• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Энергетика Бүгін, 08:22

Импорттан арылу мүмкіндігі

30 рет
көрсетілді

Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов келесі жылға қарай ішкі сұранысты толық қам­тама­сыз етуге мүмкіндік беретін бір­қатар ірі жоба жүзеге асырылып жат­қанын айтты. Курчатовта жаңа станса, Екібастұзда МАЭС-3 салу жос­парланған. Қолда­ныс­тағы нысандарды жаңғырту да жал­ғасып жатыр. Бұған қоса Көк­шетау, Семей мен Өскеменде үш жаңа жылу электр орталығы 2032 жылға дейін салынады. Жоба­ларға «Самұрық-Қазына» тап­сырыс беруші ретінде қатысады.

Сарапшылардың айтуынша, электр энергиясына сұраныс жыл сайын артып келеді. Өнер­кә­сіп, құрылыс, тұрғын үй-ком­муналдық шаруашылық пен цифрлық сектор дамыған сайын қосымша қуат көздері қажет. Генерациялайтын қуаттардың шамамен 60 пайызы 30 жылдан астам уақыт бұрын іске қосыл­ған. Тозған жабдықтар жүйенің мүмкіндігін шектеп отыр.

Энергетика сарапшысы Әсет Наурызбаев тапшылық әсіресе қыс мезгілінде күшейетінін айтады. Оңтүстік өңірлерде тұтыну көлемі қолдағы қуаттан асып түседі. Осындай кезеңдерде жүктемені теңестіруге көрші елдерден электр энергиясы сатып алынады. Оның айтуынша, биыл қосымша 621 МВт қуат іске қосылады. Оның басым бөлігі жаңартылатын энергия көздері есебінен қамтамасыз етіледі.

Маман мәселені шешу мақ­са­тында жаңа стансалар салу­мен қатар қолданыстағы инфра­құрылымды жаңарту қажет екенін айтады. Электр желілеріндегі шығын кей өңірлерде 17 пайызға дейін жетеді. Бұл – ірі станса­ның қуатына тең көрсеткіш. Сон­дықтан желі­лерді жаңғырту, цифр­лық тех­нологияларды ен­гізу мен энер­гия тиімділігін арт­тыру маңызды.

Сарапшылар алдағы жылдары 6,7 ГВт болатын ондаған жобаны іске қосу жоспарланып отырғанын айтады. Ұзақмерзімді жоспарға атом электр стансасын салу да кіреді. Алайда мұндай нысандар іске қосылғанша қол­дағы қуатты сақтау басты міндет болып қала береді.

Мамандардың пікірінше, еліміз әзірге дәстүрлі энергия көздерінен толық бас тарта алмайды. Елдегі электр энергиясының шамамен 70 пайызы көмірмен жұмыс істейтін стансаларда өн­діріледі. Жаңартылатын энергия көздері дамып келе жатқанымен, олардың үлесі әлі жеткіліксіз.

Сала өкілдері жаңа қуат көздерін кезең-кезеңімен іске қосу арқылы импортқа тәуел­ділікті азайтуға болатынын айтады. Бірақ бұл үшін инфра­құрылымды жүйелі жаңарту мен ұзақмерзімді инвестиция қажет.

Соңғы жаңалықтар