнаға шығарды.

Н.Гогольдің «Үйлену», «Ревизорынан» бастап У.Шекспирдің «Асауға – тұсау», М.Әуезовтің «Абай», «Қарагөз», «Айман-Шолпан», «Еңлік-Кебек», Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Ақан сері – Ақтоқты», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», т.б. пьесаларын Есағамыз сахналаған.

90-жылдары Есмұхан Несіпбайұлы Т.Жүргенов атындағы кино және театр институтына ректор болып келді. Кино үйінде кездестік. Бұрындары араласпағанмен, сырттай білетінмін. Мені көріп жылы шыраймен амандасты. Баяғыдан білетін ағаларым секілді. Ашық-жарқын. Күмбірлеген дауы­­сы Әнуар Байжанбаевтың үніндей, нағыз қазақы. Жүрекке жылы тиер әуездей. Мені мұғалімдікке де, ректорлыққа да ұсынған — осы Есағаң.

Бір күні сабақта отырсам, шақырады. Үлкен кабинеті көк түтін. Амандық-сау­лық­тан соң: «Былай болсын, айналайын. Мен вице-министр болып бара жатырмын. Енді осы орынға сен келесің».

Шошып кеттім. «Ойбай, көке… Керек емес. Менде ондай тәжірибе де, ниет те жоқ. Оның үстіне кино түсіруім керек».

– Асықпа. Бұл орынға келем дейтіндер жетіп артылады. Бірақ бізге сен сияқты Мәскеуде оқыған жас адам керек. Түсіретін киноңды түсіре бересің. Ойлан, шырақ!

Міне, осылай Есағам менің өмірімде жөн сілтеген жан еді.

Есмұхан Обаевтың Мәдениет министр­лі­гі­не келуі Егемендік алған алғашқы кезеңге тап келді. Ресми концерттер, мемлекеттік іс-шаралар, шетелдердегі Қазақстанның мәде­ниет күндері, т.б.

Оның үстіне өңір-өңірде облыстық театрлар бірінен соң бірі бой көтерген кез еді. С.Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан, Н.Жантөрин атындағы Маңғыстау, И.Омаров атындағы Қостанай, Ш.Құсайынов атындағы Көкшетау, Теміртаудағы неміс театры, Қарағандыдағы музыкалық театр­лар­дың аяқтан тұрып кетуіне Есмұхан Несіпбайұлының тікелей араласқаны тағы рас.

Кейін қара шаңырақ М.Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрын он жылдан аса басқарды. Қиюы кеткен кезеңде театрдың берекесін бұзбай, Обаев бәрін орнына қоя білді. Есағаңнан бітірген шәкірттері бүгінде шартарапта.

Есіме Есағамның телефон шалғаны түскен. Ол кезде комсомол тарап, орнына Жастар сыйлығы келді. Мен комиссияның мүшесімін. Есағаң дауысы гүрілдеп жас режиссер Қайрат Сүгірбеков жайында айтты. Өнер адамдары аңқау ғой. Ана бала құжат­тарын дайындамай кеш қалыпты. Талантты жігіт. Соны қолдап жіберші. Документ деген немене, тәйірі?

– Болсын, Есаға. Қам жемеңіз.

 Кейін Қайрат Сүгірбеков ол сыйлықты алғанда Есағаң балаша қуанған. Құдды өзі ал­ғандай. Бұл оның ағалық қамқорлығы бо­латын.

Әкем театр дегенде алдымен Асанәлі Әшімов пен Есмұхан Обаев есіме түсетін. Асекең қайтқанда қатты күйзелген. Өмір бойы бірге жүрген серігін, сырласын жоғалту оңай емес-ті.

Есағаң жақсы әнші болатын. Хантәңірден көктемде көшкен қардай гүрілдеген даусымен ән салғанда талай әнші тамсанған.

«Түнгі самал егін басын тербейді,

Алыста қыр қарауытып келбейді.

Айдың нұры баяу ғана дірілдеп,

Тың алқапты көкшіл шұғыла көмкерді.

Айлы дала, салқын самал тамаша!

Екі ғашық қол ұстасып келе жатыр оңаша»

Бұл – Есағаңның сүйіп айтатын әні. Ән қадірін, саз қадірін, сөз қадірін ұғатын үлкен көштің соңындағы қара нар. Сіз де ұлылар мекен еткен мамырстанға бет алған екенсіз. Ол жақта сүйікті жарыңыз Бағиламен қол ұстасып, қолтықтасып «Екі ғашық» әніне басар деген ойдамын.

Иманыңыз жолдас болсын, қара нар!

 

Талғат ТЕМЕНОВ,

Қазақстанның халық әртісі, кинорежиссер

Соңғы жаңалықтар