Қазақстан ауыл шаруашылығы жерлерінің көлемі жағынан әлемдегі жетекші елдердің қатарына қосылды. БҰҰ-ның Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының соңғы деректерін негізге алған Дүниежүзілік банк мәліметіне сүйенсек, еліміз бұл көрсеткіш жөнінен әлемде алтыншы орында тұр. Қазақстан бұл ретте Қытай, Америка Құрама Штаттары, Аустралия, Бразилия, Ресей секілді мемлекеттерден кейін орналасқан.
Айта кетерлігі, бұл аумақтың құрамына тек егістік жерлер емес, сондай-ақ еліміздің ауыл шаруашылығы алқаптарының басым бөлігін құрайтын ұшы-қиыры жоқ жайылымдар да кіреді. Бұл аграрлық артықшылық елімізді өз жерін мүмкіндігіше қарқынды түрде өңдеп, кәдеге тиімді жаратып отырған бірқатар аграрлық державадан көш ілгері көрсетіп тұр.
Әлем елдері ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруде өздеріне тән бағыттарға маманданған. Мәселен, АҚШ жүгері өндіруден көш бастаса, Бразилия соя мен қант қамысы өндірісі бойынша алда келеді. Ал Аустралия бидай экспорттайтын ірі мемлекеттердің бірі ретінде оқ бойы озық тұр. Біздің ел дәстүрлі түрде дәнді дақылдар, ең алдымен, бидай мен арпа өсіруге басымдық береді. Дегенмен кейінгі жылдары егіс құрылымы біртіндеп өзгеріп жатыр.
Елімізде ауыл шаруашылығын әртарапзтандыру стратегиясы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, мемлекет бидай алқаптарын қысқартып, табысы жоғары дақылдардың үлесін арттыруға ден қойып отыр. Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдегендей, басымдық майлы және малдың азығына жарар дақылдарға, сондай-ақ арпа мен картоп өсіруге беріледі.
Соңғы деректерге сәйкес, еліміздегі жалпы егіс көлемі 23,8 млн гектарды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 180 мың гектарға кеңейген. Сонымен қатар бидай алқабы 125 мың гектарға қысқарып, шамамен 12,1 млн гектарды құрады. Осы кезеңде, керісінше майлы дақылдар, мал азығы дақылдары, арпа егілетін аумақтар көбейген. Мұндай өзгеріс ауыл шаруашылығының тиімділігін арттыру, климаттық жағдайға бейімделу, астықтың әлемдік бағасындағы құбылмалылыққа тәуелділікті азайту қажеттілігімен байланысты болып отыр. Сарапшылардың пікірінше, табысы жоғары дақылдарға көшу аграрлық секторды дамытудағы маңызды қадам саналады.
Осылайша, қомақты жер ресурсына ие еліміз аграрлық моделін кезең-кезеңімен жаңғыртып, тұрақтылыққа, рентабельділікке және өндірісті әртараптандыруға басымдық беріп отыр. Жалпы, агроөнеркәсіп кешені кейінгі жылдары тұрақты өсім көрсетіп, елдің әлемдік астық нарығындағы позициясын нығайта түсті. Өндіріс көлемінің артуы мен экспорт географиясының кеңеюі аграрлық сектордың жаңа сапалық деңгейге өткенін аңғартады.
Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз қызметі ұсынған мәліметке көз жүгіртсек, мемлекеттік қолдау шараларының, заманауи агротехнология енгізілуінің және қолайлы ауа райы жағдайының нәтижесінде, Қазақстан екі жыл қатарынан рекордтық астық өнімін жинады. Өткен жылы орташа өнімділік гектарына 16,3 центнерді құрап, жалпы 25,9 млн тонна астық жиналды. Оның ішінде бидай көлемі 19,3 млн тоннаға жетті. Өндірістегі өсім экспорт көлемінің ұлғаюымен қатар жүріп жатыр. 2024-2025 сауда маусымының қорытындысы бойынша астық пен ұнның астық баламасындағы экспорты 15,3 млн тоннаны құрап, бір жылда 60 пайызға артқан. Бұл еліміздің сыртқы нарықтағы сұранысының жоғары екенін көрсетеді.
Сонымен қатар жедел деректер де оң динамиканы айқындайды. «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының мәліметіне сәйкес, былтырғы қыркүйек пен биылғы наурыз аралығында астық және ұн экспорты 8,9 млн тоннаға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1 млн тоннаға артқан. Бұл көрсеткіш экспорт қарқынының сақталып отырғанын дәлелдейді.
Негізгі экспорт бағыттары ретінде дәстүрлі нарықтар – Орталық Азия елдері алдыңғы орында тұр. Атап айтқанда, Өзбекстанға жеткізілім 14 пайызға өссе, Қырғызстанға экспорт 1,8 есеге артқан. Ауғанстан мен Түрікменстан бағытында да айтарлықтай өсім байқалады. Бұл өңірлік сұраныстың тұрақты екенін көрсетеді. Кейінгі жылдары астық Вьетнамға, Біріккен Араб Әмірліктеріне, Солтүстік Африка елдеріне экспорттала бастады. Бұған қоса Иран, Әзербайжан, Грузия бағыттары қайта жандана түсті. Еуропа елдеріне жоғары сапалы durum және Hi-Pro бидайы жеткізіледі. Қытай бағыты да қарқынды дамып келеді. Былтыр мал азықтық ұн экспорты 2,9 млн тоннаға жетіп, бір жылда 2,4 есеге өскен. Бұл көрші нарықтағы сұраныстың артып отырғанын білдіреді.
Жалпы, мемлекетіміз ауыл шаруашылығы өнімдерін әлемнің 70-тен аса еліне экспорттайды. Кейінгі бес жылда агроөнеркәсіп кешені экспорты 1,8 есеге өсіп, 7 млрд долларға жеткен. Өткен жылдың өзінде экспорт көлемі 36,9 пайызға артты.
Сарапшылардың бағалауынша, экспорт құрылымында өңделген өнім үлесінің 51 пайыздан асуы да – маңызды көрсеткіш. Бұл еліміздің тек шикізат жеткізуші емес, қосылған құны жоғары өнім өндіруші елге айналып келе жатқанын көрсетеді.
Осылайша, өндіріс көлемінің артуы мен логистикалық мүмкіндіктің кеңеюі мемлекетімізге астық экспортын тұрақты түрде өсіруге мүмкіндік беріп отыр. Ал нарықтарды әртараптандыру мен мемлекеттік қолдау шаралары аграрлық сектордың бәсекеге қабілеттілігін арттырып, елдің әлемдік азық-түлік нарығындағы орнын одан әрі күшейте түспек.