Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету – маңызды жұмыстың бірі. Сол тұрғыда Жетісу өңірінде баспаналы болсам деген тұрғындардың дені онлайн кезек арқылы пәтерге ие болды.
Былтыр өңірде 412,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілген. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 11%-ға артық. Биыл ауданда 60 пәтерден тұратын екі көпқабатты тұрғын үй қолданысқа берілді.
Жаңа үйлер Сарқан ауданына қарасты Сарқан қаласының жаңадан бой көтеріп келе жатқан шағын ауданында орналасқан. Бес қабатты тұрғын үйлер заманауи талаптарға сай салынып, тұрғындардың жайлы өмір сүруіне қажетті барлық жағдай қарастырылған. Үйлерде бір, екі бөлмелі 30 пәтер, сондай-ақ үш бөлмелі, кең әрі жарық 60 пәтер бар. Баспаналар халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жататын азаматтарға берілді. Салтанатты іс-шара барысында жаңа пәтер иелерінің қуанышы мен ризашылығы ерекше сезілді.
Жалпы, Сарқан ауданында тұрғын үй құрылысы мұнымен тоқтап қалмайды. Аталған екі көпқабатты үйден бөлек, ауданның ауылдық елді мекендерінде 62 жеке тұрғын үй пайдалануға беруге толық дайын. Бұл бастамалар өңірде халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған жұмыстың жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын көрсетеді.
Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, өткен жылы кезекте тұрған 2166 азаматқа берілуге тиіс тұрғын үйлердің құрылысы тыңғылықты жүргізілді. Соның 1002-сі бүгінде жаңа қонысқа кіріп те үлгерді. Тұрғын үйді бөлу рәсімі «Отбасы банк» арқылы жүзеге асты.
Сондай-ақ Кербұлақ ауданының Сарыөзек ауылында «Самұрық-Қазына» инвестициялық холдингінің қаражаты есебінен салынған 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Қоныс иелері қатарында көпбалалы, толық емес отбасылар, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған жанұялар, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жастар, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Бұл – мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған нақты әлеуметтік қолдаудың айқын көрінісі.
Осылайша, Жетісу облысында тұрғындарды баспанамен қамту бағытындағы жүйелі жұмыс нақты нәтижесін беріп келеді. Әлеуметтік осал санаттағы азаматтарға қолжетімді әрі жайлы тұрғын үй ұсыну – өңірдің әлеуметтік саясатының басты басымдықтарының бірі.
Жетісу облысы