• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 09:05

Жас өрендердің кітап көрмесі

50 рет
көрсетілді

Италияның Болонья қаласында халықаралық «Bologna Children’s Book Fair» кітап көрме-жәрмеңкеcі өтті. Балалар кітаптарының жәрмеңкесі 1963 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Биыл көрмеге алғаш рет еліміздің баспалары қатысты.

«Mazmundama», «Arman-PV», «Steppe & World Publishing», «East Publishing» секілді отандық баспаларға халықаралық жәрмеңкеде кітаптарын таныстыру мүмкіндігі туды. Отандық баспалардың балаларға арналған үздік кітаптары ұлттық стендке қойылып, көпшілікке таныстырылды. Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкілі Толқын Тұрғалиқызының айтуынша, бұған дейін аталған көрмеге жекелеген баспалар келсе, бұл жолы ұйымдасқан түрде Қазақстан баспагерлер және полиграфистер қауым­дастығының қолдауымен ұлттық стенд ұйымдастырылды.

«Министрлік Болонья көрмесіне көп көңіл бөліп отыр. Екі жыл қатарынан Франкфуртта өткен халықаралық кітап көрмесіне Қазақстанның ұлттық стендін қойдық. Биыл міне, осы үрдіс Болонья көрмесінде жалғасын тапты. Біздің стендті тамашалаушылар өте көп. Мұндай көрме отандық бас­па саласының дамуына  өте қажет. Себе­бі көрме халықаралық байланыс орна­туға, бірлескен жобалар мен құқық ­алма­суға, ұлттық кітаптарымызды, соның ішінде балаларға арналған туындыларымызды халықаралық аудиторияға та­ныстыруға, әлемдік тәжірибелер мен трендтерді тануға, балалар әдебиеті­нің жаңа бағыттарын байқауға, иллюстрация стильдерін меңгеруге, ең бастысы, заманауи талаптарға сай кітап шығаруға көмектеседі», дейді Толқын Тұрғалиқызы.

Халықаралық көрмеге еліміздің атынан 18 делегат, атап айтқанда, бас­па өкілдері, иллюстраторлар, авторлар, аудармашылар барған. Сондай-ай көрмеде алғаш рет отандық суретшілер талқылау сессиясына қатысуға мүмкіндік алды. Иллюстратор, графикалық дизайнер және визуалды суретші Айсұлу Алмасбай, Дәурен Тасболатов,  «East Publishing» баспасының директоры Әмина Жеменей «Мұраны бейнелеу: балалар кітаптарындағы ұлттық болмысты қайта тану» тақырыбында өтетін кәсіби кездесуге қатысты. «Бізге халықаралық көрме барысында Орталық Азия авторлары мен иллюстраторларының алғашқы кәсіби кездесуіне қатысу мүмкіндігі туды. Балалар кітаптарындағы ұлттық болмысты тану тақырыбында ой қозғалды. Сондай-ақ қазақ балалар әдебиетін әлемге танытудың қадамдары туралы пікір айтылды», дейді иллюстратор Айсұлу Алмасбай.

Ал «Mazmundama» баспасының жетекшісі Шыңғыс Мұқан халықаралық көрмеде Қазақстан бұрышының ашыл­уын қазақ балалар әдебиетіне көрсетілген қолдау деп біледі. «Бұл іске түрткі болған «Nomad Cultural Foundation» қорының жетекшісі – Баян Қабылаш. Тек Қазақстан ғана емес, Өзбекстан мен Қырғызстанның бұрышын қатар ұйымдастырып, Орталық Азия болып қатысып жатырмыз. Көрмеге 100-ден аса елдің баспасы келді. Бірнеше павильон қаз-қатар тұр, бірін аралап шығуға жарты күнің жетпей қалады. Мұнда небір тамаша кітаптар бар», дейді Шыңғыс Мұқан. Баспагер сонымен қатар балалар кітаптарының марапаттау рәсіміне қатысып, үлкен әсер алғанын да атап өтті.

Көрме барысында балалар әдебиеті сала­сындағы әлемдегі ең жоғары халық­аралық марапат – Андерсен сый­лығы лауреаттарының есім-сойы жариялан­ды. Биыл бұл мәртебелі сыйлықты бала­лар қаламгері Michael Rosen (Ұлы­бри­тания) иеленді. Ал иллюстрация бойынша Cai Gao (Қытай) еншіледі. Олар 44 елден ұсынылған 78 үміткердің ішінен халықаралық 10 сарапшыдан тұратын қазылар алқасы арқылы таң­дал­ды. Андерсен сыйлығы балалар қалам­герлеріне 1956 жылдан бері (1966 жыл­дан иллюстраторға) екі жылда бір рет бе­ріліп келеді. Биыл мәртебелі сый­­лықтың беріле бастағанына 70 жыл толды.

Соңғы жаңалықтар