• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Digital Бүгін, 08:35

Цифрлық кеңістіктегі қазақ тілі

20 рет
көрсетілді

Жаңа қабылданған Конституция тұңғыш рет қазақ тілін­де әзірленіп, мемлекеттік мүдденің ұлттық мұратпен сәйкестігін көрсетті. Өйткені бұл құжат – құқықтық акт қана емес, елдік сананың даму арнасын айқындайтын тұрлаулы тұжырымдама. Оның мемлекеттік тілде жазыл­ғаны өзге де салаларға үлгі болуға тиіс.

Бірақ бұл үрдістің цифрлық кеңіс­тік­тегі көрінісі әркелкі. Біз осы жолы ресми органдардың сайттарына тоқталғымыз келіп отыр. Көпке топырақ шашудан аулақпыз, дегенмен құқықтық салмағы бар әжеп­тәуір порталдарда қазақша орашолақ жазылған материалдарды көріп көңіліміз түседі. Пунк­туациялық қате­лерді есепке алмағанда, сөзі жай­дақ, сөйлемі сойдақ мәтін­дерден мәйекті мағынаны сүзіп алу қиын. Кейбір ақпараттар­ көрші елдің тілінен көзсіз кө­шірілгені анық аңғарылады. Ондай сапасыз жазба, әлбет­те, дұрыс оқылмайды. Қара­лы­мы өте аз болады. Қандай да бір ресми ақпаратты қазақ тілін­де тұшынып оқи алмаған адам еріксіз басқа тілдегі нұс­қаға жүгінеді. Осы та­қы­рып төңірегінде пікір білдіріп жүр­ген қоғам белсендісі Қуаныш Әділханұлы мына мәселеге назар аударуды сұ­­­райды. Оның айтуынша, ресми сайт­тар­­дың құ­­рылымы әлі де мемлекеттік тілдің то­­­лық­­қанды қолданылуына бе­йімделмеген.

«Мәселен, салық төлеу­ші­­лерге арналған қызмет­тер порталын алайық. Сілтемесі былай рәсімделген: «cabinet.kgd.gov.kz». Мұндағы «kgd» атауы орыс тіліндегі «комитет государственных доходов» тіркесінен алынған. Бұл порталдың бастапқыда орыс тілінде әзірленіп, кейін қазақ тіліндегі нұсқасының қосылғанын білдіреді», дейді Қ.Әділханұлы.

Уәжді сөз. Біз өз тара­пы­­­­мыздан «Біріңғай жинақтақ­таушы зейнетақы қорының» сайтын да жоғарыдағы санатқа қосқымыз келеді. Интернет-ресурста бұның сілтемесін «enpf.kz» деп табасыз. Бұл да «единый накопительный пенсионный фонд» тіркесінің аббревиатурасы.

Коллажды жасаған – Зәуреш СМАҒҰЛ, «EQ»

Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтер арқылы лицензиялар мен рұқсат құжаттарын онлайн түрде алу мен рәсімдеуге арналған цифрлық жүйе бар. Сайтының атауы – «e-License.kz». Ағылшын тілінен енген «рұқсат», «еркіндік» мағы­на­сына саяды. Тілімізді ағыл­шынша бұрап айтқаннан гөрі, жүйені «e-Ruqsat.kz» дей қойсақ, иманымызға қай­шы емес қой? Кейбір «да­ны­­шандар» қазақ­тың төл әріп­терінен құралған сөзді сайттың, мекеменің ресми атауына жақындатқысы келмей­ді. Бақсақ, өзге тілді пай­дала­нушыларға қиын соғатын көрінеді. Бірақ азаматтардың мемлекеттік органдарға хат жол­дайтын платформаны орыс та, ойрат та емін-еркін «e-Otinish» деп айтып жүр ғой. Оно­мастика саласының ға­лым­дары да ағылшын сөз­де­рін жөн-жосықсыз тіркей беру тілге қатты зиян шектіреті­нін ай­тудай-ақ айтып келеді. ­Бірақ ағылшынша сөз қосылған атау «заманауи», «беделді» көрініп, қағынан жеріген құландай жүрген күйіміз осы.

Тағы бір мәселе. Мемле­кет­тік интернет-ресурстарда қызметтер үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) ұсынылады. Бұл қолжетімділік тұрғысынан оң қадам екені анық. Алайда соған қарамастан, аталған ре­сурстардың басым бөлігінде басты бет әдепкіде орыс тілін­де ашылады. Қазақ тіліндегі нұсқаға өту үшін пайдаланушы тінтуірін тағы да түртуі керек. IT-мамандары бұның себебі – еліміздегі мемлекет­тік сайттардың архитектурасы көптілділік функциясына бейімделмегенінде дей­ді. Сала сарапшысы Гүлжан Төлеуқызы цифрлық жүйенің логикасын былай түсіндіреді:

«Көп жағдайда сайттың құры­лымы бір тілге негізделіп жасалады да, қалған тілдер со­ған тәуелді күйде жұмыс іс­тейді. Яғни қазақ тіліндегі нұс­қа дербес өнім ретінде емес, негізгі нұсқаның қосымша­сы ретінде қарастырылады. Соның салдарынан ақпарат бір тілде жаңарса, екіншісінде кешігіп беріледі немесе сол күйі қалады», дейді маман.

Бұл әсіресе контентті бас­­­­­қа­­ру жүйесінде анық кө­­рі­неді.

«Ақпаратты жариялау, жаңар­ту және түзету үде­ріс­­тері әр тілде бөлек-бө­лек жүр­гізіледі. Ортақ бай­ла­ныс бол­маған соң, бір мате­риал­дың бірнеше нұсқасын қатар ұстап тұру қиындайды. Нәтижесінде, қазақ тілін­дегі мазмұн көбіне кейін қа­лып қояды», дейді Гүлжан Төлеуқызы.

IT-маманы сайт жүйесін жаңаша жобалау керектігін алға тартады. Бірнеше тілде тең синхрондалатын жүйе­ні жасақ­тай алсақ, ақпарат қазақша да, орысша да бір­дей деңгейде әрі уақтылы оқылады. Хош, қанша жерден сайттың ішкі жүйесін әңгіме еткенімізбен, түпкілікті жауапкершілік қашан да адамда ғой.

«Қолында Мәрияның өткір қайшы» дегендей, бұқара ха­лыққа жарияланатын әр­бір материал редактордың қо­лы­мен түзеліп, қателігі күзе­ліп отыруға тиіс. Қазір мем­лекеттік тілде дұрыс сөй­леу һәм жазу бағытында, тер­минологиялық және құжат­тамалық бірізділікті қа­лыптастыру мақсатында бір­қатар онлайн платформа жұмыс істейді. Мемлекеттік органдағы баспасөз хатшысы білмейтін сөзін, таппаған терминін сол ресурстардан оп-оңай қарап алса болады. Былайша айт­қанда, бұл – ашық әрі қолжетім­ді анықтамалық құрал­дар. Осындай жобаларды жүзеге асырып отырған «Шайсұл­тан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылы­ми-практикалық орталығы». Орта­лықтың қоғаммен байла­ныс бөлімінің менеджері Жарқын­бек Жұмаәділ бұл ресурстардың маңызын бы­лай түсіндіреді:

«Бұл платформалар ең ал­дымен практикалық қол­да­ну­ға бағытталған. Яғни мә­тін ­дайындайтын маманға күн­делікті жұмыста нақты көмек беретін құралдар. Мәселен, «Termincom.kz» – ғылым, білім, техника, экономика және қо­ғам­дық-әлеу­меттік саладағы терминдер­дің бірыңғай рес­пуб­ликалық базасы. Мұнда бекітілген атау­ларды қарап қана қоймай, жаңа терминдерді саралауға да мүмкіндік бар. «Emle.kz» – дұрыс жазу нормаларын тексеруге арналған ыңғай­лы құрал. Кез келген сөзді те­ріп, емлесін нақтылауға бо­лады. Ал «qujat.kz» сайтында қазақ тіліндегі құжат үлгілері топтастырылған. Қа­жетті құ­жат­ты қарап, со­ған сүйеніп жұмыс істеуге мүм­кіндік бар. Ал «qujat.kz» – іс қағаздарын қазақ және орыс тілдерінде сауат­ты әзірлеу­ге арналған үлгі­лер базасы. Мұнда түрлі құ­жат­тардың дайын нұсқалары мен олар­ды толтыруға қатысты ұсы­нымдар берілген», дейді Жарқынбек Жұмаәділ.

Сайып келгенде мұндай ресурстарды тиімді пайда­лану қа­зақ тіліндегі ресми жаз­балар­дың сапасын арттыруға және контент дайындайтын маман­дардың кәсіби деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Соңғы жаңалықтар