Ұлттық орталық музейде «Ахмет Жұбанов: дәуір үні» деп аталған көрме ашылды. Тағылымды іс-шара көрнекті композитордың 120 жылдығына орай ұйымдастырылып отыр.
Өмірін халық музыкасымен егіз өрген даңқты дирижердің шығармашылықтағы ең бір жемісті жылдары Алматыда өтті. Музыка зерттеушісі 1967–1968 жылдары ғұмырының соңғы кезеңдерінде тұрған пәтер бүгінде шағын музейге айналған. Көрмеде ұсынылған түпнұсқа экспонаттар дәл осы Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мемориалды музей-үйі қорынан әкелінген.
Дәлірек айтқанда, көрмеде көрнекті тұлғаның сирек фотосуреттері, архивтік құжаттар, қолжазбалар, ғылыми еңбектер мен жеке заттарынан тұратын 120-ға жуық жәдігер ұсынылды. Олардың қатарында 1950 жылы шыққан неміс баспа мәшіңкесі бар. Бұл мәшіңкеге қазақ әріптері енгізілгенін көріп, қайраткердің сол кезеңнің өзінде-ақ ұлтқа қызмет етудің озық үлгісін көрсеткенін аңғарасыз. Сонымен қатар Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында қызмет атқарған кезде киген дирижерлік фрагы, 1934 жылы Эмануэл және Борис Романенколар жасаған домбырасы, ноталық еңбектері көрме маңызын арттыра түскен.
«Бізге жеткен естеліктерді саралай отырып, Ахмет Жұбанов өмірде өте қарапайым кісі болғанын байқаймыз. Тірі кезінде бір ғана мерейтойы аталып өтіпті. Мәселен, бүгінгі көрмеде сол 60 жылдық мерейтойында сыйға тартылған экспонаттар бар. Ахмет Жұбановтың өзінің қолданысында болған қол сағаты, үйде пайдаланған үстел сағаты, радиоқабылдағышы тұлға қолының табы қалған жәдігерлер санатында. Сағатта гравировка жазбасымен: «Естелік 60 жылдыққа Сапарғали және Зәмзәгүл» деген жазба бар. Ал қол сағатын Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (сол тұстағы ҚазПИ) сыйға тартқан. Сондай-ақ баспа мәшіңкесі – 1950 жылы Германияда шыққан», дейді Ахмет және Ғазиза Жұбановтар мемориалды музей-үйінің жетекшісі Рыскүл Сағатқызы.
Рыскүл Сағатқызының айтуынша, Ахмет Жұбанов қайтыс болғаннан кейін қызы Ғазиза Жұбанова сол пәтерге көшіп келеді. Даңқты тұлғаның өзі өнерге қосқан қызы әкесіне арналған музей ашуды перзенттік парызына баласа керек. Дегенмен ол бұл арманына жете алмай өмірден ерте өтті. Араға біраз жыл салып өзінің күйеуі, әйгілі режиссер Әзірбайжан Мәмбетов сол Ғазиза Жұбанованың арманының орындалуына мұрындық болған. Ол пәтермен бірге Жұбановтар–Мәмбетовтер отбасының мұрағатын мемлекет тарапына тапсырады. Кейін Ахмет Жұбановтың 100 жылдығына орай осы пәтер-музей болып есік ашқан. Аумағы 116 шаршы метрді құрайтын музей-үйінің қорында күні бүгін 4 мыңға жуық экспонат сақталған. Кейбір деректерде бұл үйде Жұбановтар әулетіне дейін академик Қаныш Сәтбаев тұрғаны айтылады.
АЛМАТЫ