Трамвай – Павлодар шаһарының рәмізіне айналып үлгерген көлік. Рельсті көлік экологиялық жағынан да қауіпсіз. Облыс билігі вагондарды жаңартып, шеткері шағын аудандарға автономды трамвайлар жүргізу жобасына белсене кірісті.
Ел бойынша Павлодар, Өскемен, Теміртау қалаларында ғана трамвай жүреді. Алматыдағы трамвай паркі 2015 жылы жабылып қалған. Павлодарда рельсті көліктің келешегі зор. Олай дейтініміз, облыс билігі мен жергілікті трамвай паркі экологиялық жағынан тиімді көлікті дамытудың жолдарын іздестіріп жатыр. Ең әуелгі мақсат – парктегі ескірген вагондардың орнына жаңаларын сатып алу.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өңірімізге жұмыс сапарымен келгенде Павлодар қаласындағы трамвай жүйесін дамытуды жалғастырып, құрамдарды жаңартуды жеделдету қажеттігін тапсырған еді. «Меніңше, Павлодарда трамвайды сақтап қалу қажет. Егер қажет болса, жолдарды жаңғыртып, жаңа, дыбыссыз, трамвайлар сатып алу керек шығар. Бірақ травмай – өзінше тартымды көлік түрі. Еуропаның көптеген дамыған қаласында трамвайлар кедергісіз жүреді. Бұл – жергілікті тұрғындар ұнататын экологиялық және ыңғайлы көлік. Трамвай жүйесін дамытуды жалғастырып, құрамдарды жаңартуды жеделдету керек» деген еді Президент.
Павлодар қаласындағы трамвай жолдарының жалпы ұзындығы бүгінде 90 шақырымды құрайды. Көлік кәсіпорнының иелігіндегі 100-ден астам вагон жолаушыларға үзбей қызмет көрсетіп, ұйым ендігі арада жаңа бағыттарды ашуға талпынып отыр.
Жуықта «Д.Махмұдов атындағы Павлодар қаласының трамвай басқармасында» Беларусь елінен жеткізілген 10 жаңа трамвай вагонының алғашқы 4 вагоны таныстырылды. Барлық вагондар қауіпсіздік пен жайлылықтың заманауи жүйелерімен, салондағы температураны автоматты реттеу, бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған әрі мүмкіндігі шектеулі жолаушыларға барынша бейімделген. Жаңа трамвайлардың ескілерімен салыстырғанда сыйымдылықтары да жоғары, бір мезетте 36 адам адам отырса, тағы 120 адам түрегеп тұрған күйі жол жүре алады.
Трамвай паркінің мәліметінше, қазір трамвай желісінде 109 трамвай қатынайды, оның ішінде 70 вагонның пайдалану мерзімі өткен. Алдағы бірнеше жылда ескірген 65 вагонды ауыстыру, қалғандарын кезең-кезеңімен жаңғырту жоспарланып отыр.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, біз трамвайларды сақтап қана қоймай, оларды одан әрі дамытудамыз. Бұл – экологиялық жағынан таза, павлодарлықтар мақтан тұтатын өз ырғағы бар тіршілік тынысы. Бүгін жаңа трамвайдың біріне мініп, ерекше әсер алдым. Биыл біз Беларусь елінен 10 вагон сатып алдық, оның 4-еуі қалаға жеткізілді. Алдағы уақытта 109 вагонның 65-ін жаңартып, қалғандарын жаңғырту көзделген. Сонымен қатар Достық шағын ауданында жаңа трамвай желісінің құрылысы басталады. Жаңа трамвайлар жайлылығымен, кеңдігімен, тыныш жүрісімен ерекшеленеді. Әрі 20 шақырымға дейін автономды жүре алады. Сонымен қатар қалаға жаңа әрі заманауи 15 автобус жеткізілді. Олар №18, №27 бағыттарына шығарылады. Экологиялық Еуро-5 стандартына сай келетін бұл көліктерді Павлодар автокомбинаты сатып алды. Жалпы алғанда, Павлодардың автобус паркі толықтай жаңартылды деуге негіз бар. 2022 жылдан бері 260 автобус алынып, бүгінде олар қала тұрғындарының жайлылығына қызмет етуде, – деп атап өтті облыс әкімі Асайын Байханов.
Өңір басшысының айтуынша, жаңа трамвайлар жаңа бағытты іске қосуға да мүмкіндік береді. Биыл Достық шағын ауданында ұзындығы 5 км болатын жаңа трамвай желісінің құрылысы басталмақшы. Жаңа желі бойынша мердігер анықталған, жер жағдайы мүмкіндік берген бойда іске кіріседі. Жоба техникалық тұрғыдан күрделі болғандықтан, оны келесі жылғы жаздың соңына дейін толық аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Аумаққа электрлі байланыс желілерін ұстап тұратын бетон бағандар салудың қажеттілігі жоқ көрінеді. Трамвай паркінің хабарлауынша, аталған бағытта жаңа әрі автономды түрде жұмыс істейтін вагондар жолға шығады. Шаһардың оңтүстік-батыс бөлігінде жаңадан салынып жатқан Достық шағын ауданына келер жылы трамвай көліктерінің жүре бастайтыны туралы жаңалық жергілікті тұрғындарды қуантып отыр.
Тағы бір атап өтетін мәселе, Екінші Павлодар шағын ауданында трамвай жүргізу көптен бері қозғалып келе жатыр. Себебі бұл аумақтағы тұрғындар автобус маршруттарының аздығына, олардың межелі уақытынан көп кешігетініне жиі шағымданатын еді. Әсіресе қыс мезгілінде проблема көп туындайды. Егер трамвай тармағы салынса, жолаушылардың жүріп-тұруы жеңілдей түседі.
Жалпы, кейінгі жылдары облыс орталығындағы көше жолдарының инфрақұрылымы заманға сай реттеліп келеді. Мәселен, биыл жалпы ұзындығы 45 км болатын 22 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланған. Оның ішінде қаланың негізгі магистральдары – Академик Сәтбаев, Катаев, Қайырбаев, Кривенко, Мәшһүр Жүсіп, Бұқар жырау, Естай көшелері мен тағы да басқа аумақтар қамтылған.
Ал Ертіс өзені үстімен өтетін жаңа көпірдің құрылысы бүгінде 40 пайызға орындалған. Жаңа көпірдің аралықтарын қыркүйек айында түйістіру жоспарланып отыр. Қазір көпірдің бірнеше тірегіне 276 метрлік аралық құрылымдар орнатылғанымен, әзірше өзара жалғанбаған. Құрылысқа жалпы саны 288 адам мен 88 арнайы техника жұмылдырылған.
– Қыркүйек айында барлық аралық құрылымды түйістіруді жоспарлап отырмыз, одан кейін болат арқандарды тарту жұмыстары басталады. Сондай-ақ әрбір аралық құрылымда биіктігі 20 метр болатын пилондар бар. Бұған қоса, аспалы (вантты) жүйе орнатылып, екі жағынан 10 болат арқаннан тартылады, — дейді «BI Group» компаниясының жол инфрақұрылымы дивизионының техникалық директоры Қанат Көшербаев.
Барлығы ойдағыдай болса, қазан айында көпірде асфальт төсеу және абаттандыру жұмысы басталады. Атап айтқанда, жарық шамдары мен қоршаулар орнатылып, жаяу жүргіншілер жолы салынады. Бұған қоса жаңа көпірді сәндік жарықпен безендіру де жоспарда бар. Ол үшін «Philips» компаниясы тартылған. Жоба аясында көпірдің төменгі бөлігіне, аспалы арқандары мен қоршауларына динамикалық жарық жүйесін орнату қарастырылған.
Павлодар облысы