• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Қоғам Бүгін, 08:27

Қоныс аударушыларға қамқорлық

120 рет
көрсетілді

Ұлытау облысының құрамына бар болғаны екі аудан кіреді. Соның бірі – Ұлытау ауданы. Ауданға кейінгі үш жылда 46 от­басы 166 мүшесімен қоныс аударды. Ал биылдың өзінде аудан орталығы Жезді кенті мен Егінді, Қарсақбай ауылдарына алғашқы ерікті түрде қоныс аударушылар келе бастады.

Кейінгі екі жылда ­ауданда 68 тұрғын үй салынды. Был­тыр Ұлытау селосында 32 пәтерлі, 10 пәтерлі екі тұрғын үй, Жезді мен Қарсақбай кенттерінде бір­неше баспана салынып, кезең-кезеңімен пайдалануға беріл­ді. Сонымен қатар мамандарды тарту мақсатында аудан орталы­ғында 12 орындық жатақхана ашылды.

Елді мекендерде демогра­фиялық жағдайды орнықтыру, еңбек әлеуетін арттыруда адам санын, соның ішінде түрлі сала­дағы мамандар қатарын толық­тыру аса маңызды мәселе болып отыр. Өткен ғасырдың тоқса­ныншы жылдарындағы тоқы­рау шалғай ауылдарды ғана емес, өнеркәсібі шалқып тұрған кент орталықтарын да тұралатып тас­тады.

Жезді кентінде 1997 жылға дейін 9000-12000 қаралы халық тұрған. Ғасырлар тоғысында бұл көрсеткіш белгілі себептермен күрт төмен түсе бастады. Қазір мұнда бар-жоғы 2500 тұрғын қалды. Осы тұрғыда оңтүс­тіктен солтүстікке қоныс аудару мемлекеттік бағдар­ла­ма­сын Үкімет уақты­лы қа­был­дады. Себебі бағдар­ла­мада маман кадрлар, жұмыс күші жетіспеушілігіне қатысты көп­теген жеңілдік қарастырыл­ған.

Жезді кентінде бағдарлама 2022 жылдан бастап жүзеге аса ­бастады. Қазір кентте тұ­рып жатқан жеті отбасы осы бағдар­лама аясында көшіп келді. Бірі Жезді кенті ауруханасында дәрігер, енді бірі мектепте физика, химия, математика пәні­нің мұғалімдері болып жұмыс істей­ді. Көшіп келгендерге мемле­кет есебінен қызметтік пәтер, жұ­мыс беріліп отыр. Қызметтік пәтер алғандар тек қолданылған қыз­мет түрлеріне төлем жасайды. Қо­ныс аударған отбасы мүшелері­не біржолғы жәрдемақы бері­леді. Алдағы уақытта қажет деп санаса, берілген үйдің жарты ақша­сын үкімет төлеп береді, жарты ақша­сын өзі салады. Егер үй жалдайтын болса, жалдау ақысы мемлекет есебінен төленеді.

Жақында Түркістан облысынан қоныс аударған информатика пәнінің мұғалімі үй сатып алып, осында қалатынын жергілікті әкімшілікке мәлім етті. Әйелі де химия пәнінің мұғалімі. Қос маманның кентте тұрақтап қалуы, әлбетте қуантарлық жағдай.

Жақында Жезді кентіне қоныс аудару бағдарламасы бойынша көшіп келген екі отбасына Ұлытау ауданы әкімінің орынбасары Алмат Сакипов жаңа тұрғын үйдің кілтін табыстады. Отбасыларға мемлекет тарапынан жан-жақты қолдау көрсетіліп, тұрақты жұмыспен қамтылды. Жас отбасылар негіз­гі қызметпен қатар қосымша кә­сіп бастап, ауданның әлеумет­тік-экономикалық дамуына өз үлестерін қосуды мақсат етіп отыр. Балалары мектеп пен бала­бақшаға орналастырылып, түрлі үйірмеге жазылды.

2024 жылға дейін Жезді кен­тінде жаңадан үй салынбаған. Қазір кентте инженерлік жүйе­лерімен қамтылған заманауи жер үйлер салынып, 14  пәтер қол­данысқа берілді. Сонымен қатар Жезді кентінде жаңадан пайдалануға берілген спорт ке­шеніне білікті мамандар тарту мақсатында құрылысы аяқтал­ған тағы бір екі пәтерлі тұрғын үйді бағдарлама аясында қоныс аударып келген отбасыларға табыс­тау жоспарланып отыр. Осы бағыт­та ауданнан оңтүстік өңірлерге бос жұмыс орындары жәрмең­кесі­не арнайы делегат жібері­ліп, жүйелі түрде түсіндіру, насихат жұмыстары қолға алынған.

Ұлытау ауданына қарайтын Қарсақбай кентіне де көшіп келген бес отбасы жаңа ортаға бейімделіп, еңбек етіп жатыр. Биыл оңтүстік өңірден қоныс ­аударып келген ал­ғаш­қы азаматтың бірі Ербол Тастамбеков. Ерікті түрде қоныс аудару бағдарламасы бойынша көшіп келген отбасына жаңа тұрғын үй табысталды.

«Өзім электрик мамандығы бойынша жұмысқа орналасуға құжаттар дайындап жатырмын. Жұбайым Нағима әзірге үй шаруасында. Үш балам мектепке орналасты, біреуі үйде, анасы­ның тәрбиесінде. Алдағы уақытта мал шаруашылығын дамытып, өз кәсібімді ашуды жоспарлап отырмын, – дейді көпбалалы отбасының отағасы.

Биыл да жақсы іс жалғасын тауып, Ұлытау ауданы орталығында, Жезді, Қарсақбай кенттерімен қатар Байқоңыр ауылында да жаңа тұрғын үйлердің құрылысы бас­тал­мақшы. Бұл – халықтың тұр­мыс сапасын жақсартып, елді ме­кендердің дамуына серпін береді.

 

Ұлытау облысы 

Соңғы жаңалықтар