Қазіргі жас буын цифрлық технологияларды еркін қолданып, жаңа мүмкіндікті батыл игеріп келеді. Бүгінгі оқушылар тек тұтынушы емес, тың идея ұсынып, нақты өнім жасап жүрген жасампаз ортаға айналды. Осындай талапты жастың бірі – Алматы қаласындағы №214 жалпы білім беретін мектептің 11-сынып оқушысы Нұрлыхан Майлин. Ол 17 жасында қазақ тілін үйрететін «SayRa» мобильді қосымшасын жасап шықты. Жас әзірлеуші бұл жобасы арқылы мемлекеттік тілді заманауи форматта меңгертудің жаңа жолын ұсынып отыр.
Қызық болғанда, жас стартапшының ІТ-саласына қызығушылығы шахматтан басталған. Бес жасынан бастап зияткерлік ойынға бет бұрып, стратегия құруды, есептеуді үйренген. Кейін тіпті өзі оқитын лицейде шахмат клубын да құрған.
Алайда уақыт өте келе, жоғары сыныпқа өткен сайын бос уақыттың азайғанын сезінеді. Бірнеше бағытты қатар алып жүру қиындай бастайды. Уақытты тиімді пайдаланып, IT-саласына көбірек көңіл бөлу мақсатында, 10-сыныпта жалпы білім беретін мектепке ауысады. Бұл қадам оның әлеуетін ашуға мүмкіндік береді. Жаңа мектепте ол оқушылар сеніміне ие болып, мектеп президенті атанады. Ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп, түрлі іс-шара өткізіп, орта қалыптастыруға үлес қосады.
Мектеп өмірінде ол маңызды бірнәрсені байқайды. Яғни қатарластары шет тілін түрлі қосымша арқылы қызыға үйренеді. Ал қазақ тіліне келгенде мұндай заманауи құралдар жоқтың қасы. «Неге ана тілімізді де дәл сондай қызықты форматта үйренбеске?» деген ой оны мазалай бастайды. Сөйтіп, осы сұрақ «SayRa» жобасының бастауына айналады.
11-сыныпта көпшілік оқушы ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалады. Ал Нұрлыхан болса басқа жолды таңдады. Сыныптастары ҰБТ-ға қызу кірісіп жатқанда, ол мобильді қосымша жасаумен айналысты. Бірақ ол өз таңдауына сенді. Айтуынша, бұл оның IT-саласындағы алғашқы жобасы емес. Бұған дейін онлайн күнделік жасау арқылы тәжірибе жинап үлгерген.
«SayRa» қосымшасының ерекшелігі – оның толықтай жеке еңбекпен жасалуы. Жоба барысында ол ешқандай команда жинамаған. Инвестор да тартпаған. Барлық техникалық жұмысты өзі орындап, жеке қаражатын жұмсаған.
Қосымшаны әзірлеу, тестілеу, App Store-ға шығару – әр кезеңі күрделі үдеріс. Әсіресе платформаға орналастыру талаптары мен тексерістері оңай болмаған. «Apple»-дің қатаң талаптарынан өтіп, халықаралық стандарттарға сай өнім жасап шығарды. Қазіргі таңда «SayRa» қосымшасын 500-ге жуық адам жүктеп үлгерген. Ең қызығы, шетелдік қолданушылар да қызығушылық таныта бастаған. Демек, бұл жобаның әлеуеті бар.
Жоба мұнымен тоқтамайды. Керісінше, енді ғана дамудың бастапқы кезеңінде тұр. Нұрлыханның алдағы жоспарлары: қосымшаға AR технологиясын енгізу, камера арқылы сөз аудару мүмкіндігі, интерфейсті ағылшын, қытай тілдеріне бейімдеу, толыққанды ұлттық цифрлық өнімге айналдыру.
«Көп оқушы ҰБТ-ны білімнің толық көрсеткіші секілді көреді. Болашағымыз тестілеуге тікелей байланысты деп ұғады. Бірақ олай ойламаймын. Бұл тек бір кезең ғана. Егер нақты идеяң болса, оны кейінге қалдырмай, дәл қазір бастау керек. «SayRa» – жай қосымша емес. Бұл – қазақ тілін жаңа форматта ұсынуға қосқан үлесім. Болашақта оны үлкен экожүйеге айналдырғым келеді», дейді ол.
Мектепті аяқтаған соң ол Astana IT University-ге түсуді жоспарлап отыр. Әрине бұл жобаны кәсіби деңгейге көтерудің келесі сатысы болмақ. Сонымен қатар оқушы отандық инвесторлармен жұмыс істеуге дайын. Өйткені кез келген стартаптың өсуіне қолдау мен орта қажет.
Жас әзірлеушінің бұл қадамы қатарластарына нақты әрекет арқылы үлгі болары анық. Оның бастамасы қазақ тілін үйренуді жаңа деңгейге шығарып, цифрлық ортадағы қолданысын кеңейтуге серпін бермек. Бастысы, ол технологияны тұтынудың емес, оны ұлттық мазмұнмен байытудың жолын таңдады. «SayRa» – жеке жоба ғана емес, ұлттық құндылықты заманауи форматта жаңғыртудың бір көрінісі. Бүгінгі оқушының бастамасы ертеңгі ірі экожүйеге айналуы да ғажап емес. Ең маңыздысы – осындай талапты жастардың көбейіп, қоғамға жаңа серпін әкелуі.